Нехемия 3
3
Қала қабырғасының құрылысшылары
1Осылай бас діни қызметкер Елияшип өз ағайындары — діни қызметкерлермен бірге жұмысқа кірісіп кетті. Олар Қой қақпасын тұрғызып, есіктерін орнатты; содан соң Қой қақпасына әрі қала қабырғасының Жүздік және Хананел мұнараларына дейінгі аралығына Жаратқан Иеге бағышталу рәсімін жасады. 2Бас діни қызметкердің жанында Иерихонның адамдары, ал солардың қасында Имри ұлы Зақур қала қабырғасының келесі бөліктерін салды.
3Сенуаның ұлдары Балық қақпасын тұрғызды. Олар соның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. 4Олардың жанында Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот келесі бөлікті жөндеп бекітті. Оның жанында Мешизабелдің немересі Барақиях ұлы Мешулам, ал соның қасында Бағана ұлы Садық қабырға бөліктерін жөндеп нығайтты. 5Бұлардан кейінгі бөлікті текоялықтар бекітіп қалпына келтірді. Бірақ олардың ауқаттылары басқарушыларының тапсырмаларына сай жұмысқа мойынсұнғылары келмеді.#3:5 Немесе: олардың мықтылары Иелерінің жұмысына мойынсұнғылары келмеді (Бил 5:23; Ерм 5:4-5).
6Пасеах ұлы Жояда мен Бесодиях ұлы Мешулам Көне қақпаны#3:6 Яки: Ешана қақпасын (Шеж2 13:19). (Оның Ефрем қақпасымен бірдей болғаны ықтимал: 12:39.) жөндеп нығайтты. Олар қақпаның бөренелерін қиюластырып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. 7Олардың қасындағы жөндеу жұмыстарын гибеондық және миспалық адамдар, гибеондық Мелатиах пен мероноттық Ядон әрі Батыс Евфрат өлкесінің әміршісіне қарайтын жерлерден келгендер атқарды. 8Солардың жанында зергерлердің#3:8 3:31-32. біреуі — Харқаях ұлы Ұзиел, ал оның қасында хош иісті зат дайындаушылардың біреуі — Хананиях қабырғаның бір бөлігін жөндеп нығайтты. Бұлар Иерусалимді Кең қабырғаға дейін бекітіп қалпына келтірді. 9Солардың жанында Иерусалимнің жарты ауданын басқаратын Һұр ұлы Рефаях қабырғаның келесі бөлігін жөндеп бекітті. 10Олардың қасында Харумаф ұлы Едаях қабырғаның өз үйінің қарсысындағы бөлігін, ал оның жанында Хашабнея ұлы Хатуш келесі бөлікті қалпына келтіріп нығайтты. 11Харым ұлы Малқиях пен Пахат-моаб ұлы Хашуб қабырғаның қосалқы бөлігін#3:11 Яки: екінші бөлігін (3:19,20,21,24,27,30 аяттарда да солай). және Тандыр мұнарасын жөндеп бекітті. 12Содан кейінгі жерді Иерусалимнің жарты ауданының әкімі Халохеш ұлы Шаллум өз қыздарымен бірге қалпына келтіріп нығайтты.
13Анон және Заноах қаласының тұрғындары Аңғар қақпасын нық етіп тұрғызды да, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Олар тағы да Күл қақпасына дейінгі қала қабырғасының бір мың шынтақ#3:13 Шамамен 450 м. бөлігін жөндеп бекітті.
14Беткәрем ауданының әкімі Рехап ұлы Малқиях Күл қақпасын жөндеп бекітіп, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін қайтадан орнатты.
15Миспа ауданының әкімі Қолхозе ұлы Шаллум Қайнар қақпасын тұрғызып бекітті де, төбесін жауып, есіктерін, ысырмалары мен кесе-көлденең бөренелерін орнатты. Шаллум, сондай-ақ, қабырғаның Патша бағының қасындағы Силоғам#3:15 Осы жер атының Силоғах пен Селах деген түрлері де бар (2:14; Иш 8:6; 22:9; Жох 9:7). Патша бағы: Пат4 25:4. тоғанының тұсындағы бөлігін Дәуіттің шаһарынан төмен түсіп жатқан баспалдақтарға дейін жөндеп нығайтты. 16Шаллумнан кейін Бет-Сұрдың жарты ауданының әкімі — Азбұқ ұлы Нехемия қабырғаның Дәуіт әулетінің қабірлеріне#3:16 Шеж2 16:14. қарама-қарсы жатқан жерінен бастап, қолдан жасалған тоған мен Батырлар тұрағына дейінгі аралығын жөндеп бекітті.
