Патшалықтар 1-ж. 15
15
Саулдың Құдайдың еркін қайтадан бұзуы
1Бірде Самуил Саулға былай деді: «Маған баяғыда сені#15:1 Яки: Маған баяғыда өзіңе май жағу рәсімін жасап сені (2:35; 10:1). Өзінің халқы Исраилдің үстінен патша етіп тағайындауды Жаратқан Ие тапсырған болатын. Енді Оның айтқан сөздеріне құлақ сал! 2Әлемнің Иесі мынаны айтады: Кезінде Исраилдің үрім-бұтағы Мысырдан көшіп шығып келе жатқанда, Амалек тайпасы оларға қарсы соғысып, жолын бөгеген болатын.#15:2 Мыс 17:8-15; Рул 13:29; 14:45; Заң 25:17-19; Бил 3:13; 6:3-5,33; 7:10-12. Қазір Мен Амалектің сонысын есіме түсіріп, жазаламақпын. 3Енді барып, амалектіктерді шап! Олардағылардың бәрін (Маған бағыштап) түгелімен қырып-жой! Еш аямастан еркектері мен әйелдерін, балалары мен нәрестелерін, ірі қара мен ұсақ малдарын, түйелері мен есектерін құрт!»
4Сонда Саул жасақшыларын жинап алып, Телаим деген жерде түгендеп шықты. Исраилдің басқа руларынан екі жүз мың#15:4 Немесе: екі жүз (әскери) топ. жаяу сарбаз жиналыпты, ал Яһуда руынан келгендердің саны он мың#15:4 Немесе: он (әскери) топ. болды.
5Саул аттанып, Амалектің қаласына жақындағанда бір терең сайдың ішіне тығылып, жауды аңдыды. 6Ал Кен тайпасына#15:6 Мұса пайғамбардың әйелі осы Кен тайпасынан болатын (Мыс 2:21; Рул 10:29-33; Бил 1:16; 4:14-21). ол былай деп хабар жіберді: «Сіздерді де Амалекпен қоса құртып тастап жүрмеуім үшін олардың арасынан бөлініп, шығып кетіңіздер. Себебі Мысырдан көшіп шығып келе жатқан Исраилдің үрім-бұтағына мейірімділік көрсеткен едіңіздер». — Сонда кендіктер Амалек тайпасынан бөлініп шығып, кетіп қалды.
7Бұдан кейін Саул Амалекке шабуыл жасады. Олармен Хавиладан бастап, Мысырмен шекарадағы Шурға дейін соғысып, 8Амалек патшасы Агагты тірілей қолға түсіріп, халқының біреуін де қалдырмай қырып тастады. 9Алайда Саул мен оның сарбаздары Агагты және ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең жақсыларын: бордақы тайынша, тоқтыларды, жалпы, малдың қоңдыларын аяп, жойғылары келмеді. Олар тек пайдасыз, арық-тұрақтарын ғана (Жаратқан Иеге бағыштап) құртты.
Құдайдың Саулға шығарған үкімі
10Сонда Жаратқан Ие Самуилге сөзін арнап: 11«Саулды патша етіп тағайындағанымнан қайтамын.#15:11 Яки: тағайындағаныма қайғырып, қасірет шегудемін (15:35; Жар 6:6). Себебі ол Менен теріс айналып, бұйрықтарымды орындамады», — деді. Ал Самуил қатты ренжіп, түні бойы Жаратқан Иеге жалбарына сиынып шықты.
