YouVersion Logo
Search Icon

Даниял 4

4
1Мен, Набуходоносор, өз сарайымда рақат күй кешіп, молшылықта өмір сүріп жатқан едім. 2Бірде төсекте жатқанымда өте қорқынышты түс көрдім. Ондағы қиялдар мен көріністерден үрейім ұшты. 3Сондықтан мен түсімнің мағынасын жорып берсін деп Бабылдағы барлық білімпаздарды алып келуге бұйырдым. 4Сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылар алдыма келгеннен кейін түсімді айтып бердім, бірақ олар оның мағынасын жорып бере алмады. 5Ең соңында Даниял алдыма келді. Оның өзім сиынатын тәңірімнің атынан туындалған Балташазар деген есімі де бар, әрі оған киелі тәңірлердің рухы қонған.#4:5 Немесе: Киелі Құдайдың Рухы бар. (Келесі аятта да солай.) Оған былай деп түсімді айтып бердім:
6— Ей, Балташазар, білімпаздардың үстінен қарайтын басшы!#4:6 Немесе: Балташазар, абыздардың (сәуегейлердің) үстінен қарайтын басшы! (Даниял пайғамбар ешқандай сәуегейлікпен айналыспағанмен патша Даниялдың Құдай берген дарынына көзі жетіп, оны сол білгіштердің үстінен қарайтын бақылаушы етіп қойған еді: 2:48.) Саған киелі тәңірлердің рухы қонғандықтан, сен шеше алмайтын құпияның жоқ екеніне көз жеткіздім. Мына түсімді тыңдап, ондағы көріністерді жорып берші. 7Мен төсекте демалып жатып, мынадай көріністерді көрдім: Қарасам, жер бетінің қақ ортасында бір зәулім ағаш тұр екен.#4:7 4:17; Езк 31:3. 8Ағаш одан да биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрініп тұрды. 9Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болды. Даланың аңдары оның көлеңкесін паналап, құстар бұтақтарына ұялап, бүкіл тіршілік атаулы одан тамағын тауып жүрді.
10Төсегімде жатып түсімнің жалғасын көре бердім. Кенет аспаннан бір қасиетті хабаршы түсіп келе жатыр екен!#4:10 Немесе: Қарасам, бәрін күзететін (яки: ұдайы сергек жүретін) қасиетті (періште) көктен түсіп келе жатыр екен! 11Хабаршы зор дауыспен былай деп жар салды: «Ағашты кесіп, бұтақтарын шауып тастаңдар! Жапырақтарын жұлып, жемістерін шашып тастаңдар! Ағаштың көлеңкесіндегі аңдар мен бұтақтарындағы құстар қашып кетсін! 12Бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда ол шыққа малынып, аңдармен бірге көк шөпті даланы мекендеп қала берсін! 13Оның санасы ауысып, адамдікі емес, аңдардікі болсын. Сондай күйде ол басынан жеті кезеңді#4:13 Яки: (Құдай бұйырған) бүкіл кезеңді. Немесе: жеті жылды (20,22,29-аяттарда да солай). өткізсін. 14Бұл шешімді мәлімдеп, үкімді жариялаған — бәрін күзететін қасиетті хабаршылар.#4:14 Яки: қасиетті періштелер (4:10). Осылайша пенделердің#4:14 Немесе: (осы дүниелік) адамдардың. патшалықтарына Алла Тағаланың үстемдік жүргізетінін барлық тірі жан атаулы ұғатын болады. Ол билікті Өзі қалаған кісісіне табыстап, ең төменгі пендені де басшылыққа тағайындай алады».#4:14 4:22,29; 5:21.
15Міне, менің, Набуходоносор патшаның, көрген түсім осы болды. Енді, Балташазар, соны жорып берші. Патшалығымдағы білімпаздардың ешқайсысы оны маған түсіндіріп бере алмады. Ал бұл сенің қолыңнан келеді, себебі саған киелі тәңірлердің рухы қонған!»#4:15 (4:5-6; 5:11,14) Немесе: сенің бойыңда Киелі Құдайдың Рухы бар екен.
Пайғамбардың ғажайып ағаш жайлы түсті жоруы
16Балташазар деп те аталатын Даниял мұны естігенде біраз уақытқа аң-таң болып, басына келген ойлардан қатты абыржыды. Ал патша:
— Балташазар, сол түс пен оның мағынасын уайымдама! — деді. Сонда ол былай деп жауап берді:
— Уа, тақсыр ие, бұл түс пен оның мағынасы сізді жек көретін қас жауларыңыздың басына түссе екен. 17Сіз түсіңізде көрген биік, мықты болып өсіп, ұшар басы аспанға жетіп, жердің түкпір-түкпіріне дейін көрінетін, 18Оның жапырақтары әдемі, жемісі мол, бәрінің азығына жететіндей болған, көлеңкесін дала аңдары паналап, бұтақтарына құстар ұялайтын сол ағаш өзіңізді білдіреді, уа, патша ағзам. 19Сіз қуаттанып, құдіретті болып келдіңіз. Ұлылығыңыз артып, аспанға дейін жетіп, билігіңіз жер бетінің шет-шетіне жайылды.#4:19 Бұл суреттеме Бабыл мұнарасын салмақ болғандардың ой-ниетін еске түсіреді (Жар 11:4).
20О, патшам, бір қасиетті хабаршының#4:20 4:10. аспаннан түсіп келгенін де көріпсіз. Ол: «Ағашты кесіп тастап, құртыңдар, бірақ оның түбірі мен тамырларын темір, қола кісендермен бұғаулап, даладағы шөптердің арасында қалдырыңдар! Сонда шыққа малынып, аңдармен бірге даланы мекендеп қала берсін! Осындай күйде басынан жеті кезеңді өткізсін!» депті.
21Уа, патшам, Алла Тағаланың тақсыр иеме шығарған осы үкімінің мағынасы мынау: 22Сіз адамдардың арасынан аластатылып, аңдармен бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып тұратын боласыз. Сонымен сіз Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін жеті кезең өтетін болады. 23Ал түсіңіздегі «Ағаш түбірі мен тамырларын қалдырыңдар!» деген бұйрық мынаны білдіреді: патшалық билігіңіз өзіңізден біржолата алынбайды. Сіз бәріне де үстемдік жүргізушінің көктегі Құдай екенін ұққан кезде билік өзіңізге қайтарылып беріледі.
24Сондықтан, уа, патша тақсыр, менің мына кеңесіме оң көзбен қарай көріңіз: күнәларыңыздан бас тартып, әділдікке бет бұрыңыз, жаман істеріңізді қойып, қысым көргендерге қайырымдылық көрсете көріңіз! Сонда сіздің өміріңіз ұзақ та берекелі бола алады.
Түстің орындалып, патшаның ақыл-есінен айырылуы
25Осының барлығы да Набуходоносор патшаның өмірінде жүзеге асты.#4:25 Себебі Набуходоносор Құдайдың Даниял пайғамбар арқылы жіберген ескертуіне ден қоймай, теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түспеді. 26Бұл былай болды. Құдайдың ескертуінен он екі ай өткеннен кейін патша бір күні өзінің Бабылдағы сәулетті сарайының жалпақ төбесінде#4:26 Немесе: патшалық сарайының жалпақ төбесінде. (Сол өлкедегі үйлердің төбелері жалпақ, демалуға ыңғайлы.) серуендеп жүргенде, 27былай деп паңдана мақтанды:
— Міне, мынау ұлы қала Бабыл ғой! Мен оны салтанатты ұлылығымның даңқын шығару үшін әрі патшалығыма лайықты астана болуға арнап, өзімнің құдіретті күш-қуатыммен салдым емес пе?
28Патша осы сөздерді айтып болмай жатып, көктен былай деген дауыс естілді:
— Ей, Набуходоносор патша, саған шығарылған үкім мынау: сен патшалығыңнан айырылдың! 29Бұдан былай адамдардың арасынан аластатылып, даланың аңдарымен бірге тұрып, өгіз сияқты шөппен қоректенетін боласың! Сен Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, билікті Өзі қалаған кісісіне табыстайтынын ұққанға дейін осындай күйде жеті кезеңді өткізесің.
30Набуходоносор туралы айтылған осы бұйрық сол сәтте-ақ орындалды. Ол адамдардың арасынан аластатылып, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, денесі шыққа малынып тұрды. Содан шаштары бүркіттің қауырсынындай, тырнақтары құстың шеңгеліндей болып сойдиып өсіп кетті.
31«Сол мерзім біткен соң мен, Набуходоносор, көктегі Құдайға#4:31 Немесе: көкке. бет бұрдым. Сонда ақыл-санам өзіме қайта оралды. Мен мәңгі тірі Алла Тағаланы мадақтап, дәріптеп, Оған шүкірлік айттым.
Оның билігі мәңгілік, Патшалығы ұрпақтан ұрпаққа мәңгі жалғаса береді. 32Бүкіл жер бетінің тұрғындары Оның алдында түк емес сияқты көрінеді. Ол көктегі періштелер топтарына да,#4:32 Немесе: Ол аспандағы шоқжұлдыздарға да. жердегі адамдарға да Өзінің еркіне сай әрекет етеді. Оның құдіретті қолын тоқтатып, Оны: «Не істеп отырсың?» деп сынай алатын ешкім де жоқ.#4:32 Әйүп 9:12; Иш 45:9.
33Сол сәтте ақыл-санам бұрынғы қалпына келіп, патшалығымның құрметіне салтанатты ұлылығым өзіме қайта оралды. Уәзірлерім мен төрелерім#4:33 Яки: Кеңесшілерім мен әкімдерім (немесе: ақсүйектерім). алдымнан өтіп, мен өз патшалығымның билігіне қайтадан ие болдым. Менің бұдан кейінгі атақ-даңқым бұрынғысынан да зор болды.
Набуходоносор патшаның Құдайды мадақтауы
34Сондықтан мен, Набуходоносор, Көктің Патшасын#4:34 4:23; 5:23. мадақтап, құрметтеп, дәріптеймін, өйткені Оның барлық іс-әрекеті ақиқат та әділ. Ол паңданып жүретіндерді бағындырып бой ұсындыра алады».

Currently Selected:

Даниял 4: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in