Мысырдан шығу 4
4
Мұсаны Жаратқан Иенің жібергендігін дәлелдейтін кереметтер
1Сонда Мұса:
— Ал егер исраилдіктер маған сенбей, айтқаныма құлақ аспастан: «Жаратқан Ие саған аян берген емес» десе, қайтемін? — деп жауап қайырды. 2Жаратқан Ие оған:
— Қолыңдағың не? — деді.
— Таяғым. — Жаратқан Ие:
3— Оны жерге лақтыр! — деді.
Мұса (мал баққанда қолына ұстап жүретін) таяғын жерге лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Мұса одан қаша жөнелді. 4Ал Жаратқан Ие Мұсаға:
— Қолыңды созып, оны құйрығынан ұстап ал! — деп бұйырды. Мұса жыланды ұстап алғанда, ол қолында қайтадан таяққа айналды. 5Жаратқан Ие:
— Осы құдіретті істі исраилдіктерге көрсет. Ол халқыңның ата-бабалары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие Өзім болып, мұнда саған аян бергендігіме солардың көздерін жеткізбек, — деді.
6Содан кейін Жаратқан Ие оған:
— Қолыңды қойныңа тық! — деп бұйырды. Мұса солай істеді де. Қолын суырып алғанда, қолы алапестен қар іспетті ағарып кетіпті. 7Жаратқан Ие:
— Қолыңды қайтадан тық! — деді. Мұса солай істеп, қолын қайта суырып алғанда, ол басқа дене мүшелері сияқты бұрынғы сап-сау қалпына келіпті. 8— Егер исраилдіктер саған да, көрсеткен алғашқы құдіретті ісіңе#4:8 Яки: сені Менің жібергендігімді дәлелдейтін алғашқы кереметіңе. (Түсіндірмедегі «Кереметті» қараңыз.) де сенбесе, онда осы екіншісі олардың көздерін жеткізбек. 9Ал егер олар осы екі кереметке де сенбей, айтқандарыңа құлақ аспай қойса, онда Ніл өзенінен су алып, құрғақ жерге төк. Сол су құрғақ жерде қанға айналады. — 10Бірақ Мұса Жаратқан Иеге:
— Уа, Ием! Мен бұрыннан бері де, Сен құлыңмен тілдесіп тұрған қазір де сөзге шешен адам емеспін. Аузым шабан, тілім жүйрік емес, — деп уайымын білдірді. 11Ал Жаратқан Ие:
— Адамға тілді бітірген кім? Оны мылқау не саңырау, көретін не соқыр ете алатын кім? Соны істей алатын Жаратқан Ие, Өзім, емеспін бе? 12Енді бар! Мен саған жар болып, айтатын сөздеріңді үйретемін, — деп бұйырды. 13Мұса:
— Уа, Ием! Кез келген басқа біреуді жібере көрші, — деп жалынды. 14Сонда Жаратқан Ие оған ашуланып, былай деп сөзін тамамдады:
— Сенің леуілік Һарон#4:14 4:27-31; 6:26. атты ағаң бар емес пе? Оның сөзге шешен екенін білемін. Ол қазір-ақ сені қарсы алуға келе жатыр, өзіңді көргеніне шын жүректен қуанбақ. 15Онымен сөйлесіп, айтатын сөздерін аузына салуың керек. Мен саған да, оған да жар болып, сөздерімді айтқызып, не істеулерің керек екенін Өзім үйретемін. 16Сонда Һарон халыққа сенің атыңнан сөйлемек. Ол сенің аузың, ал сен ол үшін Құдай (іспетті жетекші) боласың. 17Мына таяқ қолыңда жүрсін, сонымен Мен тапсырған құдіретті істерді көрсетпексің.
Мұсаның Мысырға қайтып баруы
18Мұса айдаладан қайын атасы Етордың қасына оралып:
— Мысырдағы туысқандарыма барып, амандығын білейін деп едім, — деді. Етор:
— Ендеше бар, жолың болсын, — деп келісті. 19Жаратқан Ие Мұсаға Мадиян елінде: «Мысырға қайтып бар, көзіңді құртпақ болғандардың бәрі өлді», — деп те тапсырған еді. 20Содан Мұса әйелі мен ұлдарын есекке отырғызып, Мысыр еліне қарай сапарға шықты. Өзі Құдай бұйырған таяқты қолына ала жүрді.
21Жаратқан Ие Мұсаға мына тапсырманы да берді:
— Мысырға қайтып барған соң, Мен өзіңе тапсырған кереметтердің бәрін перғауынның алдында көрсететін бол. Бірақ Мен оның жүрегін қасарыстырып қоямын, сондықтан ол халықтың кетуіне рұқсат етпейтін болады. 22Бұлардан кейін перғауынға былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Исраил Менің ұлым — тұңғышым іспетті. 23Саған бұйырған болатынмын: Ұлымды жібер, Өзіме қызмет етсін! Ал сен оны жіберуден бас тартып тұрсың. Ендеше Мен сенің ұлың — тұңғышыңды өлтіремін!»
24Жолшыбай түнемелде Мұсаға#4:24 Немесе: Мұсаның (тұңғыш) ұлына (4:25). Жаратқан Ие қарсы кездесіп, оның көзін құртпақ болды. 25Бірақ әйелі Сипора тас пышақты ала сала, ұлын сүндеттеп жіберіп, тәнінен кесіп алғанын Мұсаның аяғына тигізді де: «Сен төгілген қанмен құтқарылған#4:25 Немесе: бекітілген. күйеуімсің», — деді. 26Сонда Жаратқан Ие оны аман қалдырды. Ал Сипора Мұсаны «төгілген қанмен құтқарылған күйеуімсің» деп сүндет рәсіміне байланысты айтты.
27Жаратқан Ие Һаронға: «Айдалаға барып, Мұсаны қарсы ал», — деген болатын. Һарон жолға шығып, Мұсамен Құдайдың тауының#4:27 3:1,12; 19:3. маңында кездесіп, құшақтап бетінен сүйді. 28Мұса өзін жіберген Жаратқан Иенің күллі сөздерін де, Оның көрсетуге бұйырған бүкіл құдіретті істері туралы да Һаронға айтып берді.
29Мұса мен Һарон Мысыр еліне барып, Исраилдің барлық рубасыларын жинап алды. 30Һарон Жаратқан Иенің Мұсаға айтқан сөздерін түгелдей баяндап, тапсырған құдіретті істерін халықтың көз алдында көрсетті. 31Сонда халық Құдайдың Мұса мен Һаронды жібергендігіне сенді. Олар Жаратқан Иенің өздерін назарында ұстап келгенін, азапты өмірлерін көріп тұрғанын естігенде Оған бас иіп тағзым етті.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.