12Ертеңіне ол ерте тұрып, Саулмен кездесу үшін жолға шыққанда «Саул Кәрмел қаласына#15:12 25:2,7-11. барып, сонда өзінің құрметіне ескерткіш орнатып, әрі қарай Ғылғалға кетті», — дегенді естіді. 13Самуил Саулға жолыққанда, ол амандасып:
— Сізді Жаратқан Ие жарылқай берсін! Оның бұйрығын орындап шықтым, — деді. 14Самуил:
— Менің құлағыма қойдың маңырауы мен сиырдың мөңіреуі шалынып тұр ғой. Бұл қалай? — деп сұрағанда, 15Саул:
— Олар Амалектен әкелінгендер. Жасақшылар ұсақ малдар мен мүйізді ірі қаралардың ең қоңдыларын аяп, Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалу үшін сақтап қалыпты. Ал басқаларын біз жойып жібердік, — деп жауап қайырды. 16Сонда Самуил:
— Кідіре тұр, Жаратқан Иенің осы түнде маған нені білдіргенін саған айтып берейін! — деді. Саул:
— Айта көріңіз, — дегенде, 17Самуил оған:
— Өзіңді кішімін деп санап жүргеніңде Исраил руларының басына айналмап па едің? Сені Исраилдің патшасы етіп тағайындаған#15:17 Яки: патшасы етіп май жағу рәсімінен өткізген (9:16; 10:1; 15:1). Жаратқан Иенің Өзі. 18Ол саған: «Барып, осы зұлым Амалекті (Маған бағыштап) толығымен құрт!#15:18 15:2-3,9; Еш 8:26; 10:28. Олармен соғысып, біржола жойғанша тоқтама!» деп бұйырып, сені жорыққа аттандырған еді. 19Неліктен сен Жаратқан Иені тыңдамай, олжаға бас салдың? Неге Жаратқан Иенің алдында сұмдық іс жасадың? — деді. 20Алайда Саул:
— Жаратқан Иенің тілін алдым ғой! Мен Жаратқан Иенің жіберген жағына барып, Амалек патшасы Агагты осында алып келдім, оның халқын түгелдей қырып-жойдым. 21Ал жасағым болса, олар қолға түскен олжаның түгел жойылып кетуге белгіленіп қойылған ұсақ малдары мен мүйізді ірі қараларының ең жақсыларын осы Ғылғалда Құдайыңыз Жаратқан Иеге құрбандыққа шалуға алып келді, — деп қарсылық білдірді.
22Бірақ Самуилдің жауабы мынау болды:
— Жаратқан Иеге шын ұнайтын —
Құрбандық пен басқа сый-тарту ма,
Әлде Оған мойынсұнып, тілін алу ма?!
Мойынсұну Оған артық сый-тарту атаулыдан,
Еркіне бағыну қошқар майынан ұнамды Оған!
23Құдайға бағынбау — ауыр күнә, сәуегейлік секілді,#15:23 Яки: ауыр күнә, сиқыршылық секілді (Заң 18:10-11).
Қасарысу — сұмдық іс, жалған тәңірге табыну іспетті!
Сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың, енді Ол да сені патша етуден бас тартты.#15:23 Құдай Саулдан бас тартқанымен, оның орнын басушы Дәуіт дайын болғанға дейін, Саулды патшалық дәрежесінде біраз уақытқа қалдыра тұрды.
24Сонда Саул:
— Мен Жаратқан Иенің бұйрығын және сіздің айтқандарыңызды орындамай күнә жасадым. Жасағымнан сескеніп, солардың айтқандарын істедім. 25Ал енді, күнәмді кешіріп, менімен бірге қайтыңыз. Мен Жаратқан Иеге ғибадат етейін, — деп өтінді. 26Бірақ Самуил:
— Сенімен бірге қайтпаймын. Себебі сен Жаратқан Иенің сөзінен бас тарттың. Содан Жаратқан Ие сені патша етуден бас тартты, — деп, 27кетпекші болып бұрылды. Сонда Саул оның ұзын шапанының етегіне шап ете жармасып, жыртып, бір бөлігін жұлып алды. 28Сонда Самуил:
— Жаратқан Ие бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Сол адам сенен жақсы. 29Исраилдің ұлы Құдайы сөзіне адал, айтқанында тұрады. Ол ойын өзгерте беретін пенде сияқты емес, — деді. Саул:
30— Мен күнә жасадым. Алайда мені халқымның рубасыларының көзінше әрі бүкіл Исраилдің көзінше құрметтей көріңіз! Екеуіміз бірге оралайық. Сонда Құдайыңыз — Жаратқан Иеге ғибадат етемін, — деп жауап берді. 31Соңында Самуил онымен бірге кетіп, Саул Жаратқан Иеге ғибадат етті.
32Содан кейін Самуил: «Маған Амалек патшасы Агагты алып келіңдер!» — деп бұйырды. Агаг Самуилге кібіртіктеп#15:32 Немесе: қорқып дірілдеп; яки: кісенмен бұғауланған күйі. жақындап:
— Ажалдың ащылығынан құтылған шығармын, — деді. 33Ал Самуил оған:
— Сен семсеріңмен аналарын балаларынан айырған едің. Ендеше сенің анаң да әйелдердің арасында баласыз қалсын! — деді. Содан Самуил Агагты Ғылғалда Құдайдың (құрбандық орнының) алдында шауып өлтірді. 34Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайта оралды, ал Саул «Саулдың Гибеясы» деп аталған өз қаласындағы сарайына кетті.
35Бұдан былай Самуил өле-өлгенше Саулмен кездеспеді. Бірақ ол Саул үшін қайғырып оны жоқтап жүрді. Ал Жаратқан Ие Саулды Исраилдің патшасы етіп тағайындағанынан біржола бас тартқан еді.#15:35 (15:11) Яки: тағайындағанына қайғырып, қасірет шекті.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 15: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.