Езекиел 12
12
Пайғамбардың жер аударылуды бейнелеп көрсетуі
1Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 2«Ей, пендем, сен бас көтергіш халықтың арасында тұрып жатырсың. Олардың көруге арналған көздері болса да, көрмейді, естуге арналған құлақтары болса да естімейді. Өйткені олар бас көтергіш халық.#12:2 2:3,7; Иш 6:9-10; 43:8; Ерм 5:21. 3Сондықтан сен, ей, пендем, жер аударылып кетуге дайындалып, қажетті заттарыңды жинақтап ал! Елдестеріңнің көзінше күндіз басқа жаққа кетіп қал. Олар бас көтергіш халық болса да, мүмкін, түсінер. 4Сөйтіп күндіз олар қарап тұрғанда өзіңмен әкететін заттарыңды жинап алып, кешке олардың көзінше жер айдалып кетіп бара жатқан адамдай үйіңнен шық. 5Сол үшін қала қабырғасын олардың көз алдында үңгіп қаз да, буып-түйген заттарыңды сол тесік арқылы алып шығатын бол. 6Жұрттың көзінше заттарыңды иығыңа салып ал да, қараңғылыққа сүңгіп кет! Тастап бара жатқан еліңді көре алмайтындай етіп, бетіңді тұмшалап жауып ал. Өйткені Мен сені Исраил еліне (болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіретін) ескертуші еттім».#12:6 Немесе: Исраил еліне (ескертетін) белгі еттім (12:11; 14:8; 20:12,20; 24:24,27).
7Сонда мен өзіме айтылғандардың бәрін орындадым. Күндіз жер аударылып кетуге жинақтаған заттарымды алып шығып, кешке өз қолыммен қала қабырғасын үңгіп тесік жасап алдым. Қас қарайғанда заттарымды иығыма артып, жұрттың көзінше айдалып кетіп бара жатқан адамдай кетіп қалдым.
8Ертеңгісін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 9«Ей, пендем, бұл бас көтергіш Исраил халқы сенен «Не істеп жүрсің?» деп сұраған жоқ па? 10(Егер сұрап жатса) оларға былай деп жауап бер: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Осы ауыр хабар#12:10 Иш 13:1; Мал 1:1. Иерусалимдегі әмірші Седекиях#12:10 Седекиях Ехониях патшаның орнына Яһуда еліне билеуші ретінде тағайындалған еді (7:27; Пат4 24:17). және қаладағы Исраил халқының бәрі туралы. 11Оларға былай де: Мен сендерге болашақтағы оқиғаларды алдын ала білдіремін.#12:11 Немесе: Мен сендер үшін бір (ескертетін) белгімін (12:6). Менің істегендерім жуырда Иерусалим халқының басына түсетін болады. Олар тұтқындалып, бөтен елге айдалып кетеді. 12Араларындағы әмірші қас қарайғанда заттарын иығына артып алып, кетіп қалатын болады. Ол шығып кете алуы үшін қызметшілері қала қабырғасында арнаулы тесік үңгіп қазады. Әмірші бетін тұмшалап, жауып алады, әрі елін енді қайтып көрмейтін болады. 13Сосын Мен, Жаратқан Ие, оған арнап тор құрып, ол торыма түседі. Оны Бабылға, халдейлердің еліне, алып барамын. Алайда ол оны көрмей-ақ, сол жақта өледі.#12:13 Жау Седекияхты көзінен айырып, соқыр етіп Бабылға айдап әкетті (Ерм 52:11). 14Мен оның айналасындағы барлық нөкерлері мен жасақшыларын желдің төрт бағытына шашыратып жіберіп, олардың соңынан жалаң семсермен қуамын.
15Мен өздерін халықтардың арасына таратып, елдердің ішіне бытыратып жібергенімде олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады. 16Бірақ олар сол ұлттардың арасына шашырағанда Мен кейбіреулерін семсерден, ашаршылық пен індеттен тірі қалдырамын. Мұнан кейін бұлар өз салт-дәстүрлерінің қаншама жексұрын болғанын мойындайды. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
Қоршаудағы қорқып тамақтану жайлы алдын ала ескерту
17Бұдан кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 18«Ей, пендем, наныңды жегенде қалтырап, суыңды дірілдеп қорқып отырып іш! 19Бабыл еліндегі халқыңа былай де: Исраил елі мен Иерусалимде тұрып жатқандар туралы Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Олар нанын үрейлене отырып жеп, суын қорқып отырып ішетін болады. Өйткені ел қазіргі тұрғындарының жасаған зорлық-зомбылықтарының кесірінен барынан айырылып, жұрдай болады. 20Қоныстанған қалалары тұрғынсыз қалып, ашық даласы да қаңырап бос тұрады. Сонда олар Менің Жаратқан Ие екенімді білетін болады».
Құдайдың үкімі жуырда іске аспақ
21Жаратқан Ие маған қайтадан сөзін арнап былай деді: 22«Ей, пендем, Исраил елінде жұрт: «Уақыт өте күндер созылар, әрбір аян да ғайып болар» деген мәтелді келтіріп жүр, бұл қалай? 23Оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Мен бұл мәтелді жоямын, енді қайтып Исраилде оны ешкім де айтпайтын болады! Керісінше, оларға былай де: Аянда көрсеткендерімнің бәрі орындалатын күндер таяп қалды! 24Өйткені Исраил халқының арасында бұдан былай өтірік аяндар мен жағымпаз болжаулар#12:24 Яки: жағымпаз сәуегейлік (13:6; Пат3 22:13; Ерм 14:13-16). айтылмайтын болады. 25Бірақ Мен, Жаратқан Ие, қалаған сөздерімді айтамын және солар орындалады да. Олар ұзаққа созылмай, жуырда жүзеге асады. Ей, бас көтергіш халық, сендердің осы замандарыңда-ақ Мен сөзімді айтамын да, әрі іске асырамын да! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын».
26Кейін Жаратқан Ие маған тағы да сөзін арнап былай деді: 27«Пендем, Исраил халқы былай деп жүр: «Сол кісінің көрген аяны бұдан көп жылдан кейін ғана орындалады! Ол сонау болашақта болатындар жайлы пайғамбарлық сөз айтып жүр». 28Сондықтан сен оларға былай де: Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: Менің сөздерімнің ешқайсысы да енді кейінге қалдырылмайды! Айтқандарымның бәрі де іске асатын болады! Мен, Жаратушы Тәңір Ие, мұны нық айтамын».
Currently Selected:
Езекиел 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.