Еремия 22
22
Опасыз Яһуда патшаларына арналған ауыр хабарлар
1Жаратқан Ие маған былай деп тапсырды: «Яһуда патшасының сарайына ылдилап бар да, сонда мына сөздерді жарияла: 2Уа, Дәуіттің тағында отырған Яһуда патшасы, Жаратқан Иенің сөзін тыңда! Уа, осы қақпалар арқылы сарайыңа кіретін өзің де, нөкерлерің де, халқың да, құлақ түріңдер! 3Жаратқан Ие мынаны айтады: Әділдік пен шындықты ұдайы қолдаңдар! Жәбірленгенді қысым көрсетушісінен құтқарыңдар! Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жәбір көрсетпеңдер! Бұл елде жазықсыз адамның қанын төкпеңдер!#22:3 7:6; 19:4; 21:12; 22:17. 4Егер осы бұйрықтарыма бағынатын болсаңдар, онда Дәуіттің тағында отырған патшалар мына сарай қақпалары арқылы күйме, аттарымен өтіп, соңынан нөкерлері мен халқы еріп (салтанатты шерумен) кіретін болады. 5Ал егер сол бұйрықтарыма бағынбасаңдар, онда бұл сарай қираған үйіндіге айналады деп Өзімнің атыммен ант етемін, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
6Өйткені Жаратқан Ие Яһуда патшасының сарайы туралы мынаны айтады: Осы сарай Маған орманды Ғилақад аймағындай, самырсын қаптаған Ливан тауының бастарындай көрінсе де, Мен оны иен далаға, ешкім тұрмайтын бос қалаларға айналдырамын. 7Оған қарсы құртушыларды жіберемін, әрқайсысы қару-жарағын асынып келеді. Олар сарайдың таңдаулы самырсын тақтайшаларын шапқылап, отқа лақтырады.
8Көптеген ұлттардың адамдары осы қаланың қасынан өткенде бір-бірінен: «Жаратқан Ие неліктен осы ұлы қалаға мұны істеді екен?» деп сұрайтын болады. 9Сонда: «Олар өз Құдайлары Жаратқан Иемен жасаған Келісімнен бас тартып, бөгде тәңірлерге иіліп құлшылық етіп кетті!» деп жауап беріледі.
10Жосия патша марқұмды жоқтамаңдар, ол үшін жылап аза тұтпаңдар! Қайта, басқа жаққа айдалып әкетілген (Шаллум) патша үшін қайғырыңдар, өйткені ол енді қайтып туған еліне келмейді де, оны көрмейді де.#22:10 Б.з.д. 609 ж. Нехо перғауын Жоғахаз деп те аталған Шаллум патшаны Мысырға айдап әкеткен еді. Ол сол елде қайтыс болды (Пат4 23:34). 11Себебі Жаратқан Ие әкесі Жосияның орнын басқан, енді Мысырға жер аударылып кеткен Шаллум туралы мынаны айтады: Ол мұнда ешқашан қайта оралмайды! 12Шаллум айдалып кеткен жерінде өмірінің соңына дейін тұрып, бұл елді бұдан былай көрмейді!
13Үйін әділетсіздікпен, жоғарғы бөлмелерін заңсыздықпен салып алған#22:13 Мысалы, сол кездегі Яһуда елінің патшасы Жохақым (1:3; 22:18; 26:23; Пат4 23:36-37). адамды Мен жазалаймын! Ол шеберлерге тегін жұмыс істетіп, тиесілі еңбекақыларын төлемей: 14«Өзіме арнап жоғарғы бөлмелерін кең етіп зәулім сарай саламын! Соған үлкен терезе жасап, ішін самырсынмен қаптап, қызыл бояумен әшекейлеймін» деп мақтанады.
15Алайда самырсыннан сарай салғаның сені ұлы патша қыла ма? Әкең марқұм#22:15 Яғни Құдайға адал болған Жосия патша (Пат4 23:25). тоя ішіп-жеп жайлы тұрмыс құрды емес пе? Ол әділдік пен шындықты жүзеге асырып, соның нәтижесінде игілікті өмір сүрді. 16Әкең бейшара мен кедейдің мүдделерін қорғап, елдің жағдайы жақсы болды. Мені жақыннан танып білу дегеннің өзі осы емес пе? — дейді Жаратқан Ие. 17Ал сен#22:17 Яғни Жохақым патша (22:13). жан-тәніңмен арам пайдаға құнығып, жазықсыз қан төгіп, басқаға зорлық-зомбылық жасауды ынтыға көздейсің.
18Сондықтан Яһуда патшасы Жосия ұлы Жохақым#22:18 1:3; 22:17. туралы Жаратқан Ие мынаны айтады: Кезінде оның отбасын: «Ой, бауырым, ой, қарындасым!» деп ешкім жоқтамайтын болады, оның өзін де жұрт: «Беу, тақсыр ием-ай! Ой, патшам-ай!» деп те жоқтамайды. 19Қайта, оның өлігін есектің өлімтігіндей Иерусалимнің қақпасынан сыртқа сүйреп шығарып, далаға лақтырып тастайды!#22:19 15:3; 36:30; Пат4 24:6.
20Уа, Иерусалим халқы, Ливанға көтеріліп шығып, айқайла! Башанның тауларынан да даусыңды шығарып, Моабтағы Абарим қыратынан да айқай сал! Себебі көңілдес одақтастарыңның барлығы талқандалды! 21Жағдайың аман-есен болып тұрған кезде саған ескерткен едім, ал сен: «Тыңдағым да келмейді!» дейтінсің. Сен жас кезіңнен-ақ осылай істеп, даусыма мүлдем құлақ аспай келесің. 22Басшыларыңның бәрін жел үрлеп әкетеді. Көңілдес одақтастарың да жер аударылып әкетіледі. Ақыры сен өз зұлымдығыңнан ұятқа қалып, масқараланасың. 23Сен Ливанда тұрып, оның самырсын ағаштарында ұя салған құс іспетті қауіпсіз сезінгенмен, сотталып жазаланған күніңде толғатқан әйелдей азап тартып қиналғанда қалайша ыңқылдар екенсің!
24Мәңгі тірі Жаратқан Ие өз атымен ант етіп былай дейді: Уа, Яһуда патшасы Жохақым ұлы Ехониях, Менің оң қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді болған едің. Алайда Мен сені қолымнан жұлып алып тастайтын боламын! 25Сені жаныңды алмақ болған, өзің зәрең қалмай қорқатын адамдардың, яғни Бабыл патшасы Набуходоносор мен халдей жасақшыларының, қолдарына түсіремін! 26Мен өзіңді де, сені дүниеге келтірген шешеңді де бөтен елге айдатып жіберемін.#22:26 29:2; Пат4 24:15; 25:27-30. Сендер сол жерде тумағанмен, сонда өлетін боласыңдар. 27Осы елге қайтуды қанша аңсасаңдар да, оған қайта оралмайсыңдар».
28«Мына адам Ехониях шынымен сынып, қоқысқа тасталған ыдыс іспетті ме? Оның өзі және балалары білмейтін алыс елге неліктен айдалып әкетілмек?» деп сұрайтын шығар.
29Уа, елім! Уа, жерім! Уа, ел-жұртым!#22:29 Немесе: Уа, ел, ел, ел! Жаратқан Иенің сөзін мұқият тыңдаңдар!
30Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Бұл кісіні баласыз, өмір бойы табысқа жетпейтін адам деп жазып қойыңдар! Себебі оның бірде-бір баласы Дәуіттің тағына отырып, Яһуда еліне билік жүргізбейтін болады».
Currently Selected:
Еремия 22: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.