Ешуа 21
21
Леуіліктерге тұруға арналған қалалар
1Леуіліктердің әулет басылары Қанахан еліндегі Шило қаласында діни қызметкер Елазар, Нұн ұлы Ешуа және Исраил руларының әулет басыларының алдына келіп, 2«Жаратқан Ие Мұса арқылы бізге өзіміз мекендейтін қалалар және малымыз жайылатын өрістер беру туралы айтқан болатын»,#21:2 Рул 35:2-8; Шеж1 6:54-81. — деген өтініш жасады. 3Сонда исраилдіктер Жаратқан Иенің берген бұйрығына бағынып, оларға өздерінің мұралық жер үлестерінен төмендегі қалаларды жайылымдарымен қоса белгілеуге ұйғарды.
4Алғашқы жеребе қахат әулеттеріне түсті. Діни қызметкер Һароннан тараған леуіліктерге#21:4 Леуі руының үш тармағы Леуінің Қахат, Герсон, Мерари атты ұлдарынан тараған. Һарон Қахаттың ұрпағы еді. (Жар 46:11; Мыс 6:16,18,20.) Яһуда, Шимон, Бунямин руларының жерінен он үш қала тиді. 5Қахаттың қалған ұрпақтарына жеребе бойынша Ефрем, Дан және Манаса руының (батыстағы) жартысының жерінен он қала тиді.
6Герсонның ұрпақтарына жеребе бойынша Исашар, Ашир, Нафталим руларынан әрі Манаса руының Башан аймағындағы өзге жартысынан он үш қала тиді.
7Мераридің ұрпақтарына әулеттері бойынша Рубен, Ғад, Забулон руларынан он екі қала берілді. 8Сонымен исраилдіктер Жаратқан Иенің Мұса арқылы берген бұйрығына сай осы қалаларды жайылымдарымен қоса леуіліктерге жеребе бойынша үлестіріп берді.
9Яһуда руы мен Шимон руынан исраилдіктер төмендегі қалаларды аттарын атап бөліп берді. 10Олар Леуі руының Қахат тармағына жататын Һаронның ұрпақтарына белгіленді, себебі бірінші жеребе соларға түсті. 11Осылайша Һаронның ұрпақтарына Яһуданың таулы жеріндегі Кирият-Арба, демек, Хеброн қаласы айналасындағы жайылымдарымен қоса берілді. (Қаланың атауындағы) «Арба» алып Анақтың арғы атасының есімі болатын. 12Ал Хебронға қарасты егістік жерлер мен елді мекендер Ефунне ұлы Халептің иелігіне бөлініп берілді.
13Сонымен, осы екі рудан діни қызметкер Һаронның ұрпақтарына Хеброн қаласы белгіленді. Ол абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын қала болуға да таңдалған еді. Һаронның ұрпақтарына одан басқа Либна, 14Ятир, Ештемоға, 15Холон, Дебир, 16Аин, Юта, Бет-Шәміш — барлығы тоғыз қала да жайылымдарымен қоса белгіленді.
17Бунямин руынан оларға Гибеон, Геба, 18Анатот, Алмон атты төрт қала жайылымдарымен қоса белгіленді. 19Һароннан тараған діни қызметкерлердің жайылымды қалаларының ұзын саны — он үш болды.
20Леуі руының Қахат тармағының қалған бөлігіне Ефрем руының жерінен бөлінген қалалар мыналар болды: 21Ефремнің таулы өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Сихем қаласы және Гәзер, 22Кипсаим, Бет-Хорон — барлығы төрт қала жайылымдарымен қоса берілді.
23Дан руынан Елтеке, Гибетон, 24Аялон, Ғат-Риммон атты төрт қала жайылымдарымен қоса, 25әрі Манаса руының (Қанахан еліндегі) жартысынан Тағанах пен Ғат-Риммон атты екі қала жайылымдарымен қоса берілді. 26Осы он қала мен олардың жайылымдары Қахат тармағының қалған әулеттеріне үлестірілді.
27Леуі руының Герсон тармағына мына қалалар берілді: Манаса руының жартысынан екі қала: Башан аймағында орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Ғолан қаласы және Бе-Ештера, екеуі де жайылымдарымен қоса; 28Исашар руынан: Қишион, Даберат, 29Ярмут, Ен-Ғанним атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 30Ашир руынан: Мишал, Абыдон, 31Хелқат, Рехоб атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 32Нафталим руынан Ғалилея өлкесінде орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Кедес қаласы, Хамот-Дор, Қартан атты үш қала жайылымдарымен қоса. 33Сонымен Леуі руының Герсон тармағына әулеттері бойынша барлығы он үш қала жайылымдарымен қоса үлестірілді.
34Леуі руының қалған тармағы — Мераридің әулеттеріне мына қалалар берілді: Забулон руынан Жоқнеам, Қарта, 35Димна, Нахалал атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 36Рубен руынан: Бесер, Жахса, 37Кедемот, Мефағат атты төрт қала жайылымдарымен қоса; 38Ғад руынан: Ғилақадта орналасқан, абайсызда кісі өлтіріп алғандар бас сауғалайтын Рамот қаласы, Маханайым, 39Хешебон, Жазер атты төрт қала жайылымдарымен қоса. 40Осылайша Леуі руының қалған үшінші тармағы — Мерариге әулеттері бойынша белгіленген қалалардың саны он екі болды. 41Сонымен Исраилдің меншікті жерінің арасынан Леуі руына жайылымдарымен қоса бөлінген барлық қалалардың саны қырық сегіз болды. 42Осы қалалардың бәрі де айналаларындағы жайылымдарымен қоса берілді.
43Осылайша Жаратқан Ие исраилдіктерге олардың ата-бабаларына антпен уәде еткен елінің барлығын табыстады. Олар елді иемденіп, оған қоныстанып алды. 44Жаратқан Ие Өзі ата-бабаларына антпен уәде еткендей, исраилдіктерге барлық жағынан да тыныштық сыйлады.#21:44 Мыс 33:14. Оларға бірде-бір жау қарсы тұра алмады, өйткені Жаратқан Ие барша жауларын исраилдіктердің қолына тапсырып отырды. 45Жаратқан Иенің Исраил халқына берген игілікті уәделерінің бірде-біреуі орындаусыз қалмай, барлығы да жүзеге асты.
Currently Selected:
Ешуа 21: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.