Ешуа 1
1
Жаратқан Иенің Ешуаға берген аманаты
1Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса қайтыс болған еді. Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаның көмекшісі Нұн ұлы Ешуаға тіл қатып былай деді: 2«Қызметшім Мұса қайтыс болды. Енді жинал да, өзің және осы халықтың бәрі Иордан өзенінен өтіп, Мен сендерге, яғни Исраилдің үрім-бұтағына, бергелі отырған елге кіріңдер! 3Мен Мұсаға уәде еткенімдей, аяқтарың басқан жердің бәрін сендерге табыстаймын: 4(оңтүстіктегі) иен даладан Ливанға дейін, (шығыстағы) үлкен Евфрат өзенінен бүкіл хеттіктер аймағына және батыстағы ұлы теңізге дейінгі#1:4 Яғни Жерорта теңізіне дейінгі. аралық сендердің елдеріңнің шегі болмақ. 5Тірі кезіңде ешкім саған қарсы тұра алмайтын болады. Мен Мұсамен бірге жүріп, оған қалай жар болған болсам, саған да солай жар боламын: Мен сені ешқашан тастап та кетпеймін, жалғыз да қалдырмаймын.
6Қайратты да батыл бол! Мен ежелде ата-бабаларына уәде еткен елді халыққа мұралық меншікке үлестіретін сен боласың. 7Ендеше қайратты да өте батыл болып, қызметшім Мұса саған тапсырған барлық Таурат заңын#1:7 Яки: барлық тағылымды. сақтап берік ұстанатын бол! Сол заңды орындаудан оңға да, солға да бұрылма! Солай істесең, қайда барсаң да, табысты боласың. 8Осы Таурат заңы кітабында жазылғандардың бәрін сақтап, орындай алуың үшін оларды аузыңнан тастамай, күні-түні оқып, солар туралы ойланатын бол! Сонда ғана өркендеп табысты боласың. 9Сонымен саған мынаны бұйырамын: қайратты да батыл бол! Еш нәрседен абыржып, қорқушы болма! Қайда барсаң да, Құдайың Жаратқан Ие сенімен бірге жүріп жар болады».
Ешуаның халық басқарушыларына берген бұйрығы
10Бұдан кейін Ешуа халықтың басқарушыларына#1:10 Мыс 18:21; Заң 1:15. былай деп бұйырды: 11«Ел қонысын аралап шығып, халыққа мына нұсқауды беріңдер: Өздеріңе азық-түлік дайындап алыңдар! Үш күннен кейін осы Иордан өзенінен өтіп, сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемдену үшін табыстап отырған елге кіресіңдер».
12Ал Рубен, Ғад руларына және Манаса руының жартысына Ешуа мынаны тапсырды:
13— Жаратқан Иенің қызметшісі Мұсаның өздеріңе берген бұйрығын естеріңе түсіріңдерші:#1:13 Рул 32:20-23; Заң 3:18-20. Құдайларың Жаратқан Ие сендерге тыныштық сыйлап, (мекендейтін орынға) осы жерді табыстады. 14Әйелдерің, бала-шағаларың мен мал-мүліктерің Мұсаның өздеріңе Иордан өзенінің бергі бетінде үлестірген осы жерде қала берсін. Бірақ барлық батыл да мықты жауынгерлерің толықтай қару-жарақтанып, бауырлас руларыңның алдында жүріп өзеннен өтсін. Оларға қол ұшын беріңдер! 15Жаратқан Ие сендерге сыйлағандай, бауырластарыңа да тыныштық сыйлап, Құдайларың Жаратқан Ие табыстап отырған сол елді иемденгенге дейін оларға көмектесіңдер! Содан кейін өз меншікті елдеріңе қайтып келіп, Жаратқан Иенің қызметшісі Мұса өздеріңе Иорданның осы шығыс бетіндегі белгілеп берген жерін иемденіп, қоныстануларыңа болады.
16Сол рулардың адамдары Ешуаға жауап беріп былай деді:
— Бізге не бұйырсаңыз, соның бәрін орындаймыз, қайда жіберсеңіз, сонда барамыз. 17Біз Мұсаны қалай тыңдаған болсақ, сізді де солай тыңдаймыз. Ендеше Құдайыңыз Жаратқан Ие Мұсамен бірге жүріп жар болғандай, сізге де жар бола берсін. 18Сіздің бұйрықтарыңызға қарсы шығып, сөздеріңізді толықтай тыңдамайтын кез келген адам өлтіріледі. Сонымен қайратты да батыл болыңыз!
Currently Selected:
Ешуа 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.