Амос 6
6
Паңданып, бейқам жүретін халыққа шығарылған үкім
1Әй, Сион тауында бейқам тұрып жатқан және өздерін Самария тауында қауіпсіз сезінетіндер, сендер қасіретке қаласыңдар! Ең озат халықтың маңдай алды адамдары деп аталатын сендерге Исраилдің үрім-бұтағы келіп, ақыл-кеңес пен көмек сұрайды. 2Қална қаласына барып, қараңдар! Сол жерден үлкен Хамат қаласына, содан філістір еліндегі Ғатқа да барыңдар! Өз патшалықтарың олардан артық па? Әлде олардың жерлері сендердікінен кең-байтақ болды ма? (Әрине, жоқ. Әйтсе де, жау оларды талқандады.) 3Дегенмен, сендер «апат болатын күн алыс» деп ойлап, аяусыз сотталатын күнді өздерің жақындатасыңдар.#6:3 Немесе: аяусыз билікті жақын арада жүргізбексіңдер. 4Сендер піл сүйегімен әшекейленген төсек-орындарыңда жатасыңдар, төсектеріңде жатып шіренесіңдер. Жейтіндерің — отардың тоқтылары мен бордақы таналардың семіз еті. 5Жетігеннің сүйемелдеуімен ән айтасыңдар, Дәуіт патшаға еліктеп, күй аспаптарыңда ойнауға әуен-күйлер ойлап табасыңдар. 6Шарапты тостағандап ішіп, үстеріңе жұпар иісті май жағасыңдар. Ал Жүсіптің үрім-бұтағының басына төніп тұрған жойылу жайлы қайғырмайсыңдар! 7Сондықтан қолға түсіп, басқа жерге аударылатын алғашқылардың арасында сендер боласыңдар! Сендердің үлде мен бүлдеге оранған, сауық-сайран құрған өмірлерің осылай бітпек!
8Жаратушы Тәңір Ие Өзінің киелі атымен ант етті. Ол — Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Мен Жақыптың үрім-бұтағының асқақтығынан жиренемін, олардың бекіністі сарайларын да жек көремін. Сондықтан да Мен осы қаланы және онда тұратындардың бәрін жауларының қолына тапсырамын».
9Бір үйде он адам қалған болса, солардың барлығы да өледі. 10Қайтыс болғандардың мәйіттерін өз туысқаны жерлеуге алып шығып, үйдің ішіндегі адамнан: «Қасыңда тағы біреу бар ма?» — деп сұрап, сол: «Жоқ,..» — деп жауап бере бастағанда, әлгі туысқан: «Тыныш! Жаратқан Иенің есімін бекерге атай көрме! — деп шошитын болады.#6:10 Мыс 20:7. 11— Өйткені біліп қой: Жаратқан Ие бұйрық берсе, үлкенді-кішілі үйлердің барлығы қиратылып талқандалады!»
12Жылқы жартаста ойнақтай ала ма? Теңізді соқамен жыртуға бола ма? (Әрине, болмайды.) Ал сендер әділдік пен шыншылдықты ащы уға#6:12 Яки: жусанға (6:12; Заң 29:18; Нқл 5:14). айналдырдыңдар! 13Сендер Лодыбар (яғни «ештеңе») қаласын иемденгендеріңе шаттанып, «Қарнайым (яғни «қос мүйіз») қаласын өз күшімізбен басып алдық» деп те мақтанасыңдар.#6:13 Ғилақадтағы осы екі қаланың аттарын пайғамбар мысқылдап қолданып отыр. Лодыбар (Пат2 9:4) «ештеңе», ал Қарнайым (Жар 14:5) «қос мүйіз» (яғни «зор күш») дегенді білдіреді. 14Бірақ Жаратқан Ие, Әлемнің Әміршісі Құдай, мынаны айтады: «Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, сендерге қарсы Мен бір халықты көтеремін. Олар сендерге солтүстіктегі Лебо-Хаматтан бастап, оңтүстіктегі Араба аңғарына дейінгі бүкіл елдеріңде#6:14 Пат4 14:25. зорлық-зомбылық көрсететін болады!»
Currently Selected:
Амос 6: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.