— Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Жаратқан Ие мені жарлыларға ізгі хабар жеткізуге және жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындады, сондай-ақ тұтқындарға босатылатындарын, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді. Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларына лайықты жазаларын тартқызатын кезін жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді. Маған Сион қаласындағы жоқтап жүргендердің бастарына шашқан күл орнына әшекейлі тәж кигізіп, жұпар иісмай жағып, қайғыларын қуанышпен алмастыруды тапсырды. Үміттері үзіліп, көңілдерін мұң шалғандар енді мадақтау әндерін шырқап, шаттыққа бөленетін болады.
Сонда олар «Жаратқан Иенің Өзі отырғызған мықты ағаштары» деп аталады, әрі Оның алдында ақталған, әділдік істеп, салтанатты ұлылығын паш ететін халқы болады.