Елшіл. істері 14
14
Қонияда Ізгі хабарды тарату
1Қонияда да екі елші әдеттеріне сәйкес яһуди мәжілісханасына барды. Олардың айтқандары өте әсерлі болды, осылай яһудилер мен басқа ұлттық кісілердің көбі Иемізге сенді. 2Ал сенбейтін яһудилер басқа ұлт адамдарын қоздырып, оларды сенуші бауырластарға қарсы өшіктіріп қойды. 3Дегенмен екі елші едәуір уақыт сол жерде болып, Иеміз туралы батыл сөйлеп жүрді. Ол елшілерге кереметтер жасайтын құдіретті күш беріп, Өзінің рақымдылығы туралы Ізгі хабарды растады.#14:3 4:29-30.
4Қала тұрғындары екі жақ боп бөлініп, бір жағы сенбейтін яһудилерді, басқалары елшілерді қолдады. 5Басқа ұлт адамдары мен яһудилердің бірсыпырасы басшыларымен бірігіп, елшілерге бірден тап беріп, азаптап, тас лақтырып өлтірмекші болды.#14:5 7:57-60; 14:18-19; Лұқ 13:34. 6Ал елшілер бұл туралы біліп қойып, Лиқаония аймағындағы Лүстра мен Дербе қалаларына және олардың маңайына қашып кетіп, құтылды. 7Олар сол жердегі адамдарға да Ізгі хабарды жеткізді.
Лүстрадағы сал адамның сауығуы әрі елдестерінің құбылмалы әрекеті
8Лүстрада екі аяғы да күшсіз бір адам тұратын. Ол туғаннан сал болып, ешқашан жүріп көрмеген еді. 9Сол Пауылдың айтқан уағызын тыңдап отырды. Оған көзі түсіп, сауығамын деген сенімін байқаған Пауыл 10қатты дауыстап: «Тік тұр аяғыңа!» — деді. Сол сәтте ол ұшып тұрып, жүріп кетті.
11Пауылдың істегенін көрген халық қатты дауыспен Лиқаон тілінде айқайлап: «Тәңірлер адам кейпіне еніп, бізге көктен түсті!» — деді. 12Олар Барнабаны Зевс, Пауылды Гермес деп атады, себебі сөз тізгіні Пауылдың қолында еді.#14:12 Грек аңыздары бойынша Зевс ең басты тәңір, ал Гермес оның хабаршысы болатын. 13Қаланың сыртында Зевске арналған ғибадатхана бар болатын. Сондағы діни қызметкер гүлдестелермен әшекейленген бұқаларды қала қақпасының алдына алып келіп, халықпен бірге құрбандыққа шалмақшы болды.
14Барнаба мен Пауыл осыны естігенде, көйлектерінің өңірін айыра жыртып, наразылықтарын білдірді.#14:14 Мат 26:65. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай деді: 15«Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пендеміз ғой! Сендерге Ізгі хабарды әкелдік: түкке тұрмайтын тәңір бейнелерін тастаңдар, аспан мен жерді, теңізді және олардағы бар нәрселерді жаратқан тірі Құдайға бет бұрыңдар! 16Құдай өткен ұрпақтардың кезінде барлық ұлттарды өз беттерімен жіберсе де, 17Өзінің бар екендігіне істеген игі істерімен анық дәлел келтіруін тоқтатпады: Өзі аспаннан жаңбыр жаудырып, дер кезінде өнім беріп, мол азық сыйлауымен жүрегімізді қуанышқа кенелтеді».
18Осы сөздермен олар халықты әрең дегенде тыныштандырып, өздеріне арнап құрбандық шалудан бас тартқызды. 19Кейін Антақия мен Қониядан бірқатар яһудилер Лүстраға келді. Олар жергілікті халықты үгіттеп көндіріп, Пауылды тас лақтырып ұрып кетті. Өліп қалды деп ойлап, оны қаладан сүйреп шығарып тастады. 20Бірақ Мәсіхтің шәкірттері қасына жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтып барды. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті.
Елшілердің қауымдарды жігерлендіріп, Сириядағы Антақияға қайтуы
21Екі елші Дербе қаласында Ізгі хабарды уағыздап, көптеген адамдарды Мәсіхтің жолына түсіріп, Оның шәкірттері етті.#14:21 Мат 28:19. Содан кейін Лүстраға, Қонияға және Пісидиядағы Антақияға қайта оралды. 22Олар барлық жерлерде Мәсіхтің жолын қуушы шәкірттерінің жан дүниелерін нығайтып: «Сенімдеріңе адал болыңдар! Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше біз әлі де талай азап шегуге тиіспіз», — деп ескертті. 23Елшілер әр қауымда сенушілер үшін жетекшілер таңдады.#14:23 Немесе: сенушілерге өз жетекшілерін таңдатты. Екі елші ораза тұтып (үстеріне қолдарын қойып) мінажат етті; осылай оларды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды.
24Содан кейін екі елші Пісидияны аралап өтіп, Памфүлия аймағына жетті. 25Олар Перге қаласында Иеміздің Ізгі хабарын уағыздаған соң, Анталияға қарай ылдилап түсті. 26Сол жерден кемеге отырып, (Сириядағы) Антақияға қайтып барды. Сондағы қауым оларды атқарып келген жұмыстары үшін Құдайдың рақымына тапсырған болатын.#14:26 13:3. 27Қайтып келген екі елші қауымды жинап, өздері арқылы Құдайдың не істегенін, әсіресе, басқа ұлттардың Мәсіхке сенуіне жол ашқанын түгел айтып берді. 28Осыдан кейін олар бірталай уақыт сол жердегі сенушілермен бірге болды.
Currently Selected:
Елшіл. істері 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.