Жохан 3
3
Нікөдемнің сұрағы: Құдайға қалай жақындауға болады?
1Парызшылдар#3:1 1:24; 7:32,45-52. арасында яһуди халқының Нікөдем есімді басшысы бар еді. 2Ол Исаға түнде келіп:
— Ұстаз, Сіздің Құдайдан келген мұғалім екендігіңізді білеміз. Себебі Сіз жасаған керемет істерді Құдайдың қолдауынсыз ешкім де орындай алмайды, — деді. 3Иса:
— Саған өте маңызды шындықты айтып тұрмын: кімде-кім қайтадан туылмаса, Құдайдың Патшалығын көре алмайды,#3:3 Яғни адам Құдай беретін жаңа өмірді қабылдаса ғана, Құдайдың рухани баласы болып, Онымен қарым-қатынаста тұра алады (1:12-13; 3:5; 12:40; Лұқ 18:24-27). — деді. 4Нікөдем:
— Есейген адам қалайша қайта туылады? Шешесінің құрсағына еніп, екінші рет дүниеге келуі мүмкін бе? — деп сұрады. 5Иса:
— Саған өте маңызды шындықты айтайын: кімде-кім судан және Киелі Рухтан туылмаса#3:5 Яки: кімде-кім күнәсінен тазарып, Құдайдың Рухының ізгі іс-әрекетімен жаңа өмірді иеленбесе (1:12-13; 3:3; Елш 2:38; 22:16; Пет1 1:23,25; Тит 3:5). Құдайдың Патшалығын көре алмайды. 6Тәннен — тән, Рухтан — рух туады. 7Менің «қайтадан туылуға тиіссіңдер» дегеніме таңданба! 8Жел қалаған жерінде соғады: оның гуілін естисің, бірақ қайдан келіп, қайда кеткенін білмейсің. Киелі Рухтан туылған әр адамның басынан өткені де осыған ұқсас,#3:8 Киелі Рухтың адамның ішкі дүниесіндегі ізгі іс-әрекеті көрінбейді, оны алдын ала біле алмайсың, бірақ Киелі Рухтан туылған әркім оны сезеді (14:16-17; Қор1 2:14). — деді. 9Нікөдем:
— Бұл қалай болады? — деп сұрағанда, 10Исаның жауабы мынау болды:
— Исраилдің дін мұғалімі бола тұра, осыны білмейсің бе? 11Саған өте маңызды шындықты айтайын: біз білгеніміз туралы сөйлеп, көргеніміз туралы куәлік етеміз,#3:11 1:18; 3:13,32-34; 12:49; Мат 11:27. ал сендер айтқандарымызды қабыл алмайсыңдар.#3:11 1:11; 3:32; 5:37-40; Мат 11:16-19. 12Мен сендерге жерде болып жатқандарды айтқанда сенбейсіңдер, ал егер көктегі рухани нәрселер туралы сөйлесем, қалай сенбексіңдер?
13Көктен келген Билеушіден#3:13 Яки: Өзімнен. (Немесе: «Адам Ұлынан». Бұл атақ Иса Мәсіхтің Өзін білдіреді: Дан 7:13-14; Лұқ 19:10; 22:67-70; Түсіндірмені де қараңыз.) басқа ешкім көкке шыққан жоқ, (Ол — көкте тұрушы).#3:13 Сондықтан көктегі рухани іс-әрекеттер туралы Исадан басқа ешкім айта алмайды (3:32; 5:19-20). 14Мұса пайғамбар айдалада мыс жыланды жоғары көтеріп қойған. Дәл солай көктен келген Билеуші де көтеріліп қойылуға тиіс.#3:14 Ежелде Құдай күнә жасаған Исраил халқына улы жыландар жіберіп жазасын тартқызды. Олар жалынған соң, Құдай Мұсаға мыстан (не қоладан) жылан мүсінін жасатып, бағанның басына бекіткізіп, жоғары көтертіп қойғызған. Соған қарағандарды Құдай өлімнен алып қалған (Рул 21:6-9). Енді біраздан кейін Иса айқыш ағашқа шегеленіп, көтеріліп қойылып құрбан болды. Оған сенімдерін артқандар тозақтан құтқарылады (3:15-16). 15Сонда Оған сенуші әркім мәңгілік өмірге ие болады.
16Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын#3:16 1:14,18. құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей,#3:16 3:18-19; 8:51; 10:28; Пет2 3:9; Сал2 2:10. мәңгілік өмірге ие болады.
17Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді.#3:17 1:29; 6:40. 18Оған сенушілер қияметте сотталмайды. Ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған. 19Соттың мәні мынадай: «Құдайдың Нұры» жерге келді, бірақ адамдар Одан гөрі түнекті жақсы көрді, себебі олардың істері жаман еді.#3:19 1:4-5,9-12; 9:4-5; 12:35-36.
20Жамандық істеген әркім Нұрды жек көреді және жасаған істері әшкереленбес үшін Нұрға жоламайды. 21Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады.
Жақия пайғамбардың Исаға жол беріп, құрмет көрсетуі
22Бұдан кейін Иса шәкірттерімен Яһудея аймағына барды. Сонда біраз уақыт олармен бірге болып, теріс жолдан қайтқан кісілерді шомылдыру рәсімінен өткізді.#3:22 4:1-2; Лұқ 3:3. 23Жақия пайғамбар да Сәлім қаласына жақын Енонда осы рәсімді орындап жүрді, өйткені ол жерде су мол еді. Көп адамдар оған келіп, рәсімнен өтті. 24Сол кезде Жақия әлі де түрмеге жабылмаған болатын.#3:24 Күнәсін ашып ескерткені үшін аймақ әкімі Ирод Антипас Жақия пайғамбарды кейін түрмеге жаптырды (Мат 4:12; 14:3; Лұқ 3:19-20).
25Осы уақытта Жақияның шәкірттері мен өзге бір яһудидің арасында діни тазару салттары туралы айтыс туды. 26Олар Жақияға келіп:
— Ұстаз, өткенде Иорданның арғы жағында сізбен бірге болған Адамға өзіңіз жақсы куәлік берген едіңіз. Ал енді Ол да шомылдыру рәсімін орындауда. Жұрттың бәрі Соған барып жатыр! — деді. 27Жақияның жауабы мынау болды:
— Құдай бермесе, ешкім еш нәрсе ала алмайды. 28«Мен Мәсіхтің Өзі емеспін, тек Оның алдынан жіберілген хабаршысы ғанамын» деп айтқаныма#3:28 1:20,23,26-27. сендер өздерің куәсіңдер. 29Қалыңдығы бар кісі — күйеу жігіт қой. Оны күтіп тұрған досы даусын естіп, қуанады. Қазір менің қуанышым қойныма сыймай тұр.#3:29 Себебі адамдар Мәсіхтің сөзін тыңдап, Оның жолына түсуде. (Мұндағы қалыңдық — Мәсіхке сенушілерді, күйеу жігіт — Мәсіхті, ал досы — Жақия пайғамбардың өзін астарлап білдіреді: Мат 9:15; Еф 5:25,31-32.) 30Мәсіхтің беделі артуға, ал менікі төмендеуге тиіс.
31Көктен келген Ол бәрінен де ұлы. Жерден пайда болған мен жердікімін, сондықтан жердің тұрғысынан сөйлеймін.#3:31 Яғни табиғи жолмен туған мен жай бұ дүниелікпін, сондықтан жердің тілінде әрі соның көзқарасынан сөйлеймін (3:12; 16:28; Қор1 15:47-48). Көктен келген Мәсіх бәрінен де үстем! 32Ол Өзінің көкте көріп, естігендеріне куәлік етеді.#3:32 Яки: көкте көріп, естігендерін ашық айтады (3:13; 5:19-20). Алайда Оның шынайы хабарын көпшілік қабылдамайды. 33Бірақ соны қабылдағандар Құдайдың Өзін шындық#3:33 Яки: шыншыл (сенімді) (8:26; 17:3; Тит 1:2). деп мойындайды. 34Құдай жіберген Мәсіх Оның хабарын жариялайды, өйткені Құдай Оған Киелі Рухын шексіз береді. 35Әкесі Ұлын сүйіп, Оның қолына бар билікті тапсырған. 36Құдайдың рухани Ұлына сенушілер мәңгілік өмірге ие. Ал Оны тыңдамағандар шынайы өмірді көрмей, Құдайдың төніп тұрған қаһарына ұшырайды.
موجودہ انتخاب:
Жохан 3: КК 2010
سرخی
شئیر
کاپی
کیا آپ جاہتے ہیں کہ آپ کی سرکیاں آپ کی devices پر محفوظ ہوں؟ Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.