YouVersion Logo
Search Icon

Софония 3

3
Күнәкар Иерусалимге шығарылған үкім
1Қанаушылардың мойынсұнбас, қыңыр әрі арамданған қаласы қасіретке қалады! 2Ол ешкімді тыңдамай, ешкімнен ескерту қабылдамайды. Қала Жаратқан Иеге сенім артпайды, өз Құдайына жақындамайды! 3Оның әміршілері ақырған арыстандай, төрешілері аш қасқырдай. Олар кешке жортуылға шығып, таң атқанша жемтігінің ештеңесін де қалдырмайды. 4Қаланың пайғамбарлары менмен де сатқын жандар. Діни қызметкерлері киелі орынды арамдап, Таурат заңын бұзып аяққа басады. 5Иерусалимді мекендейтін Жаратқан Ие әділ, Ол әділетсіз еш нәрсе істемейді. Таң атқан сайын Ол әділдікті жүзеге асырып, әрбір жаңа күн сайын сонысын тоқтатпайды. Бірақ әділетсіздер ұят дегенді білмейді.
6(Жаратқан Ие тағы мынаны айтады:) «Мен халықтарды қырдым, олардың бекіністі қалаларын бұздым. Көшелерін қаңыраттым, олармен жүретін ешкім де қалмады. Қалалары қираған, адамдары жоқ, тіпті бірде-бір тұрғыны қалмаған. 7Мен қалаға былай дегенмін: Сен Мені сөзсіз қастерлеп, ескертуімді қабылдайтын боласың. Солай істеген болса, ол қирамай, Менің бірде-бір жазама ұшырамаған болар еді. Бірақ олар бәрібір баяғы зұлым істерін бұрынғысынан бетер жалғастыра беруге әуестенді.#3:7 Иш 59:4,7-8; Ерм 7:13,23-26; Ош 9:9.
8Сондықтан Менің орнымнан тұрып, осы халықты айыптайтын күнімді күтіңдер! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Мен халықтар мен патшалықтарды жинап, оларға ашу-ызамды төгіп, лаулаған қаһарымды лап еткізуді шештім. Сол кезде бүкіл дүние Менің қаһарымның отына шалынып, жанып кетеді».
Аман қалғандардың Иерусалимге қайта оралуы
9«Сонда Мен адамдардың еріндерін тазартып,#3:9 Иш 6:5-7. олардың бәрі Жаратқан Иенің атын атап сиынып, Оған бірге ғибадат ететін болады. 10Құш#3:10 2:12. еліндегі өзендердің арғы жағынан Маған сиынып ғибадат ететіндер — Менің шашырап кеткен халқым сый-тартулар әкелетін болады. 11Сол күні сен (Иерусалим) Маған қарсы бас көтеріп жасаған бүкіл опасыз істерің үшін тағы да масқараға ұшырамайсың. Себебі Мен қаланың ішінен өркөкірек паңдардың барлығын аластатамын. Енді қайтып Менің киелі тауымда#3:11 Яғни Сионда (Жыр 2:6; 3:5; 14:1). кеуде көтермейсің. 12Қайта, сендердің араларыңда Жаратқан Иенің есіміне сенім артқан қарапайым да кішіпейіл халықты қалдырамын. 13Исраил халқынан аман қалғандар бұдан былай жамандық істемейді, өтірік те айтпайды. Олардың ауыздарынан жалғандық шықпайтын болады. Олар ішіп-жеп, алаңсыз тынығады, өйткені қорқытатын жаулары болмайды».#3:13 Мих 4:4; Ерм 46:27; Леу 26:6.
14Уа, Сион халқы, ән-жырыңды айта берші! Қуана айқайлашы, уа, Исраил! Шын жүректен қуанып-шаттан, Иерусалим халқы!#3:14 Немесе: Уа, Сион қызы,.. Иерусалим қызы! (Иш 1:8) 15Жаратқан Ие сенің үкіміңнің күшін жойып, жауыңды кері қайтарды. Исраилдің Патшасы#3:15 Иш 43:15; 44:6; Жыр 5:2; 46:7-8; 94:3. Жаратқан Ие араңда тұр, Ол саған жар! Енді қайтып пәледен қорықпайсың. 16Сол күні Иерусалимге былай деп жарияланатын болады: «Қорықпа, Сион, қолыңнан күш таймасын! 17Құдайың Жаратқан Ие араңда тұр! Ол — батыр іспетті құдіретті Құтқарушы саған қатты шаттанады, сүйіспеншілігімен сені тыншытып, саған қуанып мерекелейді».
18«Тағайындалған мейрамдарға өздері қатыса алмағандары үшін қайғыланған адамдарды енді жинаймын. Сенікі болған олар бір кезде жаудың олжасына айналып, сен масқараға ұшыраған едің.#3:18 Пат4 25:7,11,21; Жыр 136:1-7; Иш 3:25; 60:15; Абд 1:12-13. 19Болашақ кезде Мен саған қысым көрсеткендерді де қолға алып, барлығын жазалаймын. Ақсақ адамдарыңды құтқарып, шашырап кеткендеріңді жинап аламын. Масқара болған елдерінде енді оларға даңқ пен мадақ сыйлаймын. 20Мен сендерді жинағанда ата мекендеріңе бастап алып келемін. Өз көз алдарыңда сендерді тағы да игілікке кенелтіп, жер бетіндегі барлық халықтардың алдында атақ-даңққа бөлеймін».#3:20 Жар 12:2-3; Иш 60:14-15; 61:9. — Жаратқан Ие осыны уәде етеді.

Currently Selected:

Софония 3: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in