Ишая 56
56
Мойынсұнған барлық ұлттарға арналған құтқарылу және Келісім
1Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Әділетті бұйрықтарымды сақтап, әділ істер жасаңдар! Мен сендерді жақында құтқарып, әділдігімді ашық көрсететін боламын. 2Айтқандарымды мұқият орындайтын адам қандай бақытты! Демалыс күнін қор қылмай,#56:2 Яки: Сенбі (яғни діни демалыс) күні туралы ережелерді бұзбайтын (Мыс 31:12-17). Өзіме бағышталған күн ретінде қастерлейтін әрі жамандық атаулыдан алыс жүретін адам баласын Мен жарылқайтын боламын».#56:2 Немесе: адам баласы бақытты!
3Өзін Жаратқан Иеге түбегейлі арнаған басқа ұлт адамы:#56:3 56:6; 14:1; 60:10. «Жаратқан Ие, сірә, мені өз халқынан бөлек қояр», — деп уайымдамасын. Белінен айырылған#56:3 Яки: Бала туғыза алмайтын. (Ежелде сарай қызметкерлері кейде сондай болатын: 39:7; Ерм 38:7; 39:16-18; Ест 1:10.) еркек: «Мен қурап қалған ағашқа ұқсаймын», — деп те қайғырмасын.
4Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: «Егер белінен айырылғандар Менің еркімді орындауды таңдап, демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, 5онда Мен оларға ғибадатханамнан және оның алаңдарынан орын беріп, мәңгі өшпейтін ат пен абырой сыйлаймын. Бұл, ұл-қыздар арқылы қол жеткізуге болатын абыройдан да артық.
6Сол сияқты, егер басқа ұлт адамдары Маған ғибадат етіп, Мені сүйіп, қызметшілерім болуға өздерін түбегейлі арнаса, әрі демалыс күнінің ережелерін сақтап, Келісімімді берік ұстанса, 7онда Мен, Жаратқан Ие, олардың Өзіме бағышталған қасиетті Сион тауына келулеріне жол беремін. Маған сиынуға арналған ғибадатханада оларды қуанышқа кенелтемін. Сол басқа ұлттық сенушілердің Өзімнің құрбандық үстелімде шалып, өртеген құрбандықтарына және өзге де сый-тартуларына риза боламын. Себебі Менің киелі үйім барлық ұлттар мінажат ететін үй#56:7 (Мал 1:11) Яки: барлық халықтар Өзіме сиынатын үй. деп аталатын болады».
8Жаратушы Тәңір Ие жер аударылып, шашырап кеткен исраилдіктерді қайтадан жинамақ. Ол былай деп жариялайды: «Мен халқымды жинап алып, оларға басқаларды да қоспақпын!»
Жаратушының Өзінен безгендерді айыптап жазалауы
9«Дала мен ормандағы жыртқыш аңдар,#56:9 Осындағы мағынасы: шетелдік басқыншылар (5:25-29). бәрің де осында келіңдер! Халқымның жаулары, келіп, бас салыңдар! 10Исраилді күзетіп жүруге тиісті басшылары#56:10 Немесе: пайғамбарлары (Абқ 2:1; Ерм 29:1-32). соқыр да надан! Барлығы үре алмайтын мылқау, қиялдап жатып, ұйықтағанды жақсы көретін иттер сияқты. 11Олар қомағай, тоюды білмейтін төбеттерге ұқсас! Түсінігі жоқ осы бағушылардың бәрі өз беттерімен жүріп, әрқайсысы өз пайдасын ғана ойлайды. 12«Кәне, шарап алып, соңынан сыраны сімірейік. Ертең де бүгінгідей, тіпті бұдан да күшті болады!» деседі сол зұлымдар».
Currently Selected:
Ишая 56: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.