Патшалықтар 4-ж. 2
2
Ілияс пайғамбардың көкке көтеріліп кетуі
1Жаратқан Ие Ілиясты құйынмен#2:1 2:11; Пат1 18:12; 19:11. көкке көтеріп әкетерінің алдында Ілияс Еліше#2:1 (Пат3 19:16) Осы есім Елисей, Аляса немесе Ал-Яса деп те жазылады. екеуі Ғылғалдан#2:1 Ғылғал: Ефремнің таулы жеріндегі шағын қала, Бетелден 13 шақырым солтүстікке қарай (2:2; 4:38), Иордан алқабындағы Ғылғал (Еш 5:9; 10:15) емес. жолға шыққан болатын. 2Ілияс Елішеге:
— Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Бетелге жіберіп отыр, — деді. Бірақ Еліше:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап қайтарды. Содан екеуі Бетелге ылдилап барды. 3Сол қалада тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері#2:3 Яки: пайғамбарлар тобы не қауымы (Пат1 10:10-12; 19:20; Пат3 20:35). Елішенің алдынан шығып:
— Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше:
— Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды. 4Ілияс Елішеге:
— Еліше, қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені енді Иерихонға#2:4 Еш 6:26; Пат3 16:34. жіберіп отыр! — деді. Бірақ Еліше:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонымен екеуі Иерихонға жетті. 5Сол маңайда тұрып жатқан пайғамбарлар шәкірттері Елішенің қасына келіп:
— Жаратқан Иенің бүгін өзіңнен қожайыныңды алып кететінін білесің бе? — деп сұрады. Еліше:
— Әрине, білемін, бұл туралы тіс жармаңдар! — деп жауап қайтарды. 6Кейінірек Ілияс оған:
— Қалшы осы жерде, Жаратқан Ие мені Иорданға жіберіп отыр! — деді. Еліше:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында және сіздің алдыңызда шын айтамын: Мен сізді еш тастамаймын! — деп жауап берді. Сонда екеуі әрі қарай бірге жүре берді.
7Олар Иордан өзенінің жағасына жетіп тұрған кезде пайғамбарлар шәкірттерінің елуі келіп, біраз алысырақтан оларға қарап тұрды. 8Ілияс шапанын шешіп, орап алып, сонымен судың бетін ұрды. Өзеннің суы қақ айырылып, Еліше екеуі өзеннің арғы жағына құрғақ жермен өте шықты.
9Олар өзеннің арғы жағына жеткеннен кейін Ілияс Елішеге:
— Мені өз қасыңнан алып кетпей тұрғанда айтшы: Менен тілейтін нең бар? — деді. Сонда Еліше:
— Маған өзіңіздегі Рухтан екі есе берілсе екен,#2:9 Таурат заңына сай, адам тұңғыш ұлына мұраны екі есе мол үлестіруі керек еді. Еліше Ілиястың ізбасары ретінде Жаратқан Иенің Рухының даналығы мен құдіретіне айрықша мұқтаж екенін ұқты (Заң 21:17; Рул 11:17; 27:20). — деп өтінді. 10Ілияс:
— Бұл өтінішің қиын екен. Әйтсе де, егер мені өз қасыңнан әкетілген кезімде көре алатын болсаң, өтінішің орындалғаны, ал көре алмасаң, онда орындалмағаны! — деді.
11Солай екеуі сөйлесіп жол жүріп бара жатқанда, кенеттен жалындаған отты аттар жегілген жалындаған отты күйме пайда болып, екеуін ажыратып жіберді. Ал Ілияс сол сәтте бір құйынның ішінде көкке көтеріліп кетті. 12Осының бәрін көріп тұрған Еліше: «Әкем-ау, әкем! Исраилді қорғаушы әрі жетелеуші!»#2:12 Немесе: Исраилдің күймесі әрі салт аттылары (яки: аттары)! — деп айқай салды. Ілиясты енді көре алмаған сәтте Еліше қатты қайғырып үстіндегі киімін қапсыра ұстап, айыра жыртты.
