Патшалықтар 3-ж. 18
18
Пайғамбардың уәзірмен әрі патшамен кездесуі
1Елді қуаңшылық жайлаған үшінші жылы Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап: «Ахаб патшаның алдына барып көрін, өйткені Мен елге жауын жіберемін!» — деді. 2Сонда Ілияс Ахабқа көріну үшін жолға шықты.
Самария жерінде#18:2 Яғни Солтүстік Исраилде (13:32; 21:1). аштық қатты үдеп тұрды. 3Сондықтан Ахаб патша сарайын басқаратын уәзірі Абадияхты шақырып алды. Ал Абадиях Жаратқан Иені айрықша терең қастерлейтін адам болатын. 4Патшайым Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларының көздерін құртқан кезде#18:4 16:31-33; 18:13; 19:2,10,14; 22:23. Абадиях жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге тығып, нан-суларымен қамтамасыз етіп тұрған болатын. 5Енді Ахаб Абадияхқа бұйрық беріп былай деді: «Бүкіл елді аралап, ондағы барлық бұлақтар мен сай-салаларды қарап шық! Мүмкін, біраз жайылым тауып, жылқыларымыз бен қашырларымызды аман сақтап қалып, ешбір көлік малымызды өлтіруге мәжбүр болмаспыз!» — 6Сонымен олар барлау үшін елді өзара бөліп, Ахаб бір жаққа, Абадиях басқа жаққа бет алып кетті.
7Жол жүріп бара жатқанда Абадиях уәзір күтпеген жерден Ілияс пайғамбармен кездесіп қалды. Абадиях оны танып, жерге дейін иіліп тағзым етіп:
— Уа, мырзам Ілияс, бұл шынымен-ақ сіз бе едіңіз? — деп сұрады. 8Пайғамбар оған:
— Иә, бұл менмін. Қожайыныңа барып, менің осында екенімді айт! — деп тапсырды. 9Алайда Абадиях уәзірдің жауабы мынау болды:
— Мені Ахабтың қолына беріп, өлтіртетіндей қандай күнә жасап қойдым? 10Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: қожайыным Ахаб сізді іздетіп, артыңыздан адам жібермеген бірде-бір патшалық та, не халық та қалған жоқ. Олар: «Ол мұнда жоқ» десе, патша олардан сізді таба алмағандары жайлы ант алып отырды. 11Енді сіз маған: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз. 12Бірақ мен кете салысымен-ақ Жаратқан Иенің Рухы сізді мен білмейтін бір жаққа алып кетіп жүрер.#18:12 Пат4 2:11,16; Езк 3:12-14; 8:3. Сонда мен Ахабқа барып айтқаннан кейін, ол келіп, сізді таба алмай қалса, менің көзімді құртады ғой. Ал мен жастық шағымнан Жаратқан Иені терең қастерлеп келемін. 13Езабел Жаратқан Иенің пайғамбарларын құртып жатқан кезде менің не істегенім жайлы сізге айтылмап па еді? Мен жүз пайғамбарды елу-елуден екі үңгірге жасырып қойып, оларды нан-суларымен қамтамасыз еттім ғой. 14Ал сіз енді: «Қожайыныңа барып, Ілияс осында деп айт!» дейсіз. Солай істесем, ол мені сөзсіз өлтіреді! — 15Бірақ Ілияс:
— Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Әлемнің Иесінің алдында шын айтамын: бүгін мен міндетті түрде Ахаб патшаның алдына барып көрінемін, — деп ант етті.
Қармил тауындағы ұлы жиналысқа шақыру
16Сонда Абадиях Ахабқа барып, болған жайды айтып берді. Ахаб Ілияспен кездесу үшін жолға шықты. 17Ахаб Ілиясты көре салысымен, оған тіл қатып:
— Исраилдің басына пәле түсірген адам сен бе едің?! — деді. 18Ілияс оған жауап беріп:
— Исраилдің басына пәле түсірген мен емеспін, керісінше, сіздің өзіңіз бен әулетіңіз! Себебі сіздер Жаратқан Иенің бұйырған өсиеттерінен бас тартып, Бағалдың тас мүсіндеріне құлшылық етіп табынып кеттіңіздер!#18:18 9:9; 16:31; Мыс 20:2-5. 19Ал енді, менімен жүздесу үшін Қармил тауына бүкіл Исраил халқын, Езабелдің дастарқанынан тамақтанатын Бағалдың төрт жүз елу пайғамбарын және Ашераның төрт жүз пайғамбарын жинап беріңіз! — деді.
