YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 50

50
1Сонда Жүсіп әкесін бас салып құшақтап, жылап бетінен сүйді. 2Бұдан кейін ол өзіне қызмет жасап жүрген дәрігерлерге әкесінің денесіне май дәрі жағып бальзамдауға бұйырды. Олар Исраилдің мәйітіне қырық күн бойы хош иісті май дәрілер жақты, 3себебі бальзамдау үшін осыншама уақыт керек болатын. Мысырлықтар да Жақыпты жетпіс күн бойы жылап аза тұтты.
4Қаралы күндер аяқталғанда Жүсіп перғауынның уәзірлеріне:
— Маған мейірімділік көрсетіп, перғауынға мынаны жеткізіңдер: 5әкем марқұм көзі тірісінде маған: «Біліп ал, мен жуырда өлемін. Сүйегімді өзім Қанахан жерінде дайындап қойған қабірге апарып қоярсың!» деп өсиеттеп, осылай істеуге менен ант алған еді. Сондықтан енді әкемнің мәйітін қабірге қою үшін сол жерге барып, қайтып келейін, — деп өтініш жасады. 6Мұны естіген перғауын Жүсіпке:
— Әкеңе берген антыңа сай сол жаққа барып, сүйегін зиратқа қойып қайт! — деп рұқсатын берді.
7Сонымен Жүсіп жолға шықты. Оған перғауынның бүкіл нөкерлері — сарайындағы уәзірлері және Мысыр елінің рубасылары түгел ерді. 8Бұлармен бірге Жүсіптің үй іші, аға-інілері және әкесінің үйіндегі барлық адамдар ілесті. Гөшен елінде тек бала-шағалары мен ірілі-ұсақты малдары ғана қалды. 9Күймелер, салт аттылар да Жүсіппен бірге жүрді. Осылай бәрі үлкен көшке айналды.
10Олар Иордан өзенінің арғы жағында орналасқан Горен-Ғатадқа жеткен соң жеті күн бойы марқұмды зор қастерлеп еңіреп жылап жоқтады. 11Жергілікті қанахандықтар Горен-Ғатадтағы жоқтауды көріп: «Мысырлықтар үлкен жоқтау жасап жатыр», — десті. Сол себепті Иорданның ар жағындағы бұл жер Әбел-Мысраим («Мысырлықтардың жоқтауы») деп аталып келеді.
12Ал Жақыптың ұлдары әкелерінің айтқан өсиетін орындап, 13оның сүйегін Қанахан еліне, Ыбырайымның өз отбасының меншікті зираты ретінде хеттік Ефроннан сатып алған, Мамренің қасындағы Махпела егістігінде орналасқан үңгірге апарып қойды. 14Мұнан соң Жүсіп бауырларымен және өзіне еріп келген барлық адамдарымен Мысырға қайтып кетті.
Жүсіптің ағаларына ешқандай кек сақтамай, дүние салуы
15Әкелері өлген соң Жүсіптің ағалары бір-біріне: «Егер Жүсіп өзіне істеген жаман қылықтарымыз үшін бізден кек алатын болса қайтеміз?» — десті. 16Сол себепті олар Жүсіпке былай деп сәлем айтты:
— Сіздің әкеңіз өлер алдында бізге мынаны тапсырып кетті: 17«Сендер Жүсіптен ағаларыңның өзіңе жасаған күнәлары мен жауыздық әрекеттерін кешіре гөр деп сұраңдар!» Енді сіз әкеңіз сиынатын Құдайдың біздей құлдарының күнәларын кешіре көріңіз! — Жүсіп бұл сөзді естігенде жылап қоя берді.
18Содан кейін ағалары Жүсіпке өздері келіп:
— Сіздің құлдарыңызбыз, — деп, оның алдына жерге бас ұра жығылды. 19Ал Жүсіп оларға:
— Қорықпаңдар! Мен Құдайдың орнында емеспін ғой. 20Сендер маған жамандық ойладыңдар, бірақ Құдай мұның бәрін жақсылыққа соқсын деп, осы арқылы көп адамдарды аштан өлуден аман сақтап қалуға ниет етті. Ол солай болды да. 21Сондықтан қорықпаңдар, мен сендерге де, балаларыңа да қамқор боламын, — деді. Осылай жылы сөйлесіп, ағаларының көңілдерін орнықтырды.
22Жүсіп Мысырда әкесінің үй ішімен бірге тұрып, жүз он жасқа толды. 23Ол Ефремнің үшінші ұрпағынан шөпшек ұлдарын да көріп, Манасадан туған Махырдың ұлдарын бауырына басты.
24Жүсіп бауырларына: «Мен жуырда дүниеден қайтамын. Алайда Құдай рақымшылық жасап, сендерді осы елден сөзсіз алып шығып, Өзі Ыбырайымға, Ысқаққа және Жақыпқа ант беріп, уәде еткен еліне бастап апаратын болады», — деді.
25Сол себепті Жүсіп Исраилдің ұрпақтарынан ант алып: «Құдай рақымын түсіріп, сендерді ешбір шүбәсіз осы жерден алып шығатын болады. Сол кезде менің сүйегімді де өздеріңмен бірге осы жерден ала кетіңдер!» — деп өсиеттеді.#50:25 Мыс 13:15; Еш 24:23.
26Жүсіп жүз онға жетіп, қайтыс болды. Оның бальзамдалған мәйіті табытқа салынып, Мысыр елінде сақталып қойылды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in