YouVersion Logo
Search Icon

Даниял 6

6
Даниялға қарсы жасалған қастандық
1Дарий билік құрған бүкіл патшалығына жүз жиырма аймақ әміршісін тағайындауды жөн көріп, онысын жүзеге асырды да. 2Бұған қоса патшаның мүддесін көздеп, аймақ әміршілерінің үстінен қарап, есеп алып отыратын үш уәзірді де бекітті. Сол үш уәзірдің біреуі Даниял болды.
3Даниял (Құдайдың Рухы дарытқан) асқан қабілетінің арқасында өзге екі уәзір мен аймақ әміршілерінен озық шықты. Сондықтан патша оны бүкіл патшалықты басқарушы етіп қоюды ойлады. 4Сонда басқа уәзірлер әрі аймақ әміршілері Даниялды айыптауға сылтау іздей бастады. Бірақ Даниял сенімді болып, жұмысын ұқыпты атқарғандықтан, олар оны кінәлайтындай бірде-бір қате не заңсыздық таба алмады. 5Ақырында олар: «Оның сиынатын Құдайының бұйырған заңына#6:5 Яғни Таурат заңына. қатысты болмаса, басқа жағынан ешқандай айып таба алмаймыз», — деп қорытты.
6Содан уәзірлер мен аймақ әміршілері бір айла тауып, патшаның алдына жиналып, былай деді:
— Уа, Дарий патша, өміріңіз ұзақ болсын! 7Біз: патшалықтың уәзірлері, қолбасшылары, аймақ әміршілері, кеңесшілері және әкімдері бәріміз ақылдаса келіп, патша ағзам мынадай заңды қабылдап, жарлық шығарса, тиімді болар еді деген қорытындыға келдік: Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, уа, патша иеміз, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!#6:7 Ескерту: Даналық пен басқа әр түрлі жақсылық атаулының бастауы — Құдай Тағала (2:28-3; Нқл 1:7; Жыр 22:1; 83:12; 86:7). Оған емес, тек бір пендеге ғана бас ұрып, өтініш жасау — күнә. 8Осылайша, уа, патша ағзам, бұл жарлықты бекіте көріңіз. Мидиялықтар мен парсылардың ешқашан күшінен айырылмайтын заңына сәйкес оны ешкім өзгерте алмастай етіп жазбаша түрде шығарта көріңіз.
9Дарий патша бұл жарлықты жазбаша шығартып, бекітті.
Даниялдың арыстандардың апанына тасталуы
10Даниял мұны білсе де, бұрынғыдай күніне үш рет үйінің жоғарғы бөлмесіне көтеріліп, Иерусалимге қарай ашық тұрған терезенің алдына баратын. Сол жерде ол бұрын да істегеніндей тізерлеп отырып, сиынатын Құдайына мінажат етіп, Оны мадақтауын жалғастыра берді.#6:10 9:4,19; Жыр 33:2,5; 54:17-18; 94:6-7.
11Сонда оны көре алмайтындар жиналып, Даниялдың Құдайға сиынып, рақым көрсетуін сұрап тұрғанының үстінен түсті. 12Олар патшаның алдына барып, оның шығарған жарлығы туралы айта келіп:
— Уа, патша! «Кімде-кім отыз күндік мерзім ішінде өзіңізге емес, бір тәңірге не пендеге бас ұрып, өтініш жасаса, сол адам арыстандардың апанына тасталсын!» деп жарлық шығармап па едіңіз? — деген сауал қойды. Патша:
— Дұрыс, бұл жарлық мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес бекітілді, оны ешкім де өзгерте алмайды! — деп жауап берді. 13Сонда әлгілер:
— Яһудадан жер аударылып келгендердің бірі — Даниял не сіздің өзіңізге, не шығарған жарлығыңызға пысқырып та қарамайды! Ол әлі де күніне үш рет өзінің Құдайына бас ұрып мінажат етіп келеді! — деп шағым айтты.
