YouVersion Logo
Search Icon

Елшіл. істері 19

19
Жақия жолындағы шәкірттердің Мәсіхке мойынсұнып, Киелі Рухты қабылдауы
1Аполлос Қорынтта болған кезде, Пауыл Кіші Азияның таулы өңірлерін аралап жүріп, соңында Ефеске жетті.#19:1 18:21. Сол жерде ол Иеміздің бірнеше шәкірттеріне кездесті. 2Пауыл олардан:
— Сендер сенген кезде Киелі Рухты қабылдадыңдар ма? — деп сұрады. Шәкірттер:
— Киелі Рухтың бар екендігі туралы естіген де емеспіз, — деп жауап берді. 3Ал Пауыл:
— Кімнің суға шомылдыру рәсімінен өттіңдер? — деп сұрады. Олар:
— Жақияның рәсімінен, — деп жауап қайтарды.#19:3 18:25. 4Сонда Пауыл былай деп түсіндірме берді:
— Жақия адамдарды теріс жолдан қайтарып шомылдыру рәсімінен өткізгенде оларға: «Менен кейін келетін Кісіге сеніңдер!» деп айтты.#19:4 13:24; Мар 1:4,7-8; Жох 1:7,26-27. Сол Кісі Иса болатын.
5Шәкірттер осыны естігенде Иеміз Исаның атымен#19:5 Яки: Иеміз Исаға мойынсұнып. шомылдыру рәсімінен өтті. 6Пауыл үстеріне қолын қойғанда, оларға Киелі Рух қонды; содан бұлар бөтен тілдерде сөйлеп, Құдайдың хабарларын жеткізе бастады.#19:6 Немесе: пайғамбарлық сөздер айта бастады (8:17; 9:17; 10:45-46; 21:9-10; Қор1 14:1). 7Олардың барлығы шамамен он екі ер адам еді.
Құдайдың құдіретінің Ефестегі сиқырлықтан үстем болуы
8Пауыл үш ай бойы мәжілісханаға барып, именбей, емін-еркін уағыз айтып, адамдармен сөйлесіп, Құдай Патшалығы туралы шындыққа сенерліктей дәлел келтіріп берді. 9Алайда кейбіреулері қасарысып, Иемізге сенгісі келмей, Оның ізгі жолына ел алдында тіл тигізе бастады. Сонда Пауыл бұлардан бөлініп кетті де, Иеміздің шәкірттерін олардан айырып алды. Бұдан былай ол Тиран есімді кісінің дәрісханасында күн сайын тәлім беріп жүрді. 10Бұл екі жылға созылып, яһудилер болсын, гректер болсын Азия аймағының барлық тұрғындары Иеміз туралы Ізгі хабарды естіді. 11Құдай Пауыл арқылы айрықша құдіретті кереметтер де жасады: 12адамдар тіпті Пауылдың жұмысқа киген алжапқышын немесе беторамалын алып, науқастардың үстіне жапқанда, олар ауруларынан айығып, бойларын буған жындарынан құтылды.
13Ал ел аралап, адамдардан жындарын қуып шығарушы кейбір яһудилер жын буғандар үшін дұға оқып, Иеміз Исаның атын қолдана бастады:
— Саған Пауыл уағыздап жүрген Иса арқылы бұйырамын, — деді. 14Яһуди бас діни қызметкер әулетінен шыққан Скеуаның жеті ұлы осылай істеп жүрді. 15Алайда бірде жын бұларға жауап беріп:
— Исаны білемін, Пауыл да маған таныс, ал сендер кімсіңдер? — деді. 16Содан жыны бар кісі оларға бас салып, жерге жығып, бәрін де жеңіп шықты. Ағайындылар сол үйден жалаңаш, ұрылған-соғылған күйі қашып шықты.
17Бұл оқиға Ефесте тұратын барлық яһудилер мен гректерге мәлім болып, бәрін үрей биледі. Ал Иеміз Исаның даңқы арта түсті. 18Сенушілердің көбі келіп, күнәлі іс-әрекеттерін ашық мойындады. 19Бақсы-балгерлікпен айналысып келгендердің бірсыпырасы сиқырлық кітаптарын әкеліп, барлығының көз алдында өртеп жіберді. Кітаптардың құнын есептегенде, елу мың күміс теңге#19:19 Яғни жай жұмысшының жүз қырық жылдық жалақысының шамасы. болды. 20Иеміздің Ізгі хабары осылай кең тарап, құдіретін көрсетті.
