Еремия 48
48
Моаб елі туралы ауыр хабар
1Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, Моаб#48:1 9:26; 25:15-17,21; Шеж2 20:1-3,10; Иш 15:1. туралы мынаны айтады:
— Небо қаласы#48:1 48:22; Рул 32:3,38. қасіретке қалады! Ол қирап бос қалады. Кириятаим#48:1 48:23; Рул 32:37; Езк 25:9. да қолға түсіп, қор болады. Жартастағы сол бекініс масқара болып, күйрейді. 2Осылай Моаб өз даңқынан жұрдай болады. Жаулары Хешебонда оған қарсы жамандық ойластырып: «Жүріңдер, оны мүлдем жойып, ел болудан қалдырайық!» — десті. Сен де, уа, Мадмен қаласы, үнсіз қатып қаласың, семсер сенің соңыңнан қалмайды. 3Хоронаимнан да талқандалу мен ғаламат қираудың шуы шықпақ. 4Осылайша Моаб елі құрып, оның балалары зар еңіреп айқай салады. 5Босқындары да жылап, Лухит асуына қарай өрлейді. Кейін Хоронаимға ылдилап баратын жолда да бейшара адамдардың өз елдерінің қирағанына үрейлене айқайлаған дауыстары естіліп жатпақ.
6Қашыңдар! Бас сауғалаңдар! Құла түздегі жыңғылдай болып жасырыныңдар! 7Өз жетістіктерің мен байлығыңа сенген едің. Енді сен де тұтқынға түсіп, жалған тәңірің Хамос та өзінің абыздарымен#48:7 Немесе: Хамос (яки Хемош) та өзінің діни қызметкерлерімен (48:13; Рул 21:29; Пат3 11:33). және әміршілерімен бірге жер аударылып кетеді. 8Жау әрбір қаланы талан-таражға салады. Аңғарда болсын, жон далада#48:8 Яки: жоғарғы жазықта (Еш 13:9). болсын, ешбір қала аман қалмайды. Барлығы Жаратқан Иенің айтқанындай болады. 9Моаб халқына ұшып құтылып кету үшін қанат берсеңдерші! Өйткені оның қалалары күйреп, бірде-бір жан тұрмай қаңырап бос қалады.
10Жаратқан Иенің өзіне жүктеген тапсырмасын салақ орындаған қарғысқа ұшырайды. Семсерімен жауларының қанын төгуден жалтарған да қарғысқа ұшырайды!
11Моаб жастық шағынан-ақ тыныш өмір сүріп келді, ол қуғын-сүргін атаулыны мүлдем көрген емес. Ол дайын болғаннан кейін бірде-бір рет басқа ыдысқа құйылмай, ашытқының үстінде сақталған шарапқа ұқсайды. Сондықтан ол өзінің иісі мен дәмін жақсы сақтап келеді. 12Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады: Болашақта Мен оған сусынын төгетін адамдарды жіберемін. Олар келіп, Моабтың ыдыстарын төңкеріп босатып, қыш құмыраларын соғып сындырмақ. 13Сонда Солтүстік Исраил халқының Бетелдегі жалған тәңірге сенімдерін артқандықтан масқара болғанындай, Моаб та дәл солай Хамосқа сүйенгендіктен масқара болады.
14Өздеріңді: «Соғысқа әбден жаттыққан нағыз жауынгер, батыл адамдармыз!» деп қалай ғана айтасыңдар? 15Әй, Моаб, сенің қалаларың жау қолына түсіп, адамдарың толықтай құриды. Бетке ұстар жас жігіттерің қой іспетті бауыздалады! — Есімі «Әлемнің Иесі» деген Патша осыны нық айтады.#48:15 46:18; 51:57.
16Моабтың қирауы таяп қалды! Оның басына апат тез түседі! 17Уа, айналасындағы халықтар, ол үшін қайғырыңдар! Моабтың атақ-даңқы туралы білетіндер: «Оның салтанатты билігінің қирағанын-ай!» деп, оны жылап жоқтаңдар! 18Енді салтанаттарыңнан бас тартып, тақырға отырыңдар, ей, Дибон қаласының тұрғындары! Өйткені Моабты құртатын қолбасшы сендерге қарсы аттанып келіп, бекінген қорғандарыңды қиратып талқандамақ.
19Арогердің тұрғындары, сендер де жол бойына шығып, сытылып, қашып келе жатқан әйелдер мен ер адамдардан: «Не болып жатыр?» — деп сұраңдар. 20Олар: «Моаб ойрандалып, масқара болды. Айқайлап жылаңдар, Арнон өзенінің бойында Моабтың ойрандалғаны туралы жар салыңдар! — дейтін болады. — 21Жон даладағы барлық қалаларға да үкім шығарылып, олар жермен-жексен болды: Холон, Жахса және Мефағат, 22Дибон, Небо және Бет-Диблатаим, 23Кириятаим, Бет-Ғамул және Бет-Меон, 24Кериот пен Бесер — Моабтың алыс-жақын барлық қалалары».
25Моабтың құдіреті#48:25 Яки: Моабтың мүйізі (Жыр 74:11; Дан 7:8; 8:7). күйреп, оның билік жүргізетін қолы сынды, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 26Моаб паңданып, Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен енді (Оның қаһарынан) мас адамдай теңселіп, жерге құласын, содан өз құсығында аунап жатсын. Ол да көрінгеннің мазағына айналсын.#48:26 Құдайдың қыңырланған күнәкарларға төгілген қаһары осында адамды мас қылатын ішімдікпен салыстырылған (13:13; 25:15-17,27-28). 27Уа, Моаб халқы, сендер де Исраилді мазақ қылмап па едіңдер? Ол туралы айтқан сайын мысқылдап бас шайқайтындай, Исраил халқы қарақшылардың арасында (ұрлық жасап жатқан жерінде) қолға түсті деп ойлайсыңдар ма?
28Енді өз қалаларыңды тастап, құз-жартастарды мекендеңдер, Моабтың тұрғындары! Ұясын үңгірдің аузына салатын көгершін сияқты оңаша жерге бас сауғалаңдар!
29Біз Моабтың ерен тәкаппарлығы мен өркөкіректігі, оның менмендігі мен кердеңдігі әрі керенау паңдығы туралы естігенбіз.#48:29 48:42; Иш 16:6; 25:11.
30«Мен оның паңдығын толықтай білемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Алайда онысының бәрі құр бос әңгіме. Ол көп мақтанғанмен, қолынан келетіні шамалы ғана».
31Сондықтан мен Моаб үшін қайғырып, бүкіл Моаб елі үшін жоқтау айтамын. Кир-Хәрес қаласы үшін де мұңая күрсінемін. 32Сибманың жүзім бұталары үшін Жазер халқы іспетті мен де қатты қайғырамын. Бұрын олардың бау-бақшалары тіпті Өлі теңізге дейін жайылып, жайқалып тұратын еді. Бірақ құртушы жау келіп, құрма, інжір, жүзім жемістерін#48:32 Немесе: келіп, жазда пісетін жемістерді әрі жүзімнің өнімін. жинап алып кетпек.
33Содан Моаб елінің құнарлы бау-бақшаларында қуаныш пен шаттық мүлдем қалмайды. Сыққыш шұңқырлардан жүзім шырынын да ақпайтын қыламын. Енді қайтып ешкім қуана айқай салып жүзімді таптамайтын болады. Елде айқай әлі де естіледі, бірақ ол қуаныштың айқайы емес. 34Олардың қиналған айқайы Хешебоннан Елғале мен Яхасқа, Сиғордан Хоронаим мен Үшінші-Әглатқа#48:34 Иш 15:5. дейін естіледі. Тіпті Нымрим сайының суы да тартылып қалады.
35«Мен Моаб еліндегі биіктеу жерлерде жалған тәңірлерге арнап құрбандық шалып, өртеп, хош иісті заттар түтету атаулыны жоямын!» — деп ескертеді Жаратқан Ие.
36Сол себепті жүрегім Моаб үшін, ондағы Кир-Хәрес#48:36 Осы қала атының Кир-Хәрешет деген түрі де бар (Иш 16:7). қаласының адамдары үшін қайғылы әуен тартқан сыбызғыдай жылайды. Олар жиып-терген мол байлығынан жұрдай болды.#48:36 48:31; Иш 15:5,7; 16:7,11. 37Олардың барлығы аза тұтып бастарын тақыр қылып, сақалдарын қырып тастайды және қолдарын тілгілеп жарақаттап, азалы киім киеді.
38«Моабтың әрбір үйі мен көшесінде адамдар қайғырады. Өйткені Мен Моабты ешкімге қажеті жоқ қыш құмырадай сындырып тастадым». — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
39Ол қалай оңбай сынады! Қалай олар күңіренеді! Масқара болған Моаб қалай бетін тасалайды! Айналасындағы барлық халықтар оны күлкі қылып, ойран болғаны үшін табалайды.
40Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Біліп алыңдар, жау қанатын кең жайып шүйілген бүркіт секілді Моаб еліне бас салмақ!»
41Моабтың қалалары жау қолына түсіп, қорғандары да алынады. Сол күні Моабтың батырларының жүректері толғатып жатқан әйелдікіндей үрейленетін болады. 42Өркөкіректеніп Жаратқан Иеге қарсы бас көтергендіктен, Моаб ел болудан қалады.
43«Сені күтіп тұрғаны — қорқыныш, ор әрі тұзақ, уа, Моабтың тұрғындары! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — 44Қорқыныштан қашатындар орға түседі, ал ордан өрмелеп шыққандар тұзаққа түседі.#48:44 Иш 24:17-18. Өйткені Менің Моабты күнәлары үшін жазалайтын уақытым келді!» — Жаратқан Ие осыны нық айтады.
45Жаудан қашқан босқындар Хешебонның көлеңкесінде күшінен жұрдай болып әрі қарай жүруге қуаты қалмайды. Хешебоннан от шықпақ, ежелгі Сихон патшасының осы қаласынан өрт лап етпек, ол Моаб елін оның қыңыр халқымен қоса өртеп жібереді. 46О, Моаб, сен қасіретке қаласың! Уа, Хамосқа табынатын халық, сен ойрандалып, ұл-қыздарың тұтқынға түседі.
47«Бірақ болашақта Мен Моабтың жер аударылып кеткен халқын елдеріне қайтарамын!» — деп уәде береді Жаратқан Ие.
Моаб туралы айтылған айыптау сөздері осымен бітеді.
Currently Selected:
Еремия 48: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.