14Мұны естігенде патша өзіне-өзі қатты наразы болды. Ол Даниялды құтқаруға ниеттеніп, күн батқанға дейін оны қалай да аман қалдыруға тырысты. 15Алайда манағы қызметкерлер қайтадан патшаның алдына жиналып:
— Уа, патша, есіңізден шығара көрмеңіз, мидиялықтар мен парсылардың заңына сәйкес, патша шығарған жарлық пен ережені ешқандай өзгертуге болмайды! — деп ескертті.
16Содан патшаның әмірімен Даниял әкелініп, арыстандар қамалған апанға тасталды. Патша соның алдында Даниялға: «Сен өз Құдайыңа үздіксіз қызмет етіп келдің. Енді Ол сені құтқара көрсін!» — деген тілегін білдірген еді.
17Ешкім Даниялды құтқарып алмас үшін, апанның аузы дәу таспен жабылып, патша тасқа өзінің және әміршілерінің мөрлерін басып, бекітті. 18Бұдан соң патша сарайына кетіп, көңіл көтеруге зауқы соқпай, тамақтан да ауыз тимеді, түнімен көз шырымын да алған жоқ.
Даниялдың арыстандардан құтқарылуы
19Таң атар-атпастан патша орнынан тұрып, арыстандардың апанына қарай тартты. 20Апанға жақындап қалғанда мұңды дауыспен:
— Ей, Даниял, тірі Құдайдың құлы! Өзің үздіксіз қызмет етіп келген Құдайың сені арыстандардан құтқара алды ма? — деп сұрады. 21Сонда Даниял былай деп жауап берді:
— Уа, патша ағзам, өміріңіз ұзақ болсын! 22Құдайым Өзінің періштесін жіберіп, арыстандардың аранын жауып тастап, олар мені ешқандай жарақаттаған жоқ. Өйткені Құдайдың алдында айыпсыз деп те табылдым. Уа, патшам, өзіңізге де ешбір зиян келтірген емеспін.
23Патша бұған қатты қуанып, Даниялды арыстандардың апанынан шығарып алуға бұйырды. Апаннан шыққан Даниялдың денесінен бірде-бір жарақат табылмады. Себебі ол өз Құдайына сенім артқан еді.
24Патша Даниялға тісін қайрап, жазықсыз кінә таққан адамдар туралы әмір шығарып, өздерін, әйелдері мен бала-шағаларын түгелдей арыстандардың апанына тастатты. Апанның түбіне жетпей жатып-ақ, арыстандар оларға бас салып, денелерінің мылжа-мылжасын шығарды.#6:24 Отбасын түгелдей осылай жазалау парсылардың әдет-ғұрыптарына сай еді (Ест 8:11).
25Содан соң Дарий жер бетіндегі#6:25 Немесе: Дарий өз еліндегі (патшалығындағы). әрбір халық, ұлт пен тілдің адамдарына мынадай хат жазып жолдады:
«Барлығыңа амандықты молынан тілеймін! 26Былай деп жарлық шығарамын: патшалығымның күллі жерлерінде халық Даниялдың сиынатын Құдайынан қалтырап қорқып, Оны терең қастерлейтін болсын!
Себебі Ол — тірі Құдай, мәңгілік жасайды,#6:26 Яки: Себебі Ол — мәңгі тірі Алла Тағала.
Оның Патшалығын ешкім жеңе алмайды,
Әрі Оның билігі шексіз созылады!
27Құдай құтқарып, аман-есен қалдырады,
Көк пен жерде керемет, ғажап істер қылады!
Ол арыстандардың аранынан Даниялды
Құтқарып алып, аман-есен сақтап қалды!»
28Сонымен Даниялдың жағдайы Дарийдің, яғни парсы патшасы Кирдің,#6:28 Немесе: Дарийдің және парсы патшасы Кирдің. (Тарихшылардың көбі мұндағы Дарий мен Кир есімдері екі бөлек патша емес, бір патшаның екі түрлі есімі деп түсіндіреді: 5:31.) билік құрған заманында өркендей берді.

Currently Selected:

Даниял 6: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in