YouVersion Logo
Search Icon

Миха 7

7
Халықтың шексіз азғындығы
1«Сорлы басым-ау! Бау-бақшаның өнімі түгелдей жиналып болғаннан кейін одан жеміс тапқысы келген кісідеймін. Онда тәбетімді басатын не жүзім шоғы, не ерте піскен інжір жемісінің бірде-біреуі қалмаған! 2Дәл сол сияқты, елде Құдайға адал ешкім қалмаған! Адамдардың арасында бірде-бір әділ адам қалған жоқ! Барлығы біреудің қанын төгуді аңдып жатады, әркім ағайынына тұзақ құрып қойған. 3Екі қолы да жамандықты істеуге шебер-ақ, әмірші сый-тарту дәметеді, төреші де жемқор, ал ұлық өз қалағанын иемденеді. Бәрі осылайша сөз байласып істі бұрмалайды. 4Олардың ең жақсысы тікенді бұтадай, ең әділдеуі қаулап өскен тікенекті қоршаудай. Бірақ олардың күзетшілері — пайғамбарлары алдын ала айтып кеткен сот күні таяп қалды.#7:4 Ерм 6:17-19; Езк 3:16-21. Сонда олар абыржып, не істерін білмейді.
5Бұдан былай көршіңе де сенбе, досыңа да сенім артпа! Тіпті қойныңдағы өз әйеліңе де айтатын сөздеріңе сақ бол! 6Өйткені өз ұлы әкесін масқаралап, қызы шешесіне, келіні енесіне қарсы шығады. Адамның дұшпаны өз үй іші болады.
7Ал мен Жаратқан Иеге үмітпен қараймын. Өзімді құтқаратын Құдайдың көмек көрсетуін күтемін. Айтқан дұғаларым Құдайымның құлағына жетеді».
Халықтың Құдайға қайта бет бұрып, ақталуы
8«Мені табалама, дұшпаным! Құласам да, қайта тұрамын! Қазір түнекте отырсам да, Жаратқан Ие жарық нұрым болады!#7:8 Амо 9:11,14-15; Иш 9:2-4; Жыр 17:29-30; 26:1-3; Нқл 24:16. — дейді Иерусалим. — 9Мен Жаратқан Иеге қарсы күнә жасағандықтан Оның қаһарына ұшыраймын. Бірақ кейін Ол мүддемді қорғап, мені ақтайды. Сонда Ол мені нұрға алып шығады, Оның әділ істерін көремін! 10Сонда дұшпандарым да мұны көреді. Мені: «Құдайың Жаратқан Ие енді қайда?» деп табалаған олар масқараға батады. Жаулардың құлдырағанын өз көзіммен көремін, олар көшелерде батпақ сияқты тапталатын болады».
11«Сенің қабырғаларыңды қайтадан тұрғызатын, шекараларыңды кеңейтетін күн де туады! 12Сол кезде жұрт саған Ассурдан және Мысырдың қалаларынан, иә, Мысыр мен Евфрат өзенінің аралығынан, батыс пен шығыстағы теңіздердің және таулардың араларынан келетін болады. 13Алайда жер өз тұрғындарының теріс істерінің кесірінен қаңырап бос қалады».
Халықтың Жаратқанға дұға етіп, мақтау айтуы
14«Халқыңды, өз үлесіңе тиген отарыңды, асатаяғыңмен бақ, уа, Ием. Олар ну орманда әрі құнарлы егістіктерде тұрады. Өткен замандағыдай, олар Башан мен Ғилақадтың жайлауларында оттасын». 15(Жаратқан Ие мынаны уәде етеді:) «Сенің Мысырдан көшіп шыққан кезіңдегідей, Мен саған Өзімнің кереметтерімді көрсетемін».
16«Басқа халықтар соны көріп, өздерінің шектеулі күш-қуатына ұялатын болады. Олар қолдарымен ауыздарын жауып үнсіз қалады,#7:16 3:7; Иш 26:11; 52:15. құлақтары керең болып мелшиіп тұрады. 17Сол дұшпандар жыландай, жерде бауырымен жорғалайтын мақұлықтай шаң-тозаң жалап, өз бекіністерінен діріл қағып шығатын болады. Уа, Құдайымыз Жаратқан Ие, олар Саған қорқынышпен бет бұрып, алдыңда үрейленіп, Сені терең қастерлейтін болады».
Сөзіне адал рақымды Құдайды мадақтау
18«Өз меншікті халқын кінәсінен арылтатын әрі оның тірі қалғандарының теріс істерін кешіретін Сен сияқты қай Құдай бар?#7:18 2:12; 4:7; 5:7-8; 7:14; Мыс 34:7,9; Иш 43:25. Сен мәңгілікке қаһарланбайсың, қайта, берік мейірім көрсетуден рақат табасың.#7:18 Жыр 102:8,9,13; Иш 62:5; 65:19; Ерм 32:41. 19Сен бізге қайтадан рақымыңды көрсетесің. Әділетсіз істерімізді аяғыңмен таптап, күнәларымыздың бәрін де теңіздің тұңғиығына тастайсың! 20Ежелгі заманда ата-бабаларымызға уәде еткеніңдей, Сен Жақыптың үрім-бұтағына адалдық танытып, Ыбырайымның ұрпақтарына берік мейіріміңді көрсетесің».

Currently Selected:

Миха 7: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in