17Одан кейін леуіліктер Бани ұлы Рехумның басшылығымен қабырғаны жөндеп нығайту жұмыстарын атқарды. Олармен көршілес бөлікті Кеилдің жарты ауданының әкімі — Хашабиях сол жарты ауданның атынан жөндеп бекітті. 18Хашабияхтан кейін оның ағайындары Кеилдің келесі жарты ауданының әкімі — Хенадад ұлы Бинуйдің#3:18 Яки: Баввайдың. басшылығымен жөндеп нығайту жұмыстарын жүргізді. 19Бинуйдің қасында Миспаның әкімі — Ешуа ұлы Езер қабырға бұрышындағы қару-жарақ қоймасына апаратын асудан басталатын қосалқы бөлікті жөндеп бекітті. 20Езердің жанында Забай ұлы Барух бұрыштан бастап, бас діни қызметкер Елияшиптің сарайының кіреберісіне дейінгі қосалқы бөлікті құлшына жөндеп нығайтты. 21Барухтан кейін Хақостың немересі Ұрия ұлы Меремот Елияшиптің сарайының кіреберісінен сарайдың шетіне дейінгі қосалқы бөлікті қалпына келтіріп нығайтты.
22Меремоттан кейінгі бөлікті төңіректегі жерлерден жиналған діни қызметкерлер жөндеп бекітті. 23Діни қызметкерлердің қасында Бунямин мен Хашуб өз үйлерінің тұсындағы бөлікті жөндеп нығайтты. Олардан кейін Ананиях немересі Мағасиях ұлы Азариях өз үйінің маңындағы бөлікті бекітіп қалпына келтірді. 24Одан кейін Хенадад ұлы Бинуй Азарияхтың үйінен бастап, қабырғаның ішке қарай кіре түскен жеріне және оның бұрышына дейінгі екі аралықтағы қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты. 25Ұзай ұлы Палал қабырғаның ішке қарай кіре түскен бөлігін және Қарауылдар ауласының жанындағы патшаның Жоғарғы сарайынан шығатын мұнараның қарсысындағы бөлікті жөндеп бекітті. Палалдан кейін Парош ұлы Педаях 26және Опел төбесінде тұратын ғибадатхана қызметшілері қабырғаның шығыс жақтағы Су қақпасының қарсысы мен Шығыңқы мұнараның маңына дейінгі аралығын қалпына келтірді. 27Бұлардың жанында текоялықтар Үлкен шығыңқы мұнараның қарсысынан бастап, Опел төбесіндегі қабырғаға дейін созылған қосалқы бөлікті жөндеп нығайтты.
28Жылқы қақпасынан жоғарырақ жерде діни қызметкерлер әрқайсысы қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін жөндеп нығайтты. 29Олардың қасында Имер ұлы Садық қабырғаның өз үйінің тұсындағы бөлігін мықтап жөндеді, ал Садықтың жанында Шығыс қақпасының басқарушысы Шеханиях ұлы Шемаях қабырғаның бір бөлігін қалпына келтіріп бекітті. 30Шемаяхтың қасында Шелемиях ұлы Хананиях пен Салафтың алтыншы ұлы Анон қабырғаның қосалқы бөлігін бекітіп жөндеді. Бұлардың жанында Барақиях ұлы Мешулам өзі тұратын бөлмесінің маңындағы қабырға бөлігін жөндеп нығайтты. 31Мешуламның жанында зергерлердің бірі Малқиях Сап алаңы#3:31 Түпнұсқада: Хаммифкад (яғни жасақшылардың түгенделіп тексерілуіне жиналатын алаңы). қақпасының қарсысындағы ғибадатхана қызметшілері мен саудагерлердің тұратын үйлеріне дейінгі бөлікті және қабырғаның бұрышын жоғарғы бөлмеге дейін бекітіп жөндеді. 32Ал қабырғаның бұрышындағы жоғарғы бөлме мен Қой қақпасының арасындағы жөндеп нығайту жұмыстарын зергерлер мен саудагерлер жүргізді.
Currently Selected:
Нехемия 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.