YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 23

23
Дәуіттің Кеил қаласын жаудан құтқарып, кейін қайтадан қуғындалуы
1Бірде Дәуітке «Філістірлер Кеил қаласына шабуыл жасап, қырмандағы астықтарын тонап жатыр» деген хабар жетті. 2Сонда Дәуіт Жаратқан Иеден: «Мен барып, сол філістірлерге шабуыл жасайын ба?» — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие: «Иә, барып, філістірлерге шабуыл жасап, Кеилді құтқар!» — деп жауап берді.
3Бірақ Дәуіттің қасындағы серіктері: «Бізге мұнда, Яһуда елінің ішінде-ақ қауіп-қатер төнуде. Ендеше қалайша біз Кеилдегі філістір жасағына қарсы аттанбақпыз?!» — деп шүбә келтірді. 4Дәуіт қайтадан Жаратқан Иенің еркін сұрағанда, Ол: «Жинал, Кеилге ылдилап бар! Мен філістірлерді қолыңа түсіріп беремін», — деп жауап қайырды. 5Содан Дәуіт адамдарымен Кеилге барып, філістірлермен шайқасып, оларға қатты соққы берді де, көлік малдарын айдап алып кетті. Осылай Дәуіт Кеилдің халқын құтқарып қалды.
6-8Бірақ Саул патша Дәуіттің Кеилге барғаны жайлы хабар алып: «Құдай одан бас тартып, қолыма ұстап беріп отыр! Шығуы қиын бекіністі қалаға кіріп, Дәуіт тұзаққа өзі түсіп тұр!» — деді. Патша бүкіл жасағын Кеилге қарай жорыққа аттандырып, оларға Дәуіт пен серіктерін қоршап алуға әмір етті.
Ал Ахимәлік ұлы Абиятар Кеилдегі Дәуітке қашып келгенде, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін#23:6-8 Сол киімнің үстінен киілетін төс қалтада Жаратқан Иенің еркін сұрап білуге қолданылатын жеребе тастары сақталатын (14:18-19,36-43; Мыс 28:15,30). әкелген болатын. 9Саулдың өзіне зұлым жоспар құрып жатқанын біліп алған Дәуіт Абиятардан осы жеңсіз сырт киімді қасына алып келуін өтінді. 10Дәуіт мінажат етіп: «Уа, Жаратқан Ие, Исраилдің Құдайы! Саулдың осы Кеилге келіп, оны маған бола құртпақ болып жатқанын естіп отырмын. 11Мен естігендей, Саул шынымен осында келе ме? Кеилдің адамдары мені оған ұстап бере ме? Уа, Исраилдің Құдай Иесі, алдыңдағы пендеңе осы туралы білдіре гөр!» — деп сұрады. Жаратқан Ие: «Рас, келеді!» — деп жауап қайырды. 12Дәуіт тағы да: «Кеилдің тұрғындары мені және қасымдағы адамдарды Саулдың қолына ұстап бере ме?» — деп сұрағанда, «Иә, ұстап береді!» — деген жауап алды.
13Сонда Дәуіт шамамен алты жүздей адамымен Кеилден шығып, әр жерге орын ауыстырып жүре берді. Дәуіттің қаладан кетіп қалғаны туралы хабар жеткенде, Саул жорыққа шықпайтын болып шешті.
14Бұдан былай Дәуіт айдаладағы бой тасалайтын жерлерде және Зиф қаласына жақын елсіз қыраттарда жасырынып жүрді. Саул оны күн сайын іздеумен болды, бірақ Құдай Дәуітті оның қолына түсірмеді.
Дәуіттің елсіз өлкеде Саулдың қолынан әрең дегенде сытылып шығуы
15Дәуіт Зифке жақын елсіз өлкедегі ну орманда#23:15 Яки: Хорем орманында. (Хорем «ну орман» дегенді білдіреді.) жүрген кезінде өзін құртпақ болып Саулдың тағы да шығып келе жатқаны туралы білді. 16Алайда Саул ұлы Жонатан Дәуітке ну орманға келіп, оның Құдайға деген сенімін нығайтып: 17«Қорықпа! Әкемнің қолына ешқашан түспейсің. Сен Исраилдің патшасы, ал мен елдің сенен кейінгі екінші адамы боламын. Мұны әкем де жақсы біледі», — деп жігерлендірді. 18Екеуі Жаратқан Иенің алдында достықтарын тағы да сертпен бекітті. Содан соң Жонатан үйіне кетіп, Дәуіт ну орманда қала берді.
19Сол тұста Зифтің тұрғындары#23:19 Қырат басына салынған Зиф қаласынан Дәуіттің сарбаздарының қимылдарын бақылауға болатын. Гибеяға Саулдың алдына барып:
— Тақсыр, Дәуіт біздің жақта, ну ормандағы адам аяғы баспайтын жерлерде, Есімонның оңтүстігіндегі Һақила қырында тығылып жүр екен! 20Уа, патша иеміз, қалаған кезіңізде бізге келіңіз. Сонда оны сізге ұстап беру өз мойнымызда, — деп ұсыныс жасады. 21Саул былай деп жауап берді:
— Маған жандарың ашығаны үшін Жаратқан Ие сендерді жарылқасын! 22Барып, қайтадан бәрін тексеріңдер! Дәуіттің қай жерлерде жүретінін, оны кімнің көргенін сұрастырып біліп алыңдар. Себебі жұрт оны нағыз айлакер дейді. 23Оның тығылатын барлық жерлерін жақсылап қарап шығып, маған нақты мәлімет алып қайтып келіңдер! Сонда мен де сендермен бірге шығамын. Егер ол сол аймақта болса, оны Яһуда руының күллі әулеттерінен де#23:23 Яки: күллі мыңдарынан да. іздеп, тауып аламын!
24Келгендер Зифке Саулдан бұрын оралды. Сол кезде Дәуіт пен оның жігіттері Мағон даласында, Есімонның оңтүстік жағындағы елсіз алқапта#23:24 Яки: Есімонның оңтүстік жағындағы Араба алқабында (Заң 1:1,7). жүрген еді. 25Саул жасақшыларымен оларды іздеуге шықты. Дәуіт бұл туралы естіп, Мағон даласындағы жартасты төбеге ығысып, соны паналады. Саул мұны біліп алып, Дәуіттің артынан қуып сол жерге қарай беттеді.
26Саул қыраттың бір жағымен жүріп, ал Дәуіт пен қасындағы жігіттері құтылып кетуге асығып, қыраттың келесі жағымен кетіп бара жатты. Саул мен оның жасақшылары Дәуітті қолға енді-енді түсіреміз деп, қоршай бастаған сәтте 27Саулға бір хабаршы суыт келіп: «Тез жете көріңіз! Філістірлер елімізге баса-көктеп шабуыл жасап жатыр!» — деген суық хабар әкелді. 28Сонда Саул Дәуітті қууын доғарып, філістірлерге тойтарыс беруге аттанды.
Сол күні Дәуіт пен Саулды ажыратып тұрған жартасты қырат кейіннен «Ажырату жартасы»#23:28 Түпнұсқада: Села-Һаммахлекот. деп аталып кетті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in