Патшалықтар 3-ж. 22
22
Яһудамен одақтасқан Ахаб Арамаға соғыс ашпақ
1Арама мен Солтүстік Исраил елдерінің арасында соғыссыз үш жыл өткен болатын. 2Үшінші жылы Яһуда елінің патшасы Жосапат сапарға шығып, Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа қонаққа келді. 3Ал Ахаб өзінің уәзірлерінен: «Ғилақадтағы Рамот қаласы біздікі болғанымен, оны Арама патшасының қолынан қайтарып алуға неге еш нәрсе істеп келген жоқпыз?»#22:3 Рамот Араманың патшасы Бен-Хадад Ахабқа қайтарып беруге уәде еткен қалалардың біреуі болса керек (20:34). — деп сұраған болатын. 4Енді Ахаб Жосапатқа:
— Менімен бірге Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін соғысуға аттанасыз ба? — деген сауал қойды. Жосапат Ахабқа:
— Өзім де, халқым да, атты әскерім де сіздің құзырыңыздамыз! — деп жауап берді. 5Мұнан кейін ол: — Алдымен Жаратқан Иенің осыған айтатын сөзін біліп алсаңыз екен, — деп қосты.
6Сонда Ахаб патша пайғамбарларды: шамамен төрт жүз адамды жинап алып, оларға мына сұрақты қойды:
— Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуға аттануым қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — Барлығы:
— Өрлеп аттаныңыз! Иеміз#22:6 Түпнұсқадағы осы сөз екі ұшты еді: ол жалған тәңір Бағалды да шынайы Құдай — Жаратқан Иені де білдіре алды. Әлгі жалған пайғамбарлар халықтың Бетел мен Дандағы тәңір мүсіндеріне (12:28-29) және Бағалға арналған табыну қызметтеріне құлшына қатысып жүрген болса керек (18:19; Пат4 10:19). оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деді. 7Ал Жосапат:
— Бұл жерде әлі де Жаратқан Иенің бір пайғамбары жоқ па екен? Сол арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп алайық, — деп қоймады. 8Ахаб:
— Жаратқан Иенің еркін сұрап білуге болатын әлі де бір адам бар, Имелах ұлы Миқая.#22:8 Осы есім Михей деп те жазылады. Бірақ оны жек көремін, себебі ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады,#22:8 Яки: тек жағымсыз жайттардың келетінін ғана (Жаратқан Иенің атынан) алдын ала білдіреді. — деп жауап қайырды. Ал Жосапат былай деп өтінді:
— О, патша, былай дей көрмеңіз. (Соның да не айтарын тыңдап көрейікші.)
9Содан Солтүстік Исраилдің патшасы бір нөкерін шақырып алып, оған: «Имелах ұлы Миқаяны тез алып кел!» — деп бұйырды.
10Осы сәтте Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуда елінің патшасы Жосапат патшалық киімдерін киіп, Самария қаласының қақпасының жанындағы ашық алаңда#22:10 Яки: жанындағы ашық қырманда (Пат2 24:16; Шеж2 18:9). орналасқан екі тақта отырған еді. Әлгі пайғамбарлардың барлығы екеуінің алдында ерекше күйге түсіп, не болатыны туралы сәуегейлік айтып жатты.#22:10 18:29; Заң 18:10; Ерм 27:14-16; Езк 13:1-6. 11Хенаған ұлы Седекиях өзіне темірден екі мүйіз жасап алып:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы мүйіздер сияқты зор күшпен арамалықтарды сүзіп, біржола құртасың! — деп пайғамбарлық сөз айтқансыды. 12Басқа пайғамбарлардың барлығы да дәл солай:
— Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп барып, жеңіске жетіңіз! Жаратқан Ие оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деп пайғамбарлық сөз айтқансып жатты.
Миқая пайғамбардың Ахабты соғыс ашудан сақтандыруы
13Миқаяны шақыруға барған нөкер оған былай деп бұйырды:
— Тыңда, пайғамбарлардың бәрі бірауыздан патшаға жағымды сөз айтуда. Сенің сөзің де солардікіндей болса екен! Сен де жағымды жайтты болжамдарсың! — 14Бірақ Миқая:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Жаратқан Ие маған нені білдірсе, тек соны ғана айтып беремін! — деп ант етті.
