YouVersion Logo
Search Icon

Зәкәрия 14

14
Жаратқан Иенің келіп, жауларын жеңіп шығуы
1Біліп алыңдар, Жаратқан Иенің күні келе жатыр!
Сол заманда сендерден алынған олжа өз көз алдарыңда бөлінетін болады. 2Себебі Мен барлық халықтарды Иерусалимге қарсы соғысуға жинаймын. Қала олардың қолына түсіп, жау әскері ондағы үйлерді талан-таражға салып, әйелдерді зорлап масқаралайтын болады. Қала тұрғындарының жартысы жер аударылып әкетіліп, қалғандары қалада қалдырылады.
3Сонда Жаратқан Ие ежелгі замандарда шайқасқандай, осы халықтарға қарсы шайқасады. 4Сол күні Оның аяғы Иерусалимнің шығысындағы Зәйтүн тауында тұрады. Зәйтүн тауы шығыстан батысқа қарай қақ айырылып, екі ортада өте кең аңғар пайда болады. Таудың бір жартысы солтүстікке, екінші жартысы оңтүстікке қарай жылжиды.
5Сендер Менің тауларымның аңғарымен қашып құтыласыңдар, себебі сол аңғар Аселге дейін созылатын болады. Сендер жұрт Яһуда патшасы Ұзияхтың заманында болған жер сілкінісінен қашқандай қашасыңдар. Сонда менің Құдайым — Жаратқан Ие Өзіне бағышталған барлық қасиетті нөкерлерін ертіп келеді.#14:5 Заң 33:2; Жыр 95:13; Иш 66:15-16; Жое 3:11.
6Сол күннен бастап суық пен аяз атымен болмайды.#14:6 Немесе: Сол күні аспан денелері кішірейіп, енді қайтып сәулесін шашпайды (Иш 60:19,20). 7Сол күн ешқашан бітпейді, онда күндіз бен түннің айырмашылығы болмайды. Ол туралы тек Жаратқан Ие ғана біледі. Кешке әлі де жарық бола береді.#14:7 Иш 58:10.
8Сол күннен бастап Иерусалимнен тірі су ағып шығып, бір жартысы шығыстағы Өлі теңізге, екінші жартысы батыстағы Жерорта теңізіне ағып кететін болады. Ағысы қысы-жазы толастамайды.#14:8 Езк 47:1,7-8,12.
9Жаратқан Ие бүкіл жер бетінің Патшасы болады. Сол күні Жаратқан Ие бірден-бір Құдай болып, жалғыз Оның есімі ғана мадақталатын болады.
10Яһуданың солтүстігіндегі Геба мен Иерусалимнің оңтүстігіндегі Риммонның арасындағы бүкіл жер тегіс жазыққа айналады. Ал Иерусалим көтеріліп, өз орнында қала береді: ол Бунямин қақпасынан Бірінші қақпаның жеріне және Бұрыш қақпасына дейін, әрі Хананел мұнарасынан патшаның жүзім сыққыштарына дейін созылады. 11Халық Иерусалимге қоныстанып, қала енді қайтып қарғысқа ұшырап қиратылмайды.#14:11 Қала Бабыл патшасының қолына түскенде осындай болды (Иш 43:28; Заң 28:49-52). Осылай Иерусалимнің халқы аман-есен тұратын болады.
12Ал Иерусалимге қарсы соғысуға аттанған халықтардың бәріне Жаратқан Ие індет жібереді: олар аяқтарымен жер басып жүрген кездерінде-ақ тәндері іріп-шіріп, көздері ұяларында, тілдері ауыздың ішінде шіріп кетеді. 13Сол күні Жаратқан Ие оларды қатты абыржытып, араларында үрей туғызады. Олар қасында тұрғанды қолынан шап беріп ұстап алып, бір-біріне бас салатын болады.
14Сонда Яһуда елінің барлық адамдары да Иерусалимде соғысады. Содан айналадағы күллі халықтардың байлықтары: алтын-күміс пен киім-кешектері молынан жиналып, оларға олжа болады. 15Оның үстіне жаңағы індет сияқты пәле жаулардың жылқылары мен қашырларын, түйелері мен есектерін, әрі әскер қостарындағы барлық басқа малдарын да қырып тастайды.
Тірі қалғандардың Жаратқан Иеге ғибадат етуі
16Сонда Иерусалимге қарсы келген халықтардан тірі қалғандары енді жыл сайын Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етіп, Күркелер мейрамын тойлауға келетін болады.#14:16 Иш 2:2-4. 17Ал алда-жалда жер бетіндегі әулеттердің біреуі Патшаға, Әлемнің Иесіне, ғибадат етуге Иерусалимге өрлеп бармай қалатын болса, онда сондайлардың жеріне жаңбыр да жаумайтын болады. 18Егер Мысыр халқы жолға шығып Иерусалимге келмейтін болса, онда Жаратқан Ие Күркелер мейрамын тойлауға келмейтін халықтарға арнаған апаттарын соларға жібереді. 19Егер Мысыр мен басқа да елдердің халықтары Күркелер мейрамын тойлауға Иерусалимге өрлеп барудан бас тартса, олар осылай жазаланбақ.
20Сол күні жылқылардың қоңырауларында «Жаратқан Иеге бағышталған» деген жазу болады. Жаратқан Иенің киелі үйіндегі құрбандық етін пісіруге арналған қазандар құрбандық үстелінің алдындағы тостағандар#14:20 9:15; Леу 4:6-7; 6:28; Мыс 37:16. сияқты Оған бағышталған киелі болады.
21Құрбандық ұсынушы әркім келіп, шалған құрбандығының етін пісіре алуы үшін Иерусалим мен Яһудадағы кез келген тамақ пісіретін қазан Әлемнің Иесіне бағышталған киелі болады. Сол күннен бастап Әлемнің Иесінің киелі үйінде (Оған мойынсұнбайтын) бірде-бір қанахандық#14:21 Немесе: (Оған мойынсұнбайтын) ешбір саудагер (Соф 1:11). қалмайды.

Currently Selected:

Зәкәрия 14: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Зәкәрия 14