Патшалықтар 3-ж. 12
12
Солтүстік рулардың Дәуіттің әулетінен бөлініп кетуі
1Сол кездері Рохабоғам Сихем қаласына барды, себебі бүкіл Исраил халқы оны патша етіп бекіту үшін Сихемге жиналған еді.#12:1 Солтүстік рулардың басты қалаларының бірі — Сихемде Исраил халқы ежелде Жаратқан Иеге адал болу жайлы Келісімін бекіткен еді (Еш 24:22-27). 2Бұл туралы хабар алған Набат ұлы Еробоғам#12:2 11:26-31,40. Сүлеймен патшадан қашып барған Мысыр елінен қайта оралды. 3Өйткені біреулер адам жіберіп, оны шақыртқан еді.
Сонда Еробоғам мен бүкіл Исраилдің жамағаты Рохабоғамның алдына келіп, оған тіл қатып былай деді:
4— Әкеңіз марқұмның бізге артқан жүгі тым ауыр! Оның мойнымызға салып қойған азапты қызметі мен зілдей жүгін жеңілдетсеңіз, сізге қызмет ететін боламыз! — 5Сонда патша:
— Қазір кете беріңдер, маған үш күннен кейін қайтып келіңдер! — деді. Халық тарап кетті.
6Рохабоғам әкесі Сүлейменнің көзі тірі кезінде уәзірі болған ақсақалдардан ақыл сұрап:
— Мына халыққа қандай жауап беру керек, не деп кеңес бересіздер? — деді. 7Ақсақалдар:
— Егер де бүгін бұл халықтың қызметшісі болып, айтқандарына құлақ асып ымыраға келсеңіз, онда олар әрдайым сіздің қызметшілеріңіз болмақ! — деген жауап қайырды.
8Бірақ Рохабоғам ақсақалдардың берген ақылын менсінбей, өзіне қызмет көрсететін құрдас жігіттерімен кеңесіп:
9— Ақылдарыңды айтыңдаршы маған. «Әкеңіз бізге артқан ауыр жүкті жеңілдете көріңіз!» деген мына халыққа қандай жауап қайтарамыз? — деп сұрады. 10Сонда құрдас жігіттері былай деді:
— Сізге: «Әкеңіздің мойнымызға салған ауыр жүгін жеңілдете көріңіз!» деген халыққа мынадай жауап беріңіз: «Менің шынашағымның өзі әкемнің белінен мықты! 11Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!»
12Патшаның «Маған үш күннен кейін қайтып келіңдер» деп айтқанына сай, Еробоғам мен бүкіл халық үшінші күні Рохабоғамның алдына жиналды. 13Патша ақсақалдардың берген кеңесін елемей, жас жігіттердің айтқан ақылдарын тыңдап, халыққа дөрекі жауап берді:
14— Әкем сендерге ауыр жүк артқан болса, мен соның үстіне тағы да қосамын! Әкем сендерді жай қамшымен ұстаған болса, мен дойыр қамшының астына аламын!
15Осылайша патша халықтың өтінішіне құлақ салмады. Ал оқиғаның бұлай бет бұруы Жаратқан Иенің еркі бойынша еді. Сол арқылы Ол Өзінің шилолық Ахиях пайғамбар арқылы Набат ұлы Еробоғамға айтқан сөзін іске асырды.#12:15 11:29-39.
16Бүкіл Исраилдің өкілдері патшаның өздеріне құлақ түрмегенін көргенде, оған қарсы айқайлап былай деді:
— Дәуітке біздің қатысымыз жоқ,
Есейдің ұлында еш үлесіміз жоқ!
Мекендеріңе қайтыңдар, исраилдіктер!
Дәуіт, өз үйіңе-ақ билік ете бер!#12:16 Пат2 20:1; Шеж2 10:16.
Содан олар мекендеріне қайтып кетпек болды.
Солтүстік Исраилдің бірінші патшасы Еробоғам І
17Осылай Рохабоғам тек Яһуда руының қалаларында тұратын исраилдіктерге ғана патша болып қалды. 18Сонда ол (патшалықтың біртұтастығын қалпына келтіру мақсатымен) міндетті жұмыстарды басқарушы Адонирамды#12:18 (4:6; 5:14) Осы есімнің Адорам мен Хадорам деген түрлері де бар. халыққа жіберді. Бірақ (Солтүстік) Исраилдің барлық өкілдері оны таспен атқылап өлтірді. Ал Рохабоғам патшаның өзі күймесіне секіріп мініп, Иерусалимге қашып құтылды.
