Матай 6
6
Сенушінің Құдай алдындағы өмірі: шынайы мейірім, мінажат және ораза
1Байқаңдар, мейірімді істеріңді жұрт алдында көзге түсу үшін істемеңдер! Әйтпесе сендердің көктегі Әкеден ешқандай сыйларың болмайды.
2Сондықтан қайыр бергенде оны екі жүзділер секілді жұрт мақтасын деп мәжілісханалар мен көшелерде жариялатпаңдар!#6:2 Немесе: жиналыс үйлері мен көшелерде керней тартқызып жариялатпаңдар! Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 3Ал сендер қайыр бергенде, не істегендеріңді сырлас достарың да білмесін!#6:3 Немесе: Ал сен қайыр бергенде, оң қолыңның не істегенін сол қолың білмесін (яки: соған мақтанып, көкіректенбе) (25:34-40). 4Осылайша жасаған қайырымдылықтарың құпия болмақ. Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.#6:4 Немесе: сыйын (құпия емес, ашық) бермек. (6-аятта да осылай.)
5Құдайға сиынғанда да екі жүзділердей болмаңдар: олар жұрт көзіне түсу үшін мәжілісханаларда, көше бұрыштарында тұра қалып мінажат етуді#6:5 Яки: тұра қалып Құдайға сиынып дұға оқуды. жақсы көреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 6Ал сендер мінажат еткенде өз бөлмелеріңе кіріп, есігін жауып алып, көзге көрінбейтін Әкелеріңе сиыныңдар! Сонда құпия істердің бәрін көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
7Құдайға сиынғанда жалған тәңірлерге құлшылық етушілер#6:7 Яки: (шынайы) Құдайға мойынсұнбайтындар, бөтен ұлт адамдары (4:15; 5:47). іспетті құр сөз сөйлей бермеңдер! Олар көп сөз айтсақ еститін болады деп есептейді. 8Сендер сондайларға ұқсамаңдар! Себебі көктегі Әкелерің өздерің сұрамай тұрып-ақ, сендерге не керек екенін біледі.
9Сонымен Құдайға мына іспетті мінажат етіп сиыныңдар:#6:9 Яки: Сонымен (Құдайдың еркі орындалсын деп шынайы сеніммен) Оған былай деп мінажат етіңдер (Жох 15:9-16; 16:23-24; Жақ 1:5-6).
Көктегі Әкеміз!
Сенің киелі есімің қастерлене берсін,
10Патшалығың осында орнасын!#6:10 Яки: Осы дүниеде ізгілікті билігің орнап, адамдар Саған мойынсұнсын! (3:2; Лұқ 11:2; Түсіндірмедегі «Құдайдың Патшалығын» да қараңыз.)
Сенің еркің көкте орындалғандай,
Жер бетінде де орындала берсін!
11Күнделікті нанымызды бүгін де бере гөр.
12Бізге күнә жасағандарды кешіргеніміздей,
Сен де күнәларымызды кешіре гөр.
13Азғырылуымызға жол бермей,
Бізді жамандықтан сақтай гөр.#6:13 Яки: Бізді азғыратын сынаққа түсірмей, әзәзіл шайтанның ықпалынан құтқара гөр (Қор1 10:13; Пет2 2:9; Жақ 1:13-15).
(Патшалық, құдірет және ұлылық
Мәңгі бақи Сенікі! Аумин.)
14Егер өздеріңе күнә жасағандарды кешірсеңдер, онда көктегі Әкелерің сендерді де кешіреді. 15Ал егер басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, онда көктегі Әкелерің сендердің де күнәларыңды кешірмейді.
16Ораза ұстағанда екі жүзділердей беттеріңді тұнжыратып жүрмеңдер! Олар ораза тұтқандарын мұңайған түрлерімен жұртқа әдейі білдіреді. Сендерге шындығын айтамын: олар алмақ сыйларын осымен-ақ алып қойды. 17Ал сендер ораза ұстағанда да бастарыңды жуып, шаштарыңды ретке келтіріңдер.#6:17 Немесе: бастарыңа май жағып, беттеріңді жуыңдар. (Шашқа май жағу сол заманғы дәстүр болатын: Лұқ 7:46.) 18Осылайша ораза ұстағандарыңды жұрт емес, көзге көрінбейтін Әкелерің ғана білетін болсын. Сонда құпия істердің бәрін де көретін Әкелерің сендерге сыйын бермек.
Мәңгі жоғалмайтын байлық жинап, уайымдамай өмір сүру
19Жер бетінде өздеріңе дүние-байлық жинамаңдар! Оларды күйе жеп, тот басады немесе ұры бұзып кіріп, ұрлап кетеді. 20Қайта, өздеріңе байлықты көкте жинаңдар! Сол жерде оны не күйе жемейді, не тот та баспайды, ұры да бұзып кіріп, ұрлап кетпейді. 21Байлықтарың қайда болса, жүректерің#6:21 Яки: жан дүниелерің мен арман-тілектерің (5:8; 12:34-35; Нқл 4:23). де сонда.
22Дененің «шамы» — көз.#6:22 Яки: Жарық адамға көзі арқылы кіріп, шындықты көріп білуіне мүмкіндік береді. Көзің кіршіксіз таза болғанда өмірің түгелдей нұрға кенеледі. 23Ал егер ашкөз болсаң, бүкіл өміріңді қараңғылық басады. Сонымен, егер өміріңде нұр орнына қараңғылық болса, ол қандай қара түнек болмақ!#6:23 Немесе: Ал егер көзің зұлым болса, бүкіл денең қараңғы болады. Сонымен, егер ішіңдегі нұр (яки пенделік данышпандық) қараңғылық болса, онда ол қандай қараңғылық! (Еф 4:18; Рим 1:21; Иш 44:18)
24Ешкім екі қожайынға бірдей қызмет ете алмайды. Өйткені ол біреуін екіншісінен артық көріп, соған бағышталады, ал екіншісіне немкетті қарайтын болады. Сол сияқты, сендер де Құдайға және байлыққа бірдей бағышталып қызмет ете алмайсыңдар!#6:24 4:10; Еш 24:15; Лұқ 14:26; 16:13.
25Сондықтан сендерге мынаны айтамын: не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар! Өмір тамақтан, тән киімнен артық қой! 26Әуеде ұшқан құстарға назар салыңдаршы: олар егін екпейді де, ормайды да, өнімін қамбаға жинамайды да, бірақ көктегі Әкелерің оларды асырайды. Ал сендер құстардан әлдеқайда артық емессіңдер ме?!
27Сондай-ақ осындай мәселелерді уайымдап, араларыңдағы қайсың өз бойын тіпті бір қарыс ұзарта алады?#6:27 Немесе: қайсың өз өмірін тіпті біраз уақыт ұзарта алады? (Лұқ 12:25) 28Неге киімдеріңді ойлап уайымдап жүрсіңдер? Даладағы қызғалдақтардың қалай өсіп тұрғанына көңіл бөліңдерші: олар еңбек те етпейді, жіп те иірмейді. 29Сендерге былай деймін: тіпті Сүлеймен патша өзінің бар сән-салтанатында сол гүлдердің біріндей әдемі киінбеген. 30Ал енді, бүгін далада өсіп тұрған, ертең отқа тасталатын шөпті Құдай солай киіндірсе, сендерді, әлбетте, одан бетер киіндірмей ме, сенімі аздарым-ай!
31Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! 32Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. 33Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Құдайдың әділ еркін орындауға ұмтылыңдар!#6:33 Немесе: Құдайдың Патшалығына еніп, Ол сыйлайтын әділдікке ие болуға ұмтылыңдар! (3:2; 7:13-14; 13:44-46; Лұқ 12:31; Жох 6:27). Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді. 34Сонымен, ертеңгі күн туралы уайымға салынбаңдар! Ертеңгі күннің өз уайымдары болады.#6:34 Немесе: Құдай ертеңгі күннің де қам-қарекетін ойлайды (6:11,25). Әр күннің қиыншылығы өзіне жетерлік.#6:34 Яғни бүгінгі мәселені бүгін шеш (Лұқ 10:41-42; 12:11-12; Пет1 5:7; Тім1 5:8; Қор1 12:25; Сал2 3:6-12).
Currently Selected:
Матай 6: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.