Шежірелер 2-ж. 36
36
Яһуда патшасы Жоғахаздың өте қысқа билігі
1Яһуда елінің халқы Жосияның ұлы Жоғахазды әкесінің орнына Иерусалимде патша етіп тағайындады.
2Жоғахаз патша болған кезде жасы жиырма үште еді. Ол Иерусалимде үш ай билік жүргізді. 3Мысыр патшасы перғауын оны патшалық биліктен айырып, Яһуда еліне жүз ат басындай күміс, бір ат басындай алтын#36:3 Шамамен 3400 кг күміс, 34 кг алтын. мөлшерінде алым-салық салды. 4Сонымен қатар перғауын Жоғахаздың орнына оның бір туған бауыры Елиәкімді патша етіп, атын Жохақым#36:4 (Пат4 23:34) Осы есімнің Иоаким, Ехойәкім деген түрлері де бар. деп өзгертті. Ал Жоғахазды Нехо перғауын Мысырға алып кетті.
Яһуда елінің опасыз патшасы Жохақымның тұтқындалуы
5Жохақым патша болған кезде жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. Жохақым Құдай Иеге жек көрінішті істер істеді. 6Бірде Бабыл патшасы Набуходоносор Жохақымға қарсы аттанып, оны қола шынжырлармен кісендеп, Бабылға айдап алып кетті. 7Оның үстіне Набуходоносор Жаратқан Иенің киелі үйінен бірнеше арнайы бұйымдарды еліне алып кетті. Оларды өзінің ғибадатханасында#36:7 Немесе: өзінің сарайында (Дан 5:2-4). сақтап қойды.
8Жохақымның қалған істері, оның жексұрын күнәлары және ол туралы табылған куәліктер#36:8 Немесе: және оның басына түскен жайттар. «Солтүстік Исраил мен Яһуда патшаларының кітабында» баяндалған. Оның ұлы Ехониях#36:8 Оның қосымша аты Ехойәкін болды. орнын басып патша болды.
Яһуда патшасы Ехонияхтың Бабылға әкетілуі
9Ехониях патша болған кезде жасы он сегізде#36:9 (Пат4 24:8) Немесе: жасы сегізде. еді. Ол Иерусалимде үш ай он күн билік жүргізді. Ехониях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 10Жыл басы — көктемде#36:10 Б.з.д. 597 ж. 13-сәуірде. Бабыл патшасы Набуходоносор жауынгерлерін жіберіп, Ехониях патшаны Бабылға алдыртты. Әскер Ехонияхпен бірге Жаратқан Иенің киелі үйіндегі бағалы бұйымдарды да ала кетті.#36:10 Пат4 24:12-14; Ерм 24:1.
Бабыл патшасы Ехонияхтың орнына немере ағасы#36:10 Әкесінің бауыры (Пат4 24:17). Седекияхты Яһуда мен Иерусалимнің үстінен патша етіп қойды.
Яһуда елінің соңғы патшасы Седекиях
11Седекиях патша болған кезде жасы жиырма бірде еді. Ол Иерусалимде он бір жыл билік жүргізді. 12Седекиях Құдай Иесіне жек көрінішті істер істеді. Патша тіпті Жаратқан Иенің оған Еремия пайғамбар арқылы жеткізген сөздеріне де бағынбады. 13Седекиях Набуходоносор патшаға адал болуға Құдайдың атымен ант берген болса да, оған қарсы көтерілді. Тоңмойын қыңыр болып, жүрегін қасарыстырған Седекиях Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге бет бұрудан бас тартты. 14Оның үстіне діни қызметкерлердің күллі басшылары#36:14 (Пат4 16:10-16) Немесе: Яһуданың басшылары — діни қызметкерлер. мен халық та барған сайын Хақ Тағалаға опасыздық жасап, басқа ұлттардың барлық жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.#36:14 28:3; 33:9. Олар тіпті Жаратқан Иенің Иерусалимдегі Өзіне бағыштаған киелі үйін арамдауға дейін барды!#36:14 33:4-7.
15Ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Ие Өзінің таңдап алған халқына және жер бетіндегі тұрағына жаны ашып, қайта-қайта хабаршыларын жіберіп, оларға ескертіп келген еді. 16Алайда олар Құдайдың хабаршыларын мазақ қылып, сөздеріне күліп, пайғамбарларын келекелей берді. Ақыр соңында Жаратқан Ие өз халқына әбден қаһарланды. Оларды енді аман қалдырудың#36:16 Яки: Оларды енді сауықтырудың (7:14). ешбір шарасы қалмады.
Яһуда халқының жазаланып, Бабылға жер аударылуы
17Содан Құдай Өзінің таңдаған халқына қарсы Бабылдың халдей патшасын#36:17 Парсы шығанағының жағалауын мекендеген халдей халқының әміршісі Набуходоносор б.з.д. 605-562 жж. Бабыл патшалығына билік жүргізді. аттандырды. Сол патша семсерінің жүзімен елдің таңдаулыларын киелі үйдің өзінде өлтіріп, жас-кәрі демей, еркек болсын, әйел болсын, ешкімді аямай, халықтың көбін қырып тастады. Құдай олардың барлығын Бабыл патшасының қолына бере салған еді. 18Шетелдік патша Құдайдың киелі үйіндегі үлкенді-кішілі жиһаздар мен бұйымдардың бәрін, әрі ондағы қазынаны, сонымен қатар патша мен әміршілерінің қазыналарын түгелдей Бабылға алып кетті. 19Жауынгерлер Құдайдың киелі үйіне от қойып өртеп, Иерусалим қамалының қабырғаларын қиратып тастады. Олар қаладағы күллі сарайларды да өртеп, ондағы құнды нәрселердің барлығын құртты.
20Шетелдік патша семсерінен аман қалғандарды Бабылға жер аударды. Олар парсы патшалығы күшейген кезге#36:20 36:22; Езр 1:1-3. дейін Бабыл патшасы мен оның ұрпақтарының құлдығында жүрді. 21Сол кезде елдің топырағы жетпіс жыл бойы тынығып жатты. Бұл, халықтың немқұрайды қарап, әр жетінші жылы өткізуге тиіс тынығу жылдарының#36:21 Леу 25:4-7; 26:34. орнын толтырды. Жаратқан Иенің Еремия пайғамбар арқылы алдын ала айтқаны#36:21 Ерм 25:11-12; 29:10-14; 51:11; Езр 1:1. осылайша орындалды.
Уәделі елге қайтуға берілген рұқсат
22Парсы патшасы Кирдің (Бабылға) билік құрған алғашқы жылы#36:22 Яғни б.з.д. 538 ж. (Кир б.з.д. 559-530 жж. парсы патшалығына билік жүргізді.) Жаратқан Ие оның жүрегіне түрткі салып, бүкіл патшалығы бойынша жарлық шығартып, хат та жазғызып жібертті. Бұл, Жаратқан Иенің Еремия арқылы алдын ала айтқан сөзінің#36:22 Ерм 25:11-12; 29:10-14; 51:11. жүзеге асуы үшін болды. Хатта былай деп жазылды:
23«Парсы патшасы Кирдің бұйрығы мынау: Көктегі Құдай — Жаратқан Ие маған жер бетіндегі барлық патшалықтарды тапсырды. Ол мені Яһуда жеріндегі Иерусалим қаласында Өзіне арнап киелі үй салуға да тағайындады. Араларыңдағы Оның халқына жататын әр адам сол жаққа өрлеп барсын! Құдайы Жаратқан Ие оған жар бола көрсін!»#36:23 Езр 1:2-3.
Currently Selected:
Шежірелер 2-ж. 36: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.