Матай 20
20
Жұмысшылардың жалақысы туралы астарлы әңгіме
1Иса сөзін жалғастырып былай деді: «Құдай Патшалығындағы жайт мынау сияқты: бір қожайын таң сәріде жүзім бағына жұмысшы жалдау үшін үйінен шығыпты. 2Жұмысшылармен күніне бір күміс теңгеден#20:2 Немесе: бір денарионнан (демек, жай жұмысшының бір күндік жалақысынан). төлейтін болып келісіп, оларды жүзімдігіне жібереді. 3Сағат тоғызда қожайын қайтадан үйінен шығып, базардан әлі де жұмыссыз тұрған басқаларды көргенде, 4-5оларға:
— Сендер де жүзімдігіме барыңдар! Тиісті ақыларыңды төлеймін, — дейді.
Олар да сонда кетеді. Қожайын түскі сағат он екі және үш шамасында да солай істейді. 6Соңғы рет сағат бесте барса, жұмыссыз тұрған тағы бірнеше адамды көріп, оларға былай деп тіл қатады:
— Неліктен сендер күні бойы бос тұрсыңдар?
7— Бізді ешкім жалдаған жоқ.
— Онда сендер де жүзімдігіме барыңдар! — дейді қожайын.
8Кешке ол шаруашылығын басқарушысына:
— Жұмысшыларды шақырып, жалақыларын төле. Ең соңғыларынан бастап, алғашқы барғандарымен аяқта, — деп тапсырады.
9Сонда сағат бесте жалданғандар келіп, бір күміс теңгеден алады. 10Алғашқы болып келгендер көбірек алармыз деп үміттенгенмен, оларға да бір-ақ күміс теңгеден тиеді. 11Соны алған олар қожайынға өкпелеп:
12— Соңғылар бір сағат қана жұмыс істесе, біз осындай ыстықта күні бойы жұмыс істедік. Дегенмен сіз бәрімізге бірдей ақы төледіңіз! — деп күңкілдейді. 13Қожайын біреуіне жауап қайтарып:
— Достым, саған әділетсіздік жасаған жоқпын ғой. Әуел баста бір күміс теңгеге келіспеп пе едік?! 14Ендеше ақыңды ал да кете бер. Соңынан жалданған мыналарға саған бергендей ақы төлеуді өзім қалап тұрмын. 15Әлде менің меншігімді өз қалауымша жұмсауға еркім жоқ па?! Яки оларға жомарттық жасағанымды көре алмайсың ба? — дейді.
16Осылайша соңғылар алдыңғы қатарға шығады, ал алдыңғы қатарлылар соңғылар болады!»#20:16 Немесе: алдыңғы қатарлылар соңғылар болады! Өйткені шақырылғандар көп, ал таңдап алынғандар аз (22:14).
Мәсіхтің Өзінің өліп, қайта тірілетінін шәкірттеріне үшінші рет білдіруі
17Иерусалимге өрлеп бара жатқанда Иса жолшыбай он екі шәкіртін бөлек шақырып алып, оларға өз басынан өткізетіндері туралы былай деді: 18«Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні#20:18 Билеуші ретінде көктен түскен Мені («Адам Ұлын»: 8:20; 9:6). басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, 19Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақтап, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!»
Бір ананың тілегі және Мәсіхтің ізбасары болудың шарты
20Сол уақытта Зебедейдің әйелі ұлдарын ертіп Исаның қасына келді. Әйел бір өтініш білдірмек болып Оған тізе бүгіп тағзым етті. Иса:
21— Сіз не қалайсыз? — деп сұрады. Әйел:
— Патшалығыңызда осы екі ұлымның біреуіне оң, екіншісіне сол жағыңызда отыруды бұйырсаңыз екен, — деген тілек білдірді. 22Алайда Иса жауап беріп:
— Не сұрап тұрғандарыңды ұқпайсыңдар! Мен (Құдайдың қаһарына толы) «тостағаннан ішпекпін». Ал сендер солай істей аласыңдар ма?#20:22 Немесе: сендер содан іше аласыңдар ма? (Мұндағы «тостаған» Құдайдың адамзаттың күнәлары үшін Мәсіхке тартқызатын қаһарлы жазасын астарлап білдіреді: 26:39,42; Аян 16:1; 14:19-20; Иш 53:5-6,12; Жүн 2:2-6.) — деді. Екі шәкірт:
— Иә, істей аламыз, — дегенде, Иса:
23— Мен ішетін «тостағаннан» сендер де ішетін боласыңдар. Бірақ оң мен сол жағыма отыруға тағайындау Менің қолымда емес. Көктегі Әкем кімге дайындаған болса, солар отырады, — деп сөзін аяқтады.
24Қалған он елші мұны естігенде екі ағайынды жігітке қатты наразы болды. 25Иса оларды қасына шақырып алып, былай деді:
— Билеушілері қол астындағы халықтарды билеп-төстейді, төрелері де соларға қатаң әмір жүргізеді, соны білесіңдер. 26Бірақ сендердің араларыңда ондай болмасын! Керісінше, қайсың ұлы болғысы келсе, сол өзгелеріңе қызмет ете берсін! 27Қайсың ең бастыларың болғысы келсе, сол сендерге құл іспетті қызмет ете берсін! 28Осы сияқты Мен де Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра, Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім.#20:28 26:28; Жох 13:13-14; 1:29; 11:50.
Екі зағиптың көздерінің ашылып, Мәсіхке еруі
29Иса шәкірттерімен Иерихон қаласынан#20:29 Мар 10:46; Лұқ 18:35; сондағы түсініктемені де қараңыз. шыққанда, Оның соңынан халықтың үлкен тобы ілесті. 30Сонда жол жиегінде отырған екі соқыр кісі қастарынан Исаның өтіп бара жатқанын естіп: «Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп айқайлады. 31Халық оларға ұрсып, үндемеуге бұйырды. Бірақ екеуі одан бетер айқайлап: «Уа, Тақсыр, Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз!» — деп жалбарынды. 32Иса тоқтай қалып, оларды қасына шақырып:
— Өздеріңе не істегенімді қалайсыңдар? — деп сұрады. Олар:
33— Тақсыр, көзімізді аша көріңіз! — деп өтінді. 34Иса оларға жаны ашып, көздеріне қолын тигізді. Сол сәтте-ақ көздері ашылып, көретін болды! Содан олар Исаға еріп жолға шықты.
Currently Selected:
Матай 20: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.