Елшіл. істері 16
16
Тімотенің елшілерге қосылуы әрі Киелі Рухтың оларға бағыт көрсетуі
1Осылай Пауыл Дербе мен Лүстраға да барды. Сол жерде Тімоте#16:1 Осы есімнің мағынасы: «Құдайды қастерлеуші» (Тім2 1:2,5-6; 3:15; Флп 2:19-22; сол кезде Тімоте әлі де жас жігіт еді: Тім1 4:12). есімді Мәсіхтің жолын қуушы шәкірті бар еді. Оның шешесі Мәсіхке сенетін яһуди әйел, ал әкесі грек болатын. 2Лүстра мен Қониядағы бауырластар Тімоте туралы жақсы пікірде болып куәлік берді. 3Пауыл оны сапарға бірге алып шыққысы келгендіктен, алдымен сүндетке отырғызды. Мұны сол өңірдегі яһудилер үшін жасады, өйткені олар Тімотенің әкесінің грек екенін білетін.#16:3 Яһудилерге Ізгі хабарды сүндеттелмеген біреу жеткізсе, олар оны қабылдамас еді.
4Мұнан кейін Пауыл мен оның серіктері басқа қалаларды аралап, Иерусалимдегі елшілер мен қауым жетекшілері қабылдаған шешімді#16:4 15:23-29. сенушілерге таныстырып, сақтап жүрулерін тапсырды. 5Содан қауымдардың сенімі күшейіп, сенушілердің саны күн сайын арта берді.
6Киелі Рух Пауылға және оның жолдастарына Азия аймағында уағыздауға тыйым салғандықтан, олар Фрүгия және Ғалатия аймақтарын аралай жүрді.#16:6 Ежелгі Азия аймағы: бүгінгі Түркиядағы Ізмір қаласының айналасы (2:9; 19:10; 20:16). Фрүгия, Ғалатия: бүгінгі Анкара мен Қония қалаларының өңірі. 7Олар Мүзияға жеткеннен кейін, Бітүнияға кіруге ұмтылды, бірақ Иса жіберген Киелі Рух#16:7 Яки: Исаның Рухы (1:8; 2:33; Жох 15:26; 16:7). оларға рұқсат бермеді. 8Сондықтан елшілер Мүзиядан өтіп, Троада қаласына#16:8 Троада: яки Троас (ежелгі Троя: Солтүстік-батыс Анадолуда, бүгінгі Түркияда, орналасқан, кемежайы бар ежелгі қала: 16:11; 20:5; Қор2 2:11; Тім2 4:13.) барды.
9Сол түнде Пауылға бір македониялық кісі аян берді. Ол мұның алдында тұрып: «Македонияға#16:9 Македония: Грекияның солтүстік-шығыс жағы. келіп, бізге көмектесе гөр», — деп өтінді. 10Осы аяннан кейін, Құдай бізді соларға Ізгі хабарды уағыздауға шақырып жатыр деген қорытындыға келіп, Македонияға барудың жолын іздестірдік.#16:10 Құдай бізді ... іздедік: Осы жерден бастап Пауылдың серіктеріне «Елшілердің істерін» жазған Лұқа қосылды. (Осы жазба туралы мәліметті қараңыз.)
Еуропадағы алғашқы мәсіхшілер: Філіпідегі саудагер әйел мен оның отбасы
11Троададан кемемен шығып, тура Самотрак аралына, келесі күні (Македониядағы) Неаполь қаