YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 3-ж. 11

11
Сүлейменнің Жаратқан Иенің жолынан таюы
1Алайда Сүлеймен көптеген шетелдік әйелдерге ғашық болды: перғауынның қызынан басқа оның моабтық, аммондық, едомдық, сидондық, хеттік әйелдері де болды. 2Жаратқан Ие (жалған тәңірлерге табынатын) осы халықтар туралы: «Олармен араласып, қыз алысып, қыз берісуші болмаңдар! Әйтпесе олар сендердің жүректеріңді өздерінің тәңірлеріне бұрып әкетулері сөзсіз!» деп исраилдіктерге ескерткен еді. Бірақ та Сүлеймен сол жат жұрттық әйелдерге ғашық болып жабыса қалуын қоймады. 3Жалпы, Сүлейменнің патша тұқымынан шыққан жеті жүз жұбайы және тағы үш жүз кәнизагы#11:3 Заң 17:17; Пат2 5:13. болды. Олар оны тура жолдан тайдырып әкетіп адастырды. 4Себебі қартайған шағында әйелдері Сүлейменнің жүрегін бөтен тәңірлерге бұрып әкетті. Осылайша оның жүрегі әкесі Дәуіттің Құдай Иесіне толықтай бағышталған жүрегі#11:4 8:61; 9:4; 15:3,14. сияқты болмады. 5Қайта, Сүлеймен сидондықтардың табынатын әйел тәңірі Астартаға және аммондықтардың жиренішті тәңірі Молохқа құлшылық ете бастады. 6Мұнысымен Сүлеймен Жаратқан Иеге жек көрінішті іс істеп, Жаратқан Иенің жолымен адал жүрген әкесі Дәуіт сияқты болмады.
7Сол кезде Сүлеймен Иерусалимнің шығыс жағындағы бір төбеде моабтықтардың жексұрын тәңірі Хамосқа және аммондықтардың жиренішті тәңірі Молохқа арнап биіктеу жердегі табыну орындарын салды. 8Патша осындай орындарды өзінің жат жерлік әйелдерінің барлығына жасап берді. Олар сол құрбандық орындарында өздерінің табынатын жалған тәңірлеріне хош иісті заттар түтетіп, құрбандықтар шалып ұсынатын.
9Сонда Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие Сүлейменге қаһарланды. Өйткені ол өзіне екі рет аян берген Жаратқан Иеден теріс бұрылып кетті. 10Жаратқан Ие оған бөтен тәңірлердің жолына түсуге айрықша тыйым салса да, Сүлеймен Оның бұйрығын еш елемей ұстанбады.
11Содан Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп хабарлады: «Сен осылай істеп Менің Келісімімді, өзіңе орындауға тапсырған ережелерімді ұстанбадың. Сол себептен Мен міндетті түрде патшалық билікті сенен жұлып алып, қызметшілеріңнің біреуіне тапсырамын. 12Дегенмен әкең Дәуітке бола бұны сенің көзіңнің тірісінде істемеймін. Мен патшалықты ұлыңның қолынан жұлып алатын боламын. 13Алайда қызметшім Дәуіт үшін және Өзім таңдап алған Иерусалим үшін ұлыңнан бүкіл патшалықты тартып алмай, оның билігіне бір руды қалдырамын».
Сүлейменнің дұшпандары Хадад және Резон
14Сонда Жаратқан Ие Сүлейменге бір дұшпанды шығарды. Ол Едом елінің патшалық тұқымынан шыққан Хадад еді. 15Ертеректе Дәуіт Едом халқымен соғысқан кезде әскер қолбасшысы Жоғаб қаза тапқандарды қабірге қою үшін сонда барғанда, едомдық ер адамдарды жаппай қырып-жойған болатын. 16Жоғаб исраилдік жасақпен елдің барлық еркек кіндіктілерінің көзін құртқанша Едомда алты ай бойы тұрды. 17Тек Хадад пен оның әкесінің кейбір едомдық қызметкерлері ғана Мысырға қарай қашып кетті. Хадад сол кезде жас бала болатын. 18Олар Мадиян арқылы Синай түбегіндегі Паран даласына жетті. Сол жерден өздеріне біраз адам қосып алып, Мысырға барып, оның патшасы перғауынның алдына келді. Перғауын Хададқа тұратын үй мен жер беріп, тамақпен де қамтамасыз етті.
19Перғауынның Хададқа риза болғаны сонша, оған өз жұбайы Тахпенесаның сіңлісін әйелдікке алып берді. 20Тахпенесаның сіңлісі Хададқа Генубат деген ұл туды. Патшайым Тахпенеса осы баланы патша сарайында тәрбиеледі. Осылайша Хададтың ұлы перғауынның сарайында оның өз ұлдарымен бірге өсті.
21Мысырда жүрген сол уақытында Хадад Дәуіттің көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгені және әскер қолбасшысы Жоғабтың да дүние салғаны туралы естіді. Сонда ол перғауыннан:
— Маған рұқсат берсеңіз екен, өз еліме қайтып барайын, — деп өтінді. 22Перғауын оған:
— Менің қасымнан өз еліме қайтып барайын дейтіндей, саған бұл жерде не жетіспейді? — деген сауал қойды. Хадад оған:
— Бәрі де жеткілікті, әйтсе де еліме жіберсеңіз екен! — деп қоймады.
23Құдай Сүлейменге тағы басқа бір дұшпанын шығарды. Ол қожайыны — Соба#11:23 (Пат2 8:3; 10:16) Арама (бүгінгі Сирия) еліндегі ежелгі қала және ел. патшасы Ададәзерден қашып кеткен Әлияда ұлы Резон болатын. 24Дәуіт Собаның әскеріне күйрете соққы бергеннен кейін,#11:24 Пат2 10:8,18. Резон қасына адамдар жинап, сарбаздар тобының басшысы болды. Олар Дамаскіге аттанып, сонда орнығып, Резонды Дамаскіде патша етіп қойды. 25Кейін Резон бүкіл Арама еліне патшалық құрып, Исраилдің қарсыласы болды.
Хадад пен Резон екеуі Сүлейменнің тұсында Исраилдің жауы болып, оған көп қиыншылықтар туғызды.
Пайғамбардың Еробоғамға Құдайдың хабарын жеткізуі
26Сол шамада Сүлейменнің қызметкерлерінің бірі — Набат ұлы Еробоғам да патшаға қарсы бас көтерді. Ол Ефрем руының жеріндегі Сәредахтан шыққан еді. Оның анасы Серуа жесір әйел болатын.
27Еробоғамның патшаға қарсы бас көтергенінің жайы мынау: сол кезде Сүлеймен патша әкесі Дәуіттің шаһарының айналасындағы саты тәрізді беткейді салдырып,#11:27 (9:15,24) Немесе: Сүлеймен Миллоны салдырып. шаһардың қамалындағы бір бұзылған жерін жөндеумен айналысып жүрген еді. 28Еробоғам қайратты да қабілетті жігіт болатын. Оның жақсы жұмыс істеп жүргенін көрген Сүлеймен Еробоғамды Жүсіптен тараған екі рудың жұмысшыларының үстінен басқарушы етіп тағайындады.
29Сол күндердің бірінде Еробоғам Иерусалим қаласынан шығып келе жатқанда, алдынан шилолық Ахиях пайғамбар кездесті. Пайғамбар үстіне жаңа шапан киіп алған екен. Далада екеуінен басқа ешкім болмады. 30Сонда Ахиях өзінің үстіндегі су жаңа шапанын шешіп алып, қолдарымен ұстап тұрып, он екі бөлікке паршалап жыртты да, 31Еробоғамға былай деді: «Осы он паршаны өзіңе ал! Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Біліп ал! Мен патшалықты Сүлейменнің қолынан жұлып алып, он рудың үстінен билікті саған беріп отырмын. 32Тек қызметшім Дәуіт үшін және Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам — Иерусалим үшін оның билігіне бір руды қалдырамын. 33Исраилдіктер#11:33 Немесе: Ол. Менен бас тартып, сидондықтардың табынатын әйел тәңірі Астартаға, моабтықтардың тәңірі Хамосқа және аммондықтардың тәңірі Молохқа#11:33 9:6-7; 11:5-9; Ерм 2:13. бас ұра табынып кеткендіктен, Мен осыны істеймін. Олар Менің жолыммен жүріп, Маған ұнамды істер істеген, әрі Менің ережелерім мен шешімдерімді сақтаған Сүлейменнің әкесі Дәуіт сияқты болмады.
34Сонда да Мен патшалықты Сүлейменнің өз қолынан тартып алмаймын. Кезінде менің өсиеттерім мен ережелерімді ұстанып, таңдаулы қызметшім болған Дәуітке бола Сүлейменді өмірінің соңына дейін билеуші болуға бекіттім. 35Бірақ оның ұлының қолынан патшалықты жұлып алып, он рудың билігін саған тапсырамын. 36Ал қызметшім Дәуіттің әулетінің ұдайы Менің көз алдымда Иерусалимде патшалық құрып шам-шырақ іспетті сәуле шашулары үшін,#11:36 Немесе: Дәуіттің (өмір) «шырағы» (оның болашақта патшалық құратын ұрпақтары арқылы) Менің көз алдымда өшпей жана беруі үшін (15:4; Шеж2 21:7; Жыр 131:17). Сүлейменнің ұлының билігіне бір руды тапсырамын. Өйткені Иерусалим — есімімді орнату үшін Өзім таңдап алған қалам.
37Алайда Мен сені Исраилдің патшасы болуға тағайындап, сен жүрегің қалаған нәрселердің бәріне билік жүргізетін боласың. 38Егер Менің өзіңе өсиет еткенімнің барлығына мойынсұнсаң, әрі қызметшім Дәуіттің орындағанындай, сен де Менің жолыммен жүріп, Маған ұнамды істерді істеп, Менің ережелерім мен өсиеттерімді ұстанатын болсаң, онда Мен де саған әрқашан жар болып, сенің патшалық әулетіңді Дәуіттің патшалық әулетіндей үздіксіз етіп бекітемін және (Солтүстік) Исраил елінің патшалық билігін сенің қолыңа тапсырамын. 39Осыны істеуім арқылы Мен Дәуіттің әулетін (Сүлейменнің күнәсінің кесірінен) төмендетіп жазалаймын.#11:39 12:16,19-20,24; 14:25-26; Жыр 88:39-46. Алайда мұны мәңгілікке істемеймін».
40(Болған оқиғаны біліп қойған) Сүлеймен Еробоғамды өлтірмек болды. Бірақ ол Мысырға қашып барып, сол елдің патшасы Шұшақтан#11:40 Шешонк І перғауынның Шишақ және Сусаким деп те жазылады. Мысырдың 22-ші патша әулетінің негізін салған ол кейін Иерусалимге қарсы аттанды (14:25). пана сұрады. Еробоғам Мысырда Сүлеймен қайтыс болғанға дейін тұра берді.
Сүлейменнің дүние салып, Рохабоғамның патша болуы
41Сүлеймен патшалық құрған кезде болған басқа да жайттардың барлығы, оның іс-әрекеттері мен даналығы «Сүлейменнің істері» деген кітапта#11:41 (Шеж2 9:29-31) Яки: шиыршық жазбада. (Ол қолымызға жеткен жоқ.) баяндалған. 42Сүлеймен Иерусалимде бүкіл Исраилдің үстінен қырық жыл бойы патшалық құрған соң 43көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелді. Оның мәйіті әкесі Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Сүлейменнің ұлы Рохабоғам орнын басып патша болды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 3-ж. 11