Елшіл. істері 27
27
Пауыл мен серіктерінің кемемен Римге беттеуі
1Сонымен біздің Италияға баратынымыз шешілген соң, Пауыл мен бірнеше басқа тұтқындар римдік патша атындағы#27:1 Яки: Себаст (латынша Август) атындағы (Лұқ 2:1). әскер бөлімінің Юли есімді жүзбасына табысталды. 2Адрамитилық#27:2 Адрамити: Азия аймағының Троадаға жақын, кеме тоқтайтын қаласы. кемеге мініп, теңізге шықтық. Ол жол-жөнекей Азия аймағының кемежайларына кіретін болды. Бізге Салониқадан шыққан македониялық Арыстарқ#27:2 19:29; Флм 24. ере жүрді. 3Келесі күні Сидонға жеттік. Жүзбасы Пауылға жақсы қарап, оған достарына барып келіп, солардың оның сапар кезіндегі қажеттерін қамтамасыз етулеріне рұқсат берді. 4Сидоннан әрі қарай кетіп, алдымыздан қарсы соққан желден қашып, Кипр аралының ық жағымен жүрдік. 5Теңізді Кіликия және Памфүлия өлкелерін бойлай кесіп өтіп, Лүкия аймағындағы Мүраға жеттік.
6Сол қаладан жүзбасы Италияға бет алған ескендіриялық#27:6 6:9; 18:24; 28:11. кемені тауып алып, бізді осы кемеге мінгізді. 7Көп күн бойы ақырын жүріп отырып, зорға дегенде Книд қаласының маңайына жеттік. Жел қарсы соққандықтан, Крит аралының ық жағымен, Салмон қаласының маңына жеттік. 8Жағалаумен жүре отырып, әзер дегенде Ласея қаласына жақын Сұлу кемежай деген жерге бардық.
9Осы екі арада талай уақыт артта қалып, тіпті яһудилердің күзгі оразасы өтіп кеткен еді. Сондықтан кемемен жүзу қауіпті бола бастады. Сол себептен Пауыл оларға ескертіп: 10«Ер азаматтар, біздің сапарымыз жүк пен кеме үшін ғана емес, өз өміріміз үшін де қауіпті де өте зиянды болайын деп тұрғанын білемін», — деді. 11Бірақ жүзбасы Пауылдың сөзінен гөрі кеменің жүргізушісі мен иесіне көбірек сенді. 12Оның үстіне кемежай қыстауға онша ыңғайлы болмаған соң, кемедегілердің көпшілігі әрі жүре беріп, қыстау үшін қалайда Феникске жетіп алайық деген шешім қабылдады. Өйткені сол криттік кемежай оңтүстік-батыс пен солтүстік-батыс желдеріне қарсы орналасқан. 13Оңтүстіктен баяу жел соғып тұрғанда, олар мақсатымызды орындай аламыз деген оймен зәкірлерін көтеріп алып, Критті жағалап жүзіп кетті.
Кеменің қатты дауылға ұшырап, қирауы
14Аз уақыттан кейін арал жақтан Солтүстік-шығыс деп аталатын қара дауыл соғып, 15кемемізді сүйрей жөнелді. Дауылға қарсы тұрар шамамыз болмаған соң, кемені толқынға тапсырып, кете бардық. 16Клауда деген кішкентай аралдың ық жағымен жүрген кезде, зорға дегенде кеме артындағы байлаулы қайықты үстіне тартып, шығарып үлгердік. 17Бұдан соң теңізшілер кемені кендір арқанмен белдіктеп байлап қойды. Олар Сирт қойнауындағы#27:17 Сирт: солтүстік Африкадағы Либия еліне жақын орналасқан қайраңдары (яғни таяз жерлері) көп теңіз қойнауы. бір таяз жерге қайраңдап қалудан қауіптеніп, желкендерді түсірді. Осылай кеме қалқып жүре берді. 18Дауылдан әбден ұрылып-соғылып, теңізшілер келесі күні жүктің біразын түсірсе, 19үшінші күні өз қолдарымен кеменің керек-жарағын лақтырып тастауға мәжбүр болды. 20Бірнеше күн бойы не күн, не жұлдыз көрінбеді. Ал дауылдың долданғаны сондай, құтқарыламыз ба деген үмітіміз үзіле бастады.