20Сонда Ахаб бүкіл Солтүстік Исраил бойынша жаршыларын жіберіп, халықты және күллі пайғамбарларды Қармил тауына жинады.
Пайғамбардың шынайы Құдайдың кім екенін дәлелдеуі
21Ілияс пайғамбар халықтың алдына шығып, оларға тіл қатып былай деді:
— Қашанға дейін екіойлы болып толқып жүре бермексіңдер?#18:21 Яки: Қашанғы екі аяқтарыңмен бірдей ақсаңдап жүрмексіңдер?! Егер Жаратқан Ие Құдай болса, онда Оның жолымен жүріңдер! Ал егер Бағал Құдай болса, соның жолымен жүріңдер!
Бірақ халық пайғамбарға жауап беріп, бір сөз де айтқан жоқ. 22Сонда Ілияс халыққа былай деді:
— Жаратқан Иенің пайғамбарларынан қалған жалғыз өзім ғана, ал Бағалдың пайғамбарлары төрт жүз елу! 23Бізге екі бұқаны алып келіңдер! Бағалдың пайғамбарлары біреуін таңдап алып, шалып, бөлшектесін. Оның етін отынның үстіне қойсын, бірақ от тұтатпасын. Мен екінші бұқаны шалып, бөлшектеп, оның етін отынның үстіне қояйын. Мен де от тұтатпаймын. 24Мұнан кейін өздеріңнің тәңірлеріңе дауыстап сиыныңдар, ал мен Жаратқан Иеге дауыстап сиынайын. Сонда от жіберіп жауап берген Құдай — шынайы Құдай! — Бүкіл халық бұған:
— Осы дұрыс! — деп жауап берді.
25Содан Ілияс Бағалдың пайғамбарларына бұрылып: «Алдымен сендер бұқалардың біреуін таңдап алып, дайындаңдар, көпсіңдер ғой! Тәңірлеріңе сиынып оны шақырыңдар! Бірақ от тұтатпаңдар!» — деп тапсырды.
26Олар бір бұқаны таңдап алып, шалып, дайындады. Мұнан кейін олар таңертеңнен түске дейін Бағалға сиынып: «Уа, Бағал, бізге жауап бере гөр!» — деп айқайлаумен болды. Бірақ ешбір дауыс та шықпады, ешкім жауап та қатпады. Бағалдың пайғамбарлары өздері тұрғызған құрбандық орнының айналасында секіріп билей берді.
27Түс мезгілінде Ілияс оларды келекелеп: «Қатты дауыспен шақырыңдар! Ол «тәңір» емес пе?! Мүмкін, ол терең бір ойға шомып не түзге шығып, не жол жүріп кеткен шығар. Яки ұйықтап жатса керек, ояту қажет сияқты!» — деп мазақтады. 28Бағалдың пайғамбарлары өршелене айқайлап, дәстүрлері бойынша денелерінен қан шыққанша өздерін найза-семсермен тілгілей берді. 29Түстен кейін де олар кешкі құрбандықтың#18:29 Рул 28:3-5; Шеж1 16:40; Жыр 140:2. уақытына дейін еліріп, тәңірлерін шақырумен болды. Бірақ еш дауыс та болмады, ешкім жауап та қатпады не көңіл де бөлмеді.
30Содан Ілияс бүкіл халықты: «Маған жақындап келіңдер!» — деп шақырды. Барлығы оған жақындап келгенде, пайғамбар Жаратқан Иенің қиратылған құрбандық ұсыну орнын#18:30 19:10. қайта тұрғызып жөндеді. 31Сол үшін Ілияс он екі тасты алды: Жақыптың он екі ұлынан тараған әрбір ру үшін бір тастан.#18:31 Мыс 24:4; Еш 4:3-4; Езр 6:17; Езк 47:13. Ежелде Жаратқан Ие Жақыпқа сөзін арнап, оның есімін Исраил деп өзгерткен болатын.#18:31 Жар 32:28. 32Сол он екі тастан пайғамбар Жаратқан Иенің атына арнап құрбандық ұсыну орнын салды. Содан соң оны айналдыра екі шелек астық дәні сыятындай арық қазды. 33Құрбандық орнының үстіне отындық ағаштарды қаластырып, бұқаны шалып, бөлшектеп, отынның үстіне қойды. Содан соң ол жұртқа: «Төрт үлкен құмыраға су құйып, оны құрбандықтың және отынның үстіне құйыңдар!» — деді.