19(Солтүстік) Исраил күні бүгінге дейін Дәуіттің әулетінен шыққан патшаларға бағынбай келеді. 20Себебі Исраилдің халқы Еробоғамның елге қайтып келгенін естігенде, оған хабар жіберіп, жиналысқа шақырған#12:20 12:1-3. еді. Сонда олар оны бүкіл Солтүстік Исраилдің патшасы етіп тағайындады. Тек (оңтүстіктегі) Яһуда руы ғана Дәуіттің әулетін қолдап, оған адал болып қала берді.
Пайғамбардың Рохабоғамды сақтандыруы
21Сүлеймен ұлы Рохабоғам Иерусалимге қайтып келген соң, (Солтүстік) Исраилге қарсы аттанып, бүкіл патшалықты өзіне қаратып алмақ болды. Сол үшін күллі Яһуда халқы мен Бунямин руынан бір жүз сексен мың таңдаулы сарбазын жинады.
22Бірақ Құдай Өзінің таңдаған адамы#12:22 Демек, Өзінің пайғамбары, яғни хабаршысы (Заң 33:1; Пат1 2:27; 9:6). Шемаяхқа сөзін арнап былай деді: 23«Яһуданың патшасы Сүлеймен ұлы Рохабоғамға, бүкіл Яһуда мен Бунямин руларына және халықтың қалғандарына тіл қатып былай де: 24Жаратқан Ие мынаны айтады: Жорыққа аттанып, өз ағайындарың — исраилдіктермен соғыспаңдар! Барлығың да үйлеріңе қайтыңдар! Себебі мұны істеп отырған Өзіммін!»#12:24 11:31-33; 12:15.
Сонда олар Жаратқан Иенің сөздеріне құлақ асып, Ол бұйырғандай келген жақтарына қайта оралды.
Еробоғамның жас бұқа мүсіндерін орнатып күнәға батуы
25Еробоғам Ефремнің таулы жеріндегі Сихем қаласын#12:25 12:1. нығайтып қайта салып, соны мекендейтін болды. Содан кейін ол Пенуелге барып, сол қаланы да бекітті. 26Ол іштей қауіптеніп жүріп: «Осы елдің патшалық билігі Дәуіттің әулетіне қайтып кетер ме екен. 27Егер халық Иерусалимге өрлеп барып, Жаратқан Иенің киелі үйінде құрбандық ұсынатын болса, онда көңілдері бұрынғы билеушісі — Яһуда патшасы Рохабоғамға ауатын шығар. Сонда олар мені өлтіріп, Рохабоғамға қайта оралып жүрер», — деді.
28Сол себепті патша кеңесіп алып, алтыннан екі жас бұқа мүсінін#12:28 Мыс 20:4; 32:4-8. жасатып, халыққа: «Иерусалимге бару сендерге тым қиын ғой. Әй, Исраил, сені Мысыр елінен бастап алып шыққан тәңірлерің осылар!» — деп жариялатты. 29Екі мүсіннің біреуін Бетел,#12:29 Жар 28:17,22; 35:1,9-15; Ош 8:4-6; 10:5. екіншісін Дан#12:29 Бил 18:29-31. қалаларында орнатқызды. 30Бұл ауыр күнәға түрткі болды.#12:30 Мыс 20:2-6; Леу 19:4. Себебі халық оларға сонау Данға дейін барып табына бастады. 31Еробоғам биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге табынатын ғибадатханалар салғызып, Леуі руынан емес, кез келген адамды діни қызметкер етіп тағайындады.#12:31 Мыс 28:41; Рул 18:7.
32Еробоғам оның үстіне Яһудада жыл сайын тойланатын Күркелер мейрамына#12:32 Леу 23:33-34; Рул 29:12. еліктеп, сегізінші айдың он бесінші күні жаңа бір мейрам өткізуді бекітті. Ол осы мейрам кезінде Бетелде өзі жасатқан жас бұқа мүсіндеріне арнап құрбандықтар ұсыну үшін ондағы құрбандық үстелінің қасына көтерілді. Патша салғызған табыну орындары үшін діни қызметкерлерін Бетелде тағайындады. 33Өз бетімен ойлап шығарған сегізінші айдың он бесінші күніндегі мейрамда патша Бетелде өзі салдыртқан құрбандық үстелінің қасына көтерілді. Осылайша ол халыққа өзі тағайындаған мейрам кезінде құрбандық үстелінде хош иісті заттар түтетіп ұсынды.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.