YouVersion Logo
Search Icon

Елшіл. істері 5

5
Екі жүзді ерлі-зайыптының жазалануы
1Анани есімді кісі мен әйелі Зәпира да бір меншікті жер танабын сатты. 2Бірақ Анани түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалып, тек қалғанын ғана елшілердің алдына апарып қойды. Бұл туралы әйелі де хабардар болды.
3Сонда Петір Ананиға былай деді: «Анани, неге жүрегіңе шайтанды ұялатып,#5:3 Лұқ 22:3; Жох 13:2,27. Киелі Рухты алдап,#5:3 5:4,9. жеріңнен түскен ақшаның бір бөлігін жасырып алып қалдың? 4Ол сенің меншігің болып қалмайтын ба еді? Сатқаннан кейін де түскен ақшаға еркін ие болатын едің ғой. Неліктен жүрегіңде осылай істеуге шешім қабылдадың? Сен тек адамды емес, Құдайды да алдамақ болдың».#5:4 5:3,9; Леу 6:2.
5Анани осы сөздерді естісімен құлап түсіп, жан тапсырды. Мұны естігендердің бәрін қатты үрей биледі. 6Жас жігіттер орындарынан тұрып, Ананидың мәйітін кебінге орап, алып шығып, қабірге қойды.
7Шамасы үш сағат өткенде оның әйелі сол үйге кірді. Ол не болғанын әлі білмейтін еді. 8Петір одан:
— Айтшы, сендер жерді осы бағаға саттыңдар ма? — деп сұрады. Әйел:
— Иә, сол бағаға, — деп жауап берді. 9Сонда Петір:
— Қалайша сендер Жаратқан Иенің Рухын#5:9 (1:8; 2:38; 8:39; Лұқ 4:18) Яки: Иеміздің Рухын. алдауға бола ма деп сынауға келістіңдер? Міне, күйеуіңнің мәйітін қабірге қойғандар есіктен кіріп келе жатыр. Олар сені де алып шығады, — деді.
10Әйел лезде-ақ Петірдің алдына құлап түсіп, жан тапсырды. Ішке кірген жас жігіттер оның өліп қалғанын көріп, алып шығып, күйеуінің қасына қойды. 11Бүкіл сенушілер қауымын#5:11 8:1; Мат 16:18; 18:17. және мұны естіген басқалардың бәрін де қатты үрей биледі.
Елшілердің көп кереметтер істеуі
12Ал Иеміз елшілері арқылы ел ішінде көп кереметтер істеп, құдіретін көрсетті. Сенушілердің барлығы ниеттес көңілмен ғибадатхананың Сүлеймен атындағы бағаналы ғимаратында жиналып жүрді. 13Бөтендерден ешкімнің де оларды мазалауға#5:13 Немесе: оларға (екіжүзділікпен) қосылуға. батылы бармады, ал халық бұларды дәріптеп мақтады. 14Барған сайын көптеген кісілер: еркектер де, әйелдер де Иемізге сенім артып, Оның қауымына қосылып жатты. 15Петір жандарынан өткенде, тым болмаса, оның көлеңкесі түссін деп жұрт ауру адамдарды көшеге шығарып, төсеніштер мен зембілдерге жатқызып қойды. 16Иерусалимнің маңайындағы қалалардан да халық ағылып, науқастары мен жын қинаған кісілерін алып келді. Солардың бәрі сауығып кетті.
Елшілердің қамалып, кереметпен босатылуы және Жоғарғы кеңесте Исаны мойындауы
17Сол кезде бас діни қызметкер мен оның жақтастарының бәрі, яғни саддукейлер тобының мүшелері, елшілерді қызғаныштан көре алмай, іштері күйді. 18Оларды тұтқындатып, мемлекеттік түрмеге қаматты. 19Ал Жаратқан Иенің бір періштесі түнде түрменің қақпаларын ашып, оларды шығарды да: 20«Ғибадатханаға барып, халыққа осы Жаңа өмір жайлы Ізгі хабарды түгел жариялаңдар!» — деді. 21Елшілер оның айтқанына құлақ асып, таң ата ғибадатханаға барып, халыққа тәлім берді.
Осы екі арада жақтастарын ертіп келген бас діни қызметкер Жоғарғы кеңесті, яғни Исраилдің басшыларының бүкіл мәжілісін, жинап алды. Содан олар елшілерді алып келуге түрмеге адамдарын жіберді. 22Қызметшілер оларды түрмеден таппай, қайта оралды. 23«Біз түрменің мұқият бекітілгенін, күзетшілердің қақпалардың алдында тұрғанын анықтадық. Бірақ ашқанда ішінен ешкімді таппадық», — деп баяндады. 24Ғибадатхана сақшыларының бастығы және басты діни қызметкерлер мұны естігенде оның немен аяқталарын білмей, аң-таң болды.
25Ал біреу келіп: «Сіздер түрмеге жапқан кісілер ғибадатханада халыққа тәлім беріп тұр!» — деп мәлімдеді. 26Сақшылардың бастығы қасындағы адамдарымен сол жерге барып, елшілерді алып келді. Бірақ зорлық болған жоқ, себебі олар тас лақтырып өлтірер деп халықтан қорықты. 27Келіп, Жоғарғы кеңестің алдында тұрған елшілерді бас діни қызметкер тергеуге алды.
28— Біз сендерге сол Адамның атынан тәлім беруге қатаң тыйым салған жоқпыз ба? Алайда сендер ілімдеріңді бүкіл Иерусалимге таратыпсыңдар. Осылайша сол Адамның қанын біздің мойнымызға артпақсыңдар,#5:28 2:23,36; 3:13-15; 7:52; Лұқ 23:13-25; Мат 23:35; 27:25. — деді ол. 29Петір мен өзге елшілер былай деп жауап берді:
— Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек қой! 30Ата-бабаларымыздың сиынатын Құдайы сіздер ағашқа іліп өлтірген Исаны қайта тірілтіп алды. 31Құдай Оны көкке көтеріп, Көсем және Құтқарушы ретінде Өзінің оң жағындағы ең құрметті орынға көтеріп жайғастырды. Осылай Ол Исраилдің бетін теріс жолдан қайтарып, күнәларын кешірмек. 32Біз де, Киелі Рух та бұл оқиғаларға куәміз. Құдай осы Киелі Рухын Өзіне бой ұсынғандарға сыйға береді.#5:32 1:8; 2:17-18,32-33,38-39; Жох 16:7-11.
33Жоғарғы кеңес осыны естігенде жарылып кетердей ашуланып, елшілерді өлтірмекші болды. 34Алайда араларындағы Гамалиел есімді бір парызшыл адам орнынан тұрды. Ол бүкіл халық сыйлаған заң мұғалімі#5:34 22:3; Түсіндірмедегі «Парызшыл» мен «Дін мұғалімін» де қараңыз. болатын. Гамалиел елшілерді біраз уақытқа ғимараттан шығаруға бұйырып, 35сөз сөйлей бастады:
— Қадірлі исраилдіктер, елдестерім! Мына кісілерге не істегілерің келетінін жақсылап ойланыңыздаршы! 36Өздеріңіз білетіндей, біраз жыл бұрын Теуда ел алдына шығып, өзін ұлы көсеммін деп#5:36 Немесе: өзін Мәсіхпін деп. жариялап, оған төрт жүзге жуық адам қосылды. Бірақ ол өлтіріліп, оған ергендер шашырап, жоқ болып кетті.#5:36 Немесе: олардың көтерілісі тез басылып қалды. 37Одан кейін халық санағы кезінде ғалилеялық Яһуда ел алдына шығып, соңынан көп халықты ертіп, көтеріліске шығарды. Оның да көзі құртылып, оған ергендер қуылып, тарап кетті. 38Ал енді сіздерге айтатыным мынау: бұл кісілерге тимеңіздер, босатып жіберіңіздер. Себебі егер бұл әрекет адам бастаған іс болса, ол өзінен-өзі құриды, 39бірақ Құдайдан болса, оны құрта алмайсыздар, тіпті Құдайға қарсы күресетін боласыздар.
Гамалиелдің сөзі қошталды. 40Содан олар елшілерді шақыртып, қамшылап соқтырды.#5:40 Яки: дүре соқтырды (Қор2 11:24). Оларға бұдан былай Исаның атынан уағыз айтуға қатты тыйым салып, босатып жіберді. 41Жоғарғы кеңестен шыққан елшілер Иеміз Исаның аты үшін қорлық көруге лайық деп саналғандарына қуанды.#5:41 Лұқ 6:22-23; Жох 15:20-21; 17:13-15.
42Олар күн сайын ғибадатханада және үйлерде#5:42 Яки: үй-үйді аралап. тәлім беріп, Исаның Мәсіх екендігін уағыздауларын тоқтатқан жоқ.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in