Ефестегі жалған тәңірге табынатын зергерлер тобы бастаған бүлік
21Осы оқиғалардан кейін Пауыл Киелі Рухтың жетелеуімен (грек елінің) Македония мен Ахая өлкелері арқылы Иерусалимге баратын шешімге келді. «Сонда болғаннан кейін Римге де соғуға тиістімін», — деді. 22Көмекшілерінің арасынан Тімоте мен Ераст екеуін Македонияға жіберіп, өзі тағы біраз уақыт Азия аймағында қала тұрды.
23Сол кезде (аймақ орталығы) Ефесте Иеміздің жолына қарсы үлкен толқу болып жатты. 24Деметір есімді күміс зергері жергілікті шеберлерге әйел тәңір Артемидаға арналған киелі үйдің күміс кейіптерін жасатып, олардың көп кіріс келтірулеріне жағдай туғызған еді. 25Деметір шеберлерді және олардың көмекшілерін жинап алып, оларға былай деді:
— Уа, ер азаматтар, біздің жақсы тұрмысымыздың осы кәсібімізге байланысты екенін білесіңдер. 26Сендер мына Пауыл дегеннің Ефесте ғана емес, тіпті бүкіл Азиядағы көптеген кісілерді өз дегеніне көндіріп, адастырып жүргенін естіп-көріп жүрсіңдер. Ол адамдарға: «Қолдан жасалған тәңірлер шынайы құдай емес» дегенді айтып жүр. 27Бұл біздің кәсібіміздің жақсы атына ғана қауіп туғызбай, ұлы әйел тәңір Артемидаға арналған ғибадатхана да өз беделінен ада болып, тіпті Азия мен бүкіл дүние жүзі табынатын әйел тәңірдің өзі де ұлы даңқынан айырылып қалады! — 28Осыны естігенде зергерлерді ашу кернеп, олар:
— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлай бастады.
29Бүкіл қала қозғалысқа түсті. Адамдар Пауылдың Гай мен Арыстарқ есімді македониялық серіктерін ұстап алып, сүйрелеп, бәрі бір адамдай ойын-сауық алаңына#19:29 Яки: (үсті ашық) амфитеатрға. қарай лап қойды. 30Пауыл халық алдына шыққысы келіп еді, бірақ сенушілер оны жіберген жоқ. 31Пауылмен достасқан Азия аймағы әкімшілігінің кейбір уәкілдері де оған алаңға жоламасын деген ескерту жіберді.
32Алаңда жиналғандардың біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап, шым-шытырық болды. Көпшілігі тіпті бұл жерге не үшін жиналғандарын білген де жоқ. 33Яһудилердің ұсынысымен#19:33 Немесе: Яһудилерден нұсқау алған. Ескендір тобырдың ішінен алға шығарылды. Ескендір қолымен тыныштыққа шақырып, халыққа арнап сөз сөйлемек болды. 34Ал жиналғандар оның яһуди екенін білгенде, бәрі бірауыздан екі сағат бойы:
— Ефестің Артемидасы даңқталсын! — деп айқайлап тұрып алды.
35Ақыр соңында қаланың хатшысы халықты тыныштандырып, былай деді:
— Уа, ефестік ер азаматтар! Ұлы Артемиданың «аспаннан түскен бейнесінің» және оған арналған ғибадатхананың сақтаушысы — Ефес қаласы! Соны әлемдегі кім білмейді?! 36Бұл — даусыз нәрсе ғой! Сондықтан тыныштық сақтап, еш ағаттық істемегендерің дұрыс! 37Мына кісілерді осында алып келдіңдер. Олар ғибадатхананы тонаған да емес, әйел тәңірімізге тіл тигізген де емес. 38Егер де Деметір мен оған еріп келген шеберлердің біреудің үстінен шағымдары болса, сол үшін сот мәжілістері және аймақ әміршілері бар. Олар өзара арыз-шағымдарын сонда апарсын! 39Ал тағы басқа мәселені көтергілерің келсе, ол заңды мәжілісте шешіледі. 40Бүгінгі оқиғаға байланысты «көтеріліске шықтыңдар» деген айып басымызға төніп тұр. Себебі осы толқу жөнінде бізді ақтап алар еш сылтау жоқ.
Хатшы осылай деп, жиналысты таратып жіберді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in