Езра 5
5
Ғибадатхананы салуға қайтадан кірісу
1Сол кезеңде#5:1 Яғни Дарийдің патшалық құрған екінші жылы (4:24; Хақ 1:1; Зәк 1:1). Хаққай пайғамбар және Иддоның ұрпағы Зәкәрия пайғамбар Яһуда мен Иерусалимдегі яһудилерге Құдайдың хабарларын жеткізіп жүрді. Олар мұны Исраилдің үстінен билік құрған Құдайының атынан істеді. 2Сонда Салатиел ұлы Зоробабел және Ехосадық ұлы Ешуа#5:2 Зоробабел: Яһуда аймағының әміршісі (2:2; 3:2). Ешуа: бас діни қызметкер (2:2; Хақ 1:1). қайтадан іске кірісіп, Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінің құрылысын жалғастырды. Құдайдың пайғамбарлары қастарында бірге болып, оларды қолдап жүрді.
3Сол уақытта Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері яһудилерге келіп, мынадай сауал қойды: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» — 4Олар ғимараттың құрылысына қатысқан адамдардың аты-жөндерін де сұрастырып біліп алды.
5Алайда Құдай яһудилердің ақсақалдарына көз қырын салып қамқор болды. Сондықтан әмірші Дарий патшаға мәлімет хат жіберіп, соған жазбаша жауап қайтып келгенше, яһудилердің жұмысын тоқтатқан жоқ.
Әміршінің Дарий патшаға жолдаған мәлімет хаты
6Батыс Евфрат өлкесінің әміршісі Татынай, Шетар-Бознай және олардың қызметтестері — Батыс Евфрат аймағының басқа да лауазым иелері Дарий патшаға жіберген сол мәлімет хаттың мазмұны төмендегідей болды. 7Олар патшаға былай деп баяндады:
«Дарий патша ағзамға дұғай сәлем!
8Патшамыз мынау туралы хабардар болса екен. Біз Яһуда аймағына, ұлы Құдайдың сондағы киелі үйіне бардық. Жұмысшылар сол үйдің қабырғаларын қашалған тастан қаластырып, бөренелермен бекітіп салуда. Жұмыс зор ынтамен істеліп, тез алға басып жатыр. 9Біз ақсақалдарына: «Осы үйді салып, құрылысын бітіріп қалпына келтіруге сендерге кім бұйрық берді?» деген сауал қойдық. 10Сонымен қатар өзіңізге жіберу үшін басшыларының аты-жөндерін де сұрастырып біліп, жазып алдық.
11Олардың берген жауабы мынау: «Біз көк пен жердің Құдайының қызметшілеріміз. Бұдан көп жыл бұрын салынған осы үйді қайта тұрғызып жатырмыз. Исраилдің бір ұлы патшасы оны салып кеткен болатын.#5:11 Пат3 6:1-7:51. 12Алайда ата-бабаларымыз көктегі Құдайды қаһарландырды. Сондықтан Ол соларды Бабыл патшасы — халдейлік Набуходоносордың қолына тапсырды. Сол патша осы үйді қиратып, халықты Бабылға жер аударып әкетті.#5:12 Шеж2 36:16-20. 13Ал Кир патша өзінің Бабылға билік құрған бірінші жылы Құдайдың осы киелі үйін қайта тұрғызу туралы жарлық шығарды.#5:13 1:1-4. 14Бұған қоса Набуходоносор кезінде Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен алып, Бабылдағы ғибадатханаға әкеткен алтын-күміс бұйымдарды Кир патша енді сол ғибадатханадан шығартып алды. Оларды өзі Яһуда аймағының әкімі етіп тағайындаған Шешбасар#5:14 1:8. есімді адамға табыстады. 15Кир патша Шешбасарға былай деп тапсырды: Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін өзінің бұрынғы орнына қайтадан сал! Мына бұйымдарды алып, сол ғибадатханаға апарып қой!#5:15 1:2-3,7-8.
16Осылай Шешбасар Иерусалимге келіп, Құдайдың киелі үйінің негізін қайтадан қалады. Мына ғимарат сол кезден бері салынып келе жатыр, ол әлі күнге дейін біткен жоқ».
17Сондықтан егер патша ағзам мақұл көрсе, Бабылдағы патшалық қазынасынан іздестіріп, Кир патшаның Иерусалимдегі Құдайдың киелі үйін қайтадан салуға жарлық шығарғанын анықтатса екен. Содан соң патша ағзам өзінің осы мәселе бойынша жасаған шешімін бізге жолдаса игі болар еді».
Currently Selected:
Езра 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.