YouVersion Logo
Search Icon

Хаққай 2

2
Киелі үйдің болашақ салтанаты
1Жетінші айдың жиырма бірінші күні#2:1 Яғни Күркелер мейрамының соңғы күні. (Сүлеймен патша кезінде жаңа салып бітірген киелі үйді сол мейрамда Құдайға бағыштаған еді: Пат3 8:2.) Жаратқан Ие халыққа Хаққай пайғамбар арқылы сөзін арнап былай деді: 2«Яһуданың әкімі Салатиел ұлы Зоробабелге, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуаға және халықтың тірі қалған басқаларына енді мынаны айт:
3Осы киелі үйді оның бұрынғы салтанатында көргендерден араларыңда кім қалды? Ал қазір көріп тұрғандарың қандай? Бұрынғыға қарағанда ол сендерге түк еместей болып көрінбей ме?#2:3 Езр 3:12. 4Дегенмен енді нығайып батыл бол, уа, Зоробабел! — дейді Жаратқан Ие. — Сен де нығайып батыл бол, уа, бас діни қызметкер Ехосадық ұлы Ешуа! Нығайып батыл болыңдар, уа, елдің бүкіл халқы! — деп шақырады Жаратқан Ие. — Еңбек етіңдер! Мен сендермен бірге жүріп жар боламын! — Әлемнің Иесі осы уәдені береді. — 5Мысырдан шыққандарында Мен осылай болады деп сендердің ата-бабаларыңмен Келісім жасағанмын. Бұдан былай да Менің Рухым#2:5 Иш 63:10,11,14; Рул 11:17,25; Зәк 4:6. араларыңда тұратын болады. Қорықпаңдар!»#2:5 Иш 41:10-14; Еш 1:5-9.
6Әлемнің Иесі мынаны да айтады: «Біраздан кейін Мен тағы да аспан мен жерді, теңіз бен құрлықты шайқалтамын!#2:6 2:21-22; Дан 8:4-12,19-26. 7Мен барлық халықтарды да шайқалтамын. Сонда халықтардың бәрі өздерінің ерекше бағалаған қазыналарын әкеліп, Мен бұл үйді салтанатты ұлылыққа кенелтемін,#2:7 (Иш 60:7,13) Немесе: Мен бұл үйді өз нұрлы салтанатыма кенелтемін (Пат3 8:10-11; Езк 10:4). — деп уәде береді Әлемнің Иесі. — 8Күміс те менікі, алтын да Менікі,#2:8 Шеж1 29:2-8; Езр 6:5,8. — дейді Әлемнің Иесі. — 9Бұл киелі үйдің болашақ салтанаты бұрынғы киелі үйдікінен де асып түседі, — деп нық айтады Әлемнің Иесі. — Осы жерде Мен амандық пен тыныштық сыйлаймын!»#2:9 Рул 6:26; Иш 9:6-7; 60:17-18. — Әлемнің Иесінің Өзі осы уәдені береді.
Арамдықтан тазару жайлы ескерту және уәде
10Дарийдің патшалық құрған екінші жылының тоғызыншы айының жиырма төртінші күні#2:10 18-желтоқсан (сол жақтағы қысқы егін егу мезгілі кезінде). Жаратқан Ие Хаққай пайғамбарға сөзін арнап былай деді: 11«Әлемнің Иесі мынаны айтады: Діни қызметкерлерге Таурат заңы туралы мына сұрақты қой: 12Егер біреу құрбандықтың Құдайға бағышталған киелі етін бір нәрсеге#2:12 Немесе: жамылғысының етегіне. орап алып бара жатқанда, онысы нанға, піскен етке, сусынға, зәйтүн майына немесе басқа бір тағамға тиіп кетсе, сол тағам Құдайға бағышталған киелі болып қала бере ме?» — Діни қызметкерлер:
— Жоқ, киелі болмайды, — деп жауап берді.#2:12 Сол нәрсенің (мысалы, жамылғының) өзі киелі етпен жанасқандықтан Құдайға бағышталып киелі болды (Леу 6:27; Езк 46:20), бірақ киелі нәрсеге жанасқан басқа нәрселер киелі болмады. 13Хаққай сөзін сабақтап:
— Ал егер өлікпен жанасып арамданған біреу осындай заттарға жанасып кетсе ше, олар да арамданып қала ма? — деп сұрады. Діни қызметкерлер:
— Иә, арамданады,#2:13 Киеліліктен гөрі, арамдық көбірек жұқтырылады (Рул 19:11-13,22). — деп жауап берді.
14Сонда Хаққай былай деді: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы халықтың адамдары да (Маған толығымен бағынбағандықтарына бола) Менің көз алдымда арамданған. Сол себепті олардың істеп жүрген істері мен шалып жүрген құрбандықтарының бәрі де арамданған.
15Бірақ осы күннен бастап басқаша болады! Маған бағышталған осы киелі үйдің алғашқы тасы қаланбай тұрып, қалай өмір сүргендеріңе ден қойып, ойланып алыңдар! 16Өнім жинайтын кезінде біреу бастыруға үйілген масақ бауларынан жиырма қап астық шығады деп дәметсе, расында одан тек он қап қана шығады. Шырын сыққыштан елу шелек жүзім шырынын аламын деп дәметсе, онда небәрі жиырма шелек қана шырын бар болып шығады. 17Себебі Мен сендерді және істеген істеріңнің бәрін өсімдік татымен, қуаңшылықпен және бұршақпен зақымдадым. Әйтсе де сендер өкініп, Маған қайтып келмедіңдер, — деп ескертеді Жаратқан Ие.
18Бүгін, тоғызыншы айдың жиырма төртінші күні, сендер Менің киелі үйімнің іргетасын қайтадан қалап болдыңдар. Бүгінгі күннен бастап не болатынына ден қойып ойланып алыңдар! 19Тұқым әлі де қамбаларыңда сақталып келеді, солай емес пе? (Демек, сендер әлі де егін егіп, жинаған жоқсыңдар.) Жүзім, анар, інжір және зәйтүн ағаштары да жемістерін әлі берген жоқ. Алайда бүгіннен бастап Мен сендерді жарылқайтын боламын!»#2:19 Мал 3:10.
Жаратқан Иенің Зоробабелге берген уәдесі
20Сол айдың жиырма төртінші күні Жаратқан Ие Хаққай пайғамбарға тағы бір рет сөзін арнап былай деді: 21«Яһуданың әкімі Зоробабелге мынаны жеткіз: Мен аспанды да, жерді де шайқалтамын, 22патшалықтардың тақтарын төңкеріп, басқа халықтардың мемлекеттерінің күш-қуатын жоямын. Мен соғыс күймелерін оларды айдайтындарымен қоса аударамын. Атты әскерлер де жерге құлап, бір-бірінің семсерінен қаза табады».#2:22 Зәк 14:13.
23Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Сол күні, уа, қызметшім Салатиел ұлы Зоробабел, Мен сені өз қолымдағы мөрлі жүзігімдей беделді етіп тағайындаймын. Себебі Мен сені таңдап алдым». — Осы уәдені Әлемнің Иесінің Өзі берді.#2:23 Мұнысымен Жаратқан Ие Зоробабелдің атасы Ехониях патшаға шығарған үкімін жойып, оған және оның ұрпағы Зоробабелге рақым көрсетті (Ерм 22:24,30; Шеж1 3:17-19).

Currently Selected:

Хаққай 2: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in