Жоқтау 5
5
Яһуда халқының Құдайдан рақым сұрауы
1Уа, Иеміз, бізге не болғанын ескере гөр,
Көрген масқарамызға қарап көңіл бөле гөр!
2Жат жерліктерге өтті мұралық жеріміз,
Сырттан келген жауға тиді біздің үйлеріміз.
3Әкесі жоқ жетім болдық өздеріміз,
Жесірге айналды біздің шешелеріміз.
4Ішетін суымызды ақшаға сатып аламыз,
Отынымызды да құнын төлеп алып тұрамыз.
5Дұшпандар бізді артымыздан қалмай қууда,
Қажысақ та, мұршамыз жоқ демалуға.
6Біздер жеп тойынуымыз үшін нанға
Бодан болдық Мысыр, Ассур халықтарына.
7Күнә жасап, қайтыс болды ата-бабамыз,
Ал олардың жазасын енді біз тартудамыз.
8Біздің үстімізден құлдар билік құруда,
Қолдарынан құтқарар жоқ бір адам да.
9Жейтін нанымызды табамыз бас қаупімен,
Өйткені далада қатер төнуде семсерден.
10Аштықтан қатты зардап шегіп келеміз,
Отқа күйгендей қарайып кетті теріміз.
11Сиондағы әйелдерді жаулар зорлады,
Яһуданың пәк қыздарын да олар қорлады.
12Дұшпандар асып қойды әміршілерді,
Қарияларға олар еш құрмет білдірмеді.
13Жас жігіттерге диірмен тасын айналдыртады,
Балаларға сүріндіргенше отын тасытады.
14Ақсақалдар енді қақпада бас қоспайды,
Жастар көңілді ән-күй салуларын қойды.
15Жүректерімізден қуаныш ғайып болды,
Би билеуіміз қайғы-қасіретке айналды.
16Тәжіміз лақтырылып түсті басымыздан,
Қасіретке қалдық күнә жасағандықтан.
17Содан жүректеріміз әлсірей қайғыланып,
Көздеріміз талып қалды жасы мол ағып.
18Себебі Сион тауы бос жатыр қаңырап,
Оны түлкі мен шибөрі кезіп жүр шарлап.
19«Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі билік жүргізесің,
Ұрпақтан ұрпаққа ұласады Сенің билігің!#5:19 Жыр 101:13.
20Неліктен біздерді мүлдем ұмытып кеттің?
Сонша ұзақ уақытқа неге тастап кеттің?
21Уа, Иеміз бізді Өзіңе қабылдай гөр қайта,
Сонда біз бет бұрамыз Саған тағы да,
Бұрынғыдай етші күндерімізді жаңарта!
22Әлде Сен бізге әбден қаһарландың ба,
Әлде бізден біржола бас тартқансың ба?»
Currently Selected:
Жоқтау 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.