15Миқая пайғамбар патшаның алдына келгенде, патша оған:
— Миқая, біздің Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайық па? — деген сауал қойды. Миқая (сықақтап) былай деп жауап берді:
— Өрлеп аттаныңыз, жеңіске жетесіз! Жаратқан Ие қаланы патшаның қолына түсіреді! — 16Ал Ахаб патша оған:
— Жаратқан Иенің атынан тек шындықты ғана айт деп саған қанша рет бұйыруға тиіспін? — деп ескертті. 17Сонда Миқая былай деді:
— Мен (бір көріністе) бүкіл Исраилдің бағушысы жоқ қойлар сияқты қыраттарда бытырап жүргенін аянда көрдім. Сонда Жаратқан Ие мынаны айтты: Бұлардың қожайыны жоқ екен. Дұрысы, барлығы үйлеріне тыныштықпен қайтсын!
18Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб Жосапатқа: «Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады демеп пе едім?!»#22:18 22:8. — деп налыды. 19Ал Миқая сөзін жалғастырып былай деді:
— Сондықтан Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыз! Мен Өзінің тағында отырған Жаратқан Иенің аянын көрдім. Көктегілердің бүкіл тобы Оның оң және сол жақтарында тұрды.#22:19 Әйүп 1:6; 2:1; Иш 6:1-3; Дан 7:9-10. 20Сонда Жаратқан Ие: «Ахабты Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп аттанып, сол жерде қаза табуға қайсың сендіресіңдер?» деген сауал қойды. Біреуі ананы, біреуі мынаны айтты. 21Ақыры бір рух#22:21 Яки: жын (Бил 9:23; Пат1 16:14-15). ортаға шыға келді де, Жаратқан Иенің алдында тұра қалып: «Оны мен сендіремін» деп ұсынды. Жаратқан Ие одан: «Соны қалай істемексің?» деп сұрағанда, 22рух: «Мен сол жерге барып, Ахабтың барлық пайғамбарларының аузындағы өтірік хабар айтқызатын рух боламын!» деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: «Сен оны сендіріп, табысты боласың. Бар да солай істе!» деп шешті. 23Ал енді, міне, қараңыз: Жаратқан Ие мына барлық пайғамбарларыңыздың ауыздарына өтірік хабар айтқызатын рухты салып қойған. Себебі Жаратқан Ие сіздің басыңызға пәле түсетінін алдын ала кесіп қойды!
24Сол сәтте Хенаған ұлы Седекиях Миқаяның қасына барып, оны бетінен шапалақпен тартып жіберіп:
— Жаратқан Иенің Рухы сен арқылы сөйлеу үшін менен қалай ғана шығып кетті екен, ә?! — деп сөкті. 25Миқая оған:
— Соны ішкі бөлмеге кіріп, тығылған күніңде білетін боласың! — деп жауап берді. 26Ал Ахаб патша былай деп әмір етті:
— Миқаяны ұстаңдар! Оны қала әкімі Амонға және патшазада Жоғасқа қайтарып алып барыңдар! 27Оларға былай деңдер: «Патшаның бұйрығы мынау: Осы адамды түрмеге жабыңдар! Мен аман-есен қайтып келгенше, оған біразырақ нан мен су ғана беріңдер!» — 28Сонда Миқая оны сақтандырып:
— Егер де шынымен аман-есен қайтып келсеңіз, онда Жаратқан Иенің мен арқылы сөйлемегені! Айтқандарыма құлақ түріңдер, уа, барлық халықтар! — деді.
Қасарысқан Ахабтың қаза табуы
29Сонда да Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб пен Яһуда елінің патшасы Жосапат әскерлерін ертіп Ғилақадтың таулы аймағындағы Рамот қаласына өрлеп аттанды. 30Ахаб Жосапатқа: «Мен шайқасқа патшалық киімдерімді кимей-ақ шығайын, ал сіз киіп шығыңыз», — деп ұсынған еді. Содан Ахаб патша өзін ешкім танып қоймасын деп киімін өзгертіп, шайқасқа шықты.
31Арама патшасы өзінің соғыс күймелерін басқаратын отыз екі басшысына: «Не жасақшылардың біреуімен, не қайсыбір басшымен емес, тек Солтүстік Исраилдің патшасының өзімен ғана шайқасып, соның көзін құртыңдар!» — деп бұйырып қойған болатын. 32Сол себепті соғыс күймелерін жүргізушілер (патшалық киімдерін киген) Жосапатты көргенде, «Бұл әрине Солтүстік Исраилдің патшасы!» — деп айқай салды. Содан олар оған қарай бұрылып, бас салды. Ал Жосапат (өз ұранын) айқайлап жіберді. 33Сонда соғыс күймелерін жүргізушілер оның Солтүстік Исраилдің патшасы емес екенін аңғарып, одан кері бұрылып, жібере салды.
