YouVersion Logo
Search Icon

Шежірелер 2-ж. 28

28
Яһуда елінің опасыз патшасы Ахаз
1Ахаз патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде он алты жыл билік жүргізді. Кезінде Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеген түп атасы Дәуітке Ахаз еш ұқсамады. 2Керісінше, ол Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолдарымен жүріп, Бағал атты жалған тәңірдің қола мүсіндерін құйғызып жасатты.#28:2 Немесе: жалған тәңірдің (алтын) мүсіндерін құйғызып жасатты (33:3; Мыс 32:4; 34:17; Бил 2:11-13). 3Ахаз Бен-Хенном аңғарында#28:3 Иерусалим қаласының оңтүстігіндегі шағын аңғар (Еш 15:8; Ерм 7:31-32). жалған тәңірлерге арнап құрбандықтар шалып, өртеп, тіпті өз ұлдарын құрбандыққа өртеп жіберді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын күнәларын қайталады.#28:3 Пат4 16:3. 4Сонымен қатар Ахаз төбе бастары мен өзге де биіктеу жерлердегі табыну орындарында және әрбір саялы ағаштың түбінде жалған тәңірлерге құрбандық шалып, хош иісті заттар түтетіп ұсынып жүрді.
Яһуданың Арама мен Солтүстік Исраилден жеңілуі
5Сол себепті Ахаздың Құдайы Жаратқан Ие Арама патшасының оны ойсырата жеңуіне жол берді. Содан арамалықтар оның өте көп адамын тұтқындап, Дамаскіге алып кетті.
Ахаз Солтүстік Исраилдің патшасы Ремалиях ұлы Пақахтан да күйрей жеңіліп, үлкен шығынға ұшырады. 6Соның әскері бір күннің ішінде Яһуданың батыл да мықты жүз жиырма мың жауынгерін жойды. Себебі олар ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеден бас тартқан еді. 7(Солтүстік Исраилдің) Ефрем руынан шыққан мықты жауынгер Зікіри яһудалық ханзада Мағасияхты, сарай басқарушысы Азыриқамды және патшаның бас уәзірі Елқанахты өлтірді.
Солтүстік исраилдіктердің Жаратқан Иенің бұйрығына бағынуы
8Солтүстік исраилдіктер өздерімен ұлттас яһудалықтардың#28:8 Немесе: өз бауырларының (Мұса пайғамбардың, Дәуіт пен Сүлеймен патшалардың заманында Яһуда мен Солтүстік Исраил біртұтас ұлт әрі халық болған еді: Мыс 1:1-6; 12:50-51; Пат2 5:1-3). екі жүз мың әйелдері мен ұл-қыздарын тұтқындап, көп олжалы болып, бәрін Самария қаласына алып кетті. 9Алайда (жеңімпаз) әскер Самарияға қайта оралғанда, Жаратқан Иенің Одед есімді пайғамбары қалада болды. Ол жауынгерлердің алдынан шығып, былай деді: «Ата-бабаларыңның сиынған Құдайы Жаратқан Ие Яһуда халқына қаһарлы болғандықтан ғана оны қолдарыңа түсірді. Бірақ оларды аса қатыгездікпен қырғандарың туралы хабар көктегі Құдайға жетті. 10Енді сендер Яһуда мен Иерусалимнің халқын өздеріңе құл-күң еткілерің келіп отыр. Немене, Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы өздерің күнә жасамап па едіңдер?! 11Сондықтан сөзіме құлақ салып, тұтқынға алған ағайындарыңды қайтарыңдар! Өйткені Жаратқан Иенің лаулаған қаһары бастарыңа төніп тұр!»
12Сонда ефремдіктердің кейбір әкімдері: Жоханан ұлы Азариях, Мешілемот ұлы Барақиях,#28:12 Яки: Берехия. Шаллум ұлы Езекия және Хадылай ұлы Амаса соғыстан қайтып келе жатқандарға қарсы тұрып былай деді: 13«Тұтқындарды мұнда алып келмеулерің керек, Жаратқан Иенің алдында айыпты боламыз. Немене, күнәларымыз бен қылмыстарымызды одан әрі көбейте түскілерің келе ме? Онсыз да айыбымыз зор, Жаратқан Иенің лаулаған қаһары халқымыз Исраилдің басына төніп тұр!»