34Бұдан соң ол: «Тағы да құйыңдар!» — деді. Жұрт екінші рет құйғанда ол: «Үшінші рет құйыңдар!» — деп бұйырды. Олар үшінші рет те құйды. 35Құйылған су құрбандық орнының үстінен төменге ағып, оның айналасындағы арықты да толтырды.
36Кешкі құрбандықтың уақытында Ілияс пайғамбар құрбандық орнына жақындап келіп, былай деп сиынды: «Уа, Жаратқан Ие, Ыбырайымның, Ысқақтың, Жақыптың Құдайы! Өзіңнің Исраилдегі Құдай екеніңді, менің өз қызметшің екенімді және осының барлығын Сенің бұйрығыңа сай істеп отырғанымды бүгін анық білдіре көрші! 37Уа, Жаратқан Ие, жауап берші! О, Ием, мына халық Сенің Құдай екеніңді және олардың жүректерін қайтадан Өзіңе бұрып жатқаныңды біле алулары үшін маған жауап бере гөр!»
38Сонда аспаннан Жаратқан Иенің оты түсіп,#18:38 Яки: Жаратқан Иенің жай оты түсіп (Жар 15:17; Леу 9:24; 10:1-2; Бил 6:21; Пат4 1:10; Шеж1 21:26; Жыр 17:13-15; 77:48). құрбандықты, отынды, тастар мен топырақты жалмап өртеп, арықтағы суды да құрғатып жіберді.
39Тұрған халық мұны көргенде етпеттерінен жерге жығыла кетіп: «Жаратқан Ие — Құдай! Жаратқан Ие — Құдай!» — деп айқайлай берді. 40Сонда Ілияс оларға: «Бағалдың пайғамбарларын ұстаңдар! Ешқайсысының қашып құтылуына жол бермеңдер!» — деп бұйырды. Халық оларды ұстап алды. Содан Ілияс бәрін Қишон сайына бастап алып барып, сол жерде көздерін құртты.#18:40 Мыс 22:20.
Ілиястың дұға етіп қуаңшылықты доғартуы
41Мұнан кейін Ілияс Ахаб патшаға: «Ал енді, өрлеп барып, тамақ ішіп-жеңіз! Жақындап келе жатқан нөсердің даусын естіп тұрмын», — деді. 42Содан Ахаб тамақтануға кетті. Ал Ілияс Қармил тауының төбесіне қарай көтерілді. Сонда ол жерге дейін иіліп, басын екі тізесінің арасына қойып отырып (Жаратқан Иеге дұға етті). 43Пайғамбар қызметші жігітіне: «Жоғары қарай көтеріліп, теңіз жаққа қарашы!» — деген болатын. Қызметшісі көтеріліп барып қарап, ештеңенің жоқ екенін айтты. Ілияс бұдан кейін қызметшісін: «Қарап кел!» — деп жеті рет жіберді. 44Жетінші ретте ғана қызметшісі барып келіп:
— Әне, теңіз жақтан алақандай ғана бұлт көтеріліп келе жатыр! — деді. Сонда Ілияс:
— Бар да, Ахабқа былай де: «Күймеңізді жегіп алып, жаңбыр астында қалып қоймау үшін үйіңізге қайтыңыз!» — деп тапсырды.
45Осы аралықта аспан жөңкіп келіп қалған бұлттардан қап-қара болып қарайып, қатты жел соғып, жаңбыр құйып кетті. Ал Ахаб күймесіне отырып, Ізрел жаққа қарай кеткен болатын. 46Сол кезде Жаратқан Ие Ілиясқа құдіретті қолын тигізіп, оған күш-қуат сыйлады.#18:46 Пат4 3:15; Езк 1:3. Содан ол шапанының етегін белдігіне түріп алып, сонау Ізрелге дейінгі жол бойында#18:46 25 шақырымның үстінде. Ахабтан бұрын жүгіріп отырды.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 18: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.