Елішенің Ілияс пайғамбардың ізін басуы
13Содан кейін Еліше жерге түсіп қалған Ілиястың шапанын#2:13 1:8; 2:8; Пат3 19:19; Зәк 13:4. көтеріп алып, Иорданның жағасына қайтып барып тұрды. 14Сонда ол Ілиястың шапанын қолына алып, онымен су бетін ұрып: «Ілиястың сиынған Құдайы Жаратқан Ие қазір қайда екен?» — деді. Еліше су бетін Ілияс істегендей#2:14 2:8. ұрып қалған соң, су екі жаққа қақ айырылып, Еліше өзеннен өте шықты.
15Иерихоннан келген пайғамбарлар шәкірттері мұны көргенде: «Ілияста болған Рух#2:15 2:9. Елішеге қонған екен!» — десті. Олар Елішенің алдына келіп, жерге дейін иіле тағзым етіп, 16былай деді:
— Алдыңыздағы пенделеріңіздің арасында елу шақты қайратты ер адам бар. Олардың барып, қожайыныңызды іздеп келулеріне рұқсат ете көріңіз. Мүмкін, Жаратқан Иенің Рухы оны көтеріп әкетіп, бір тау басына немесе бір аңғарға тастап кеткен шығар! — Ал Еліше:
— Жоқ, оларды жібермеңдер! — деп қарсылық білдірді. 17Бірақ олар қадалып сұрап қоймағандықтан Еліше өзін ыңғайсыз сезініп: — Мейлі, іздеуге жіберіңдер, — деп келісті. Олар елу жігітті жіберіп, бұлар Ілиясты үш күн іздеп, таба алмады. 18Сол жігіттер Иерихонда аялдап жатқан Елішеге қайтып келгенде, ол:
— Сендерге: «Барып, іздемеңдер!» деп айтпап па едім?! — деп ескертті.
Еліше пайғамбардың су көзін кереметпен тазартуы
19Бұдан кейін қала тұрғындары Елішеге:
— Мырза, өзіңіз көріп отырсыз, қаланың тұрған орны жақсы. Алайда суы нашар, жері де құнарсыз!#2:19 Немесе: суы нашар, осы жерде түсік жиі болады! (2:21; Еш 6:26; Заң 28:18) — деді. 20Сонда ол:
— Маған ішіне тұз салып, бір жаңа құмыраны алып келіңдер! — деп тапсырды. Олар соны әкелді. 21Пайғамбар бұлақ көзіне барды да, оған сол тұзды тастап: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Мен осы суды тазарттым. Бұдан былай ешқашан одан өлім де, құнарсыздық та#2:21 Немесе: өлім де, түсік те (2:19; 4:41; Мыс 15:25; 23:26). болмайтын болады!» — деді. 22Елішенің айтқан осы сөзіне сай, бұл қайнардың суы күні бүгінге дейін таза.
Пайғамбарды мазақтаған жастардың жазалануы
23Сол жерден Еліше (қыратты жердегі) Бетелге көтеріліп барды. Жолшыбай оған сол қаладан шыққан бір топ жасөспірім кездесе кетті. Олар Елішені келекелеп:#2:23 Сол кезде Бетел халықтың Жаратқан Иеге опасыздық етіп жалған тәңірлерге табынуының орталығы болатын (Пат3 12:28-32; тағы қ: Шеж2 36:16). «Әй, тақыр бас, көтеріле бер! Әй, тақыр бас, көтеріле бер!» — деп айқайлап мазақтады. 24Еліше кері бұрылып оларға қарап, Жаратқан Иенің атынан қарғыс айтты.#2:24 1:10-12; Заң 28:15-26; Нех 13:25-27. Сонда лезде орманнан екі ұрғашы аю#2:24 Яки: екі кірекей. шыға келіп, жасөспірімдердің қырық екісін жарып тастады. 25Еліше сол жерден Қармил тауына барып, одан әрі Самарияға қайта оралды.
Currently Selected:
Патшалықтар 4-ж. 2: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.