14Мұны естіген жауынгерлер тұтқындары мен олжаларын жаңағы әкімдер мен бүкіл халықтың жиналып тұрған жерінде қалдырып кетті. 15Содан соң аталып өткен әкімдер орындарынан тұрып, тұтқындарға барып, іштеріндегі жалаңаш келгендеріне қолға түскен олжа киімдерден беріп, аяқтарына аяқкиім кигізді. Оларға тамақ пен сусын үлестіріп, жараларын маймен сылап емдеді. Әлсізденіп қалғандарын есекке отырғызып, бәрін пальма ағаштары өсетін Иерихон қаласындағы елдестеріне апарып тастап, өздері Самарияға қайта оралды.
Ассурдан алданған Ахаздың Құдайдан мүлдем бас тартуы
16Осы екі арада Ахаз патша Ассур патшасына елшілерін жіберіп, көмектесуін сұраған еді. 17Едомдықтар Яһуда еліне қайтадан басып кіріп, көптеген адамдарын тұтқындап алып кеткен болатын. 18Оның үстіне філістірлер Яһуданың төменгі қыраттары мен оңтүстік аймағының қалаларына шабуыл жасап, Бет-Шәміш, Аялон, Гедерот қалаларын және Сохо, Тимнах, Ғымзоны маңайларындағы қыстақтарымен қоса жаулап алып, сонда орнығып алған еді. 19Жаратқан Ие Яһуда елін патшасы Ахаздың кесірінен соншалықты масқара болуға душар етті. Себебі Ахаз Яһуда халқын Құдайға бағынбай, зұлымдық істеуге еліктіріп, өзі де Жаратқан Иеге орасан зор опасыздық жасаған болатын. 20Ассур патшасы Тығылат-Пеләсер#28:20 Есімі Феглафелласар деп те жазылған патша Ассурда б.з.д. 745-727 жж. билік жүргізді. Яһудаға аттанып, көмек орнына зорлық-зомбылық көрсетті. 21Ахаз Жаратқан Иенің киелі үйінен, патшалық және әміршілердің сарайларынан құнды заттарды алып, алым-салық ретінде Ассур патшасына жіберген еді. Алайда онысынан түк шықпады.
22Жағдайы тым ауырласа да, Ахаз патша Жаратқан Иеге бұрынғыдан бетер опасыздық жасай түсті. 23Дамаскінің әскері оны күйрете жеңгендіктен,#28:23 28:5. олардың сиынған тәңірлеріне#28:23 Яки: тәңірсымақтарына. арнап құрбандықтар шалды. Ахаз: «Араманың патшаларына бұл тәңірлер көмектесіп келеді. Енді соларға арнап құрбандық шалсам, мені де қолдайтын шығар», — деп ойлады.#28:23 25:14-15; Пат4 16:10-16; Иш 10:20. Керісінше, олар оның өзінің де, бүкіл Исраилдің де күнәға батып, құрып кетулеріне түрткі болды.
24Ахаз Құдайдың киелі үйіндегі ыдыс-аяқтарды жинап, алып кетті.#28:24 Немесе: сындырды. Сонымен қатар Жаратқан Иеге бағышталған осы киелі үйдің есігін бекітіп те тастады. Патша Иерусалимнің әрбір көше бұрышында өз атынан құрбандық үстелдерін салғызып қойды. 25Бұған қоса Ахаз Яһуданың басқа қалаларындағы биіктеу жерлерде де бөтен тәңірлерге арнап хош иісті заттар түтетілетін табыну орындарын салғызып, ата-бабаларының Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.#28:25 Яки: ата-бабалары сиынған Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
26Ахаздың қалған іс-әрекеттерінің бәрі басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған. 27Ахаз көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті Иерусалим қаласында Исраилдің патшаларының қабірлерінен бөлек мазарға қойылды. Оның ұлы Езекия орнын басып патша болды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in