Патшалықтар 1-ж. 31
31
Саул патшаның өлімі
1Осы екі арада філістірлер Исраилдің жасағына қарсы соғысып жатты. Исраилдіктер олардан қашып, көбі Гелбуе тауында қаза тапты. 2Філістірлер Саул мен оның ұлдарының соңына түсіп, ақыры ұлдары Жонатан, Әминадап, Мәлхисуаны өлтірді. 3Саулдың айналасындағы шайқас қатты күшейе түсті. Садақшылардың жебелері дәл тиіп, оны ауыр жарақаттады.
4Саул өзінің қару-жарақ тасушы нөкеріне: «Семсеріңді суырып, маған сұғып ал! Мына құдайсыздар#31:4 14:6. келіп, маған білгендерін істеп масқара қылмасын!» — деп бұйырды. Бірақ нөкері қатты қорқып, бұны істеуден бас тартты. Сонда Саул өз семсерін суырып алып, оны өзіне қарай қаратып үстіне құлап түсті. 5Қару тасушы нөкері Саулдың мерт болғанын көргенде, ол да Саулдың қасында дәл солай өзін-өзі өлтірді. 6Осылайша сол күні Саул мен оның үш ұлы, қару тасушысы және барлық басқа нөкерлері қаза тапты.
7Ізрел аңғарының#31:7 29:1,11; Пат2 4:4. арғы бетін және Иордан өзенінің ар жағын мекендеген исраилдіктер сарбаздардың қашқанын, әрі Саулдың ұлдарымен қоса мерт болғанын білгенде, олар тұрып жатқан қалаларын тастап, қаша жөнелді. Ал філістірлер келіп, сол қалаларға қоныстанып алды.
Ябестік ер азаматтардың адалдығы мен ерлігі
8Келесі күні філістірлер қаза тапқандарды тонауға келгенде, Гелбуе тауында өліп жатқан Саул мен оның үш ұлының мәйіттеріне тап болды. 9Жасақшылар Саулдың басын шауып алып, қару-жарағын иемденді. Осы хабарды бүкіл філістір еліне, олардың табынатын жалған тәңір мүсіндерінің ғибадатханаларында және халық арасына тарату үшін шабармандарын жіберді. 10Філістірлер Саулдың қару-жарағын Астарта есімді жалған тәңірдің ғибадатханасына сақтап қойып, мәйітін Бет-Шан қамалының қабырғасына іліп қойды.
11Бірақ Ғилақадтағы Ябес қаласының тұрғындары#31:11 Жаңадан патшалық құра бастаған кезінде Саул Ғилақадтағы Ябес қаласын қатыгез жаудың қолынан құтқарған болатын (11:1-11). філістірлердің Саулға істеген қорлығы туралы естіді. 12Қаланың мықты деген ер азаматтарының бәрі де жиналып, сапарға аттанды. Олар түні бойы жол жүріп, Бет-Шан қамалының қабырғасынан Саул мен оның үш ұлының мәйіттерін түсіріп алды. Оларды Ябеске әкеліп, сонда өртеп жіберді.#31:12 Немесе: әкеліп, сонда (хош иісті заттарды) өртеп жіберді (Шеж1 10:12; Шеж2 16:14). 13Олар сүйектерін Ябесте бір жыңғыл ағашының түбіндегі қабірге қойып, жеті күн бойы ораза ұстап, мерт болғандарды жоқтады.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 31: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.