34Ал бір жасақшы садағын кездейсоқ ата салғанда, жебесі Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа дәл тиіп, оның сауытының қосылған жеріне қадалды. Ахаб өзінің күймесін жүргізушіге бұйырып: «Күймені бұр да, мені шайқастан алып шық! Жараланып қалдым», — деді.
35Күні бойы қатты ұрыс болып, Ахаб патша арамалықтарға қарама-қарсы өз күймесінің ішінде тік тұрғызылған қалпы қала берді. Қансыраған патша кешке қарай өлді. Жарақатынан аққан қаны күйменің түбін толтырды. 36Күн батқанда Исраилдің бүкіл әскер қосы бойынша мына айқай таралды: «Әркім өз қаласына! Өз жерімізге қайтайық!#22:36 22:17. 37Патша қаза тапты!»
Ахабтың мәйіті Самарияға әкелініп, сол қалада қабірге қойылды. 38Патшаның соғыс күймесі Самарияның тоғанында жуылды. Сонда оның аққан қанын иттер жалады. Жаратқан Ие солай болады деп алдын ала айтқан болатын.#22:38 21:19. Сол тоған әдетте жеңіл жүрісті әйелдер жуынатын жер болатын.#22:38 Құдай халқының басқа тәңірлерге табынуы Жаратқан Иенің Келісіміне қарсы жасаған опасыздық әрі неке адалдығын бұзушылық деп те бейнеленетін (Мыс 34:15; Леу 17:7; 20:5-6; Заң 31:16; Бил 8:33).
39Ахабтың қалған іс-әрекеттерінің барлығы, оның піл сүйегімен қапталған сарайы және бекітіп нығайтқан күллі қалалары туралы «Исраил патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 40Сонымен Ахаб көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды.
Яһуда патшасы Жосапаттың өмірінің соңы
41Солтүстік Исраилге Ахаб патшалық құрған төртінші жылы Аса ұлы Жосапат Яһуда елінің патшасы болды. 42Сол кезде Жосапаттың жасы отыз бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма бес жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні Сілхи қызы Азуба болатын.
43Жосапат барлық жағынан әкесі Асаның жолымен жүріп, одан еш таймай, Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істеді. Алайда оның заманында биіктеу жерлердегі табыну орындары қиратылмай қала берді. Халық әлі де соларда құрбандықтар шалып өртеп, хош иісті заттарды түтетулерін жалғастырды. 44Сонымен қатар Жосапат (Жаратқан Иенің жолынан тайған) Солтүстік Исраилдің патшасымен бейбітшілік келісімін жасап, одақтасты.#22:44 22:2-4; Пат4 8:16,18; Шеж2 20:35.
45Жосапаттың қалған іс-әрекеттерінің барлығы, оның көрсеткен қажыр-қайраты мен жүргізген соғыстары туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 46Әкесі Асаның заманынан бері жалған тәңірлердің табыну орындарында азғындықпен айналысқан еркектердің кейбіреулері әлі де елде қалып отырған еді.#22:46 14:24; 15:12; Заң 19:5. Жосапат патша соларды құртып, жоқ қылды.
47Сол кездері Едомда патша болмайтын, елді Яһуда патшасы тағайындаған аймақ әкімі басқаратын. 48Жосапат патша алысқа жүзіп бара алатын үлкен сауда кемелерін жасатып, Опыр елінен алтын алып келуге жіберген еді. Бірақ сол кемелері алысқа ұзамай, сапарға шықкан Есион-Гәбер#22:48 9:26; Шеж2 20:36. кемежайының маңында апатқа ұшырады. 49Сонда Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Охозиях Жосапатқа: «Менің қызметшілерім сіздің теңізшілеріңізбен бірге жүрсін», — деп ұсынды. Бірақ Жосапат бұған келіспеді.
50Жосапат патша көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті түп атасы Дәуіттің шаһарында қабірге қойылды. Оның ұлы Жорам#22:50 (Пат4 8:16; Шеж2 21:1) Осы есімнің Иорам, Ехорам деген түрлері де бар. әкесінің орнын басып патша болды.
Солтүстік Исраилдің патшасы Охозиях
51Яһудаға Жосапат патшалық құрған он жетінші жылы Ахаб ұлы Охозиях Самарияда Солтүстік Исраилдің патшасы болып, елді екі жыл басқарды. 52Охозиях Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, әке-шешесінің азғын жолымен және кезінде Исраил халқын еліктіріп күнәға батырған Набат ұлы Еробоғамның теріс жолымен жүрді. 53Әкесі Ахаб істегендей, Охозиях та Бағалға бас ұра табынып, Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің қаһарын туғызды.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 22: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.