Билер 21
21
Тірі қалған буняминдіктерге көрсетілген рақым
1Исраилдіктер бұрын Миспада жиналғанда:#21:1 20:1-10. «Ешқайсымыз да буняминдіктерге әйелдікке қыз бермейміз!» — деп те ант еткен болатын.
2Енді халық Бетелге#21:2 Яки: Құдайдың үйіне (20:18; Жар 28:19). барып, сол жерде Құдайдың алдында отырып, кешке дейін дауыс көтеріп қатты жылады. 3Олар: «Уа, Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие! Неге бұл Исраилде осылай болды? Енді Исраилдің бір руы толықтай жоғалып кетіп отыр», — деп жоқтады.
4Келесі күні халық ерте тұрып, сол жерде құрбандық ұсынатын орын тұрғызды да, сонда шалынып, түгелдей өртелетін және (Құдаймен қарым-қатынастарына) ризашылық білдіретін құрбандықтарын шалды.#21:4 Мыс 20:24-25; Леу 7:11-15. 5Содан соң исраилдіктер: «Исраилдің руларының қайсысы Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа өрлеп барған жоқ еді?» — деп сұрады. Себебі олар сол кезде Миспада Жаратқан Иенің алдына келмегендерді міндетті түрде өлімге кесу туралы ант берген болатын.
6Енді исраилдіктер өз ағайындары буняминдіктерді мүсіркеп: «Бүгінде Исраилден бір ру шорт кесіліп тасталды! 7Сонда Бунямин руының аман қалғандарына әйелді қайдан тауып береміз? Біз қыздарымызды оларға әйелдікке бермейміз деп Жаратқан Иенің атымен ант еткен едік қой!» — десті. 8Сонымен сұрастыра келе, Миспада Жаратқан Иенің алдында өткізілген жиналысқа Ғилақадтағы Ябестің#21:8 (Пат1 11:1-3) Осы қаланың аты «Галаадтағы Иавис не Иавеш» деп те айтылады. ешбір адамының келмегені белгілі болды. 9Сол кезде жиналған халық түгенделгенде, Ғилақадтағы Ябестің бірде-бір тұрғыны жоқ екендігі анықталған еді.
10Ендеше бүкіл жиын оларға қарсы он екі мың мықты сарбазын жіберіп, Ғилақадтағы Ябестің бүкіл тұрғындарын әйел, бала-шағаларымен қоса қырып-жоюды тапсырды. 11«Сендер былай істеңдер: әрбір еркек кіндікті де, еркекпен төсектес болған әрбір әйел заты да құртылсын!»#21:11 Ғилақадтағы Ябестің тұрғындары Жаратқан Иенің алдында өткен жиналысқа келмей, буняминдіктердің күнәсімен келіскендей болып, Құдайға қарсы бас көтерген еді. Содан олар Таурат заңына сәйкес буняминдіктер сияқты құртылуға тиіс еді; тек пәк қыздарын ғана тірі қалдыруға болды (Рул 31:17-18). — деді. 12Сарбаздар Ғилақадтағы Ябесті қолға түсіргеннен кейін оның тұрғындарының арасынан ешқашан еркекпен төсектес болмаған төрт жүз пәк қызды тауып, оларды Қанахан еліндегі Шилодағы тұраққа алып келді.
13Содан соң барлық бүкіл жамағат Риммон жартасының маңында бас сауғалап жүрген буняминдіктерге кісі жіберіп, оларға бейбітшілік жариялады. 14Буняминдіктер сонда елге оралды. Исраилдіктер Ғилақадтағы Ябестің аман қалған пәк қыздарын оларға қосты. Алайда бұлар буняминдіктерге жетпей қалды.
15Жаратқан Ие Исраил руларының арасынан біреуін алып тастап, олардың біртұтастығын бұзғандықтан, халық буняминдіктерге мүсіркеушілік танытты. 16Жамағаттың басшылары ақылдасып: «Бунямин руының әйелдері жойылғандықтан, мына қалған еркектерге әйелді қайдан тауып береміз? 17Буняминнің құтылып, аман қалғандары өздерінен кейін мұрагер қалдырулары керек, әйтпесе Исраилдің бүкіл бір руы құрып, жоқ болып кетеді ғой. 18Бірақ ешқайсымыз оларға өз қыздарымызды бере алмаймыз!» — десті. Себебі исраилдіктер «Буняминдікке қыз берген әркімді қарғыс атсын!» — деп ант еткен болатын.#21:18 21:1. 19Сол себепті олар: «Жаратқан Иенің құрметіне Шилода жыл сайын мейрам өткізіледі ғой. Той Бетелдің солтүстігінде, одан Сихемге апаратын үлкен жолдың шығысында және Лебонаның оңтүстігінде болмақ», — десті.
20Басшылар буняминдік жігіттерге былай деп нұсқау берді: «Сендер сол жерге барыңдар да, жүзімдіктерде тығылып, 21бақылап жатыңдар. Шилоның бойжеткен қыздары би билеуге шыққанда, сендер жүзімдіктерден шыға келіп, әрқайсың шилолық қыздардың ішінен өздеріңе бір-біреуден ұстап алып, Буняминнің жеріне ілестіріп алып, кете беріңдер! 22Ал егер олардың әкелері не ағалары келіп, бізге шағымданатын болса, біз оларға: «Бұларға мейірімді болып қыздарыңды қалдырыңдар. Ғилақадтағы Ябеске қарсы соғыс болғанда, біз оларды үйлендіре алмай қалдық. Ал қыздарыңды оларға өздерің қоспағандықтан, айыпты болмайсыңдар!» дейміз».
23Буняминдіктер солай істеп, би билеп жүрген қыздарды бір-бірден ұстап алып қашты. Олар өздерінің мұралық жеріне қайтып барып, қалаларын қайтадан салып, соларда тұра берді.
Халықтың өз еркімен жүрген дәуірі
24Сонда исраилдіктер өздерінің рулары мен әулеттері бойынша алған мұралық жерлеріне қайтып, тарап кетті. 25Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын. Әркім өзіне дұрыс болып көрінгенді істейтін.#21:25 17:6; 18:1; 19:1; Заң 12:8.
Currently Selected:
Билер 21: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.