21Көптен бері ешкім нәр татпаған соң, Пауыл ортаға шығып:
— Ей, ер азаматтар! Мені тыңдап, Криттен шықпауларың керек еді; сонда осындай қатерге бас тігіп, зиян шекпеген болар едіңдер. 22Ал енді батылданыңдар деп ескертемін, себебі ешқайсыңның өмірлерің қиылмайды, тек кеме ғана құриды. 23Неге десеңдер, өзім қызмет етіп, Соның меншігімін деп жүрген Құдайымның бір періштесі өткен түні қасымда пайда болып былай деді: 24«Қорықпа, Пауыл! Сен римдік патшаның алдына баруға тиіссің! Біліп қой: Құдай тілегіңді ескеріп, сапарластарыңды өлімнен аман алып қалады».#27:24 Яки: Құдай (мінажатыңа құлақ салып) саған барлық сапарластарыңның өмірін сыйлады. 25Сондықтан, азаматтар, батыл болыңдар! Маған қалай айтылса, солай болады да деп Құдайға сенемін. 26Бірақ біз бір арал маңындағы бір таяз жерге қайраңдап қалуға тиіспіз, — деді.
27Адрия теңізінде сандалып жүргенімізге он төрт күн болғанда, түн ортасында кемешілер құрлыққа жақындағанымызды шамалады. 28Олар өлшеуішті суға түсіріп, судың жиырма құлаш#27:28 Яки: отыз жеті метр. терең екендігін анықтады; сәлден кейін тағы өлшеп, он бес құлаш деп тапты. 29Жартасқа соғылып қалудан қауіптенген теңізшілер кеменің артынан суға төрт зәкір#27:29 Яғни якорь (27:30,40). тастап, таңның атуын асыға күтті. 30Алдыңғы жақтан да зәкір тастаймыз деп сылтауратқан теңізшілер қайықты суға түсіре бастады. Бірақ олар мұны кемеден қашып кету үшін істеді. 31Сол себепті Пауыл жүзбасы Юли мен жасақшыларға: «Егер мыналар кемеде қалмаса, сендерге құтқарылу жоқ», — деп ескертті. 32Сонда жасақшылар қайықты байлап қойған арқандарды кесіп, оны теңізге құлатты.
33Таң атар алдында Пауыл адамдарды бір нәрсе жеп алуға шақырып: «Бастарыңа қауіп төніп, нәр татпай жүргендеріңе бүгін он төрт күн болды. 34Сондықтан жүрек жалғап алыңдар деймін. Бұл құтқарылуларың үшін қажет. Ешқайсыңның бір тал шашың да түспейді».#27:34 Мат 10:30.
35Пауыл осылай деп, бір нанды алды да, бәрінің көзінше Құдайға шүкірлік айтты; бір жапырағын үзіп, жей бастады. 36Содан адамдар жігерленіп, тамақтанып алды. 37Кемеде жалпы саны екі жүз жетпіс алты кісі едік. 38Бәріміз тойып алған соң, теңізшілер кемені жеңілдету үшін жүк қоймасында қалған астықты теңізге лақтырып тастады.
39Таң атқанда олар келген жерді таныған жоқ. Жағасы жайлы шығанақты көріп, мүмкін болса, кемені сол жерге тақап тоқтатуға ұйғарды. 40Зәкірлердің арқандарын кесіп, теңізге тастады да, кеменің рулін байлаған қайысты босатып, алдыңғы желкенді жоғары көтеріп, жағаға бет алды. 41Алайда бір таяз жерге тап болып, кеме қайраңдап, тұмсығы құмға терең батып, қимылдамай қалды. Ал артын лықсыған толқындар соққылап, сындыра бастады.
42Тұтқындар жүзіп қашып кетпесін деп, жасақшылар оларды өлтіріп тастамақ болды. 43Бірақ Пауылды аман алып қалғысы келген жүзбасы олардың ниетін іске асыруларына тыйым салып: «Жүзе білетіндер бірінші болып теңізге секіріп түсіп, құрлыққа жүзіп барсын! 44Ал қалғандары тақтайларды және кеменің басқа да бөлшектерін қарманып, жағаға жетсін!» — деп бұйырды. Осылай барлығы да аман-есен жағаға жетіп алды.
Currently Selected:
Елшіл. істері 27: КК 2010
Highlight
Share
Copy
![None](/_next/image?url=https%3A%2F%2Fimageproxy.youversionapi.com%2F58%2Fhttps%3A%2F%2Fweb-assets.youversion.com%2Fapp-icons%2Fen.png&w=128&q=75)
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.