YouVersion Logo
Search Icon

Таңдаулы ән 2

2
1(Қалыңдық:)
Шарон жазығындағы райхандаймын,
Аңғардың лалагүліне ұқсаймын.
(Күйеу жігіт:)
2Рас, салыстырсам басқалармен, жалғызым,
Тікенектер арасындағы лаладайсың.
Қалыңдықтың екінші өтінішін білдіруі
(Қалыңдық:)
3Ғашығым жас жігіттер арасында
Алма ағашындай орман арасында!
Саясында оның отыра берсем екен,
Жемісі тәтті, ләззат табамын мен.
4Тойханаға алып барды ол мені,
Бәріне айқын өзімді сүйетіні.
5Ғашықтықтан әлсізбін, мейіз беріңдерші,
Алма да жегізіп күшейтіңдерші!
6Сол қолы басымның астында болсын,
Оң қолымен мені құшақтап алсын!
7Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын,
Елік пен бұғының аттарын атаймын:#2:7 Қалыңдық елік пен бұғыны өзінің жалына айтқан өтінішіне «куәгер» болуға шақырғандай олардың аттарын атайды (8:4).
Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін
Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін!
Күйеу жігіттің келіп, алғашқы өтінішін білдіруі
(Қалыңдық:)
8Сүйіктімнің даусы бұл, ол келе жатыр,
Таудан асып екпіндеп келе жатыр!
9Ол ұқсайды елік пен жас бұғыға,
Жетіп те қалды үйдің арт жағына,
Әне, ол терезеден қарайды да.
10Тіл қатып маған былай деді сүйіктім:
Тұршы, жаным, бірге жүрші, сүйкімдім!
11Қарашы, қыстың кезі өтіп кетті,
Жаңбыр жауған сол бір күндер өтті.
12Айнала гүлдер қаулап өсіп кеткен,
Құстардың әндетер кезі де келген,
Кептер гуілі естіледі әр жерден.
13Інжірдің алғашқы жемісі пісуде,
Жүзім де гүл шашып, хош иіс беруде,
Орныңнан тұршы енді, қарашығым,
Далаға шығайық, уа, ғашық жарым!
14Көгершінім, жартастың жарығында
Жасырынған, шыңдардың арасында,
Көрсетсеңші маған сұлу жүзіңді,
Естиін мен сондай тәтті үніңді!
15Ұстаңдаршы сол кішкентай түлкілерді,
Олар бүлдіреді ғой жүзімдіктерді,
Жүзімдігіміз гүлдеп тұр себебі.#2:15 Түлкі (яки шибөрі) осында зиян келтіретін күштер мен мәселелерді, ал жүзімдік екі жардың өзара қарым-қатынасын білдіреді (Нех 4:3; Жыр 62:11; Жоқт 5:18; Езк 13:4).
Қалыңдықтың жауабы
(Қалыңдық:)
16Сүйіктім менікі, ал мен онікімін,
Ол жайылып жүр арасында лалагүлдің.#2:16 Осындағы лалагүл — қыздың өзі (2:1), ал сүйген жары — елік іспетті (2:17).
17Таң атып, көлеңке жоғалып кеткенше,
Жас бұғыдай тау сайларында секірші,
Сүйіктім, еліктей кері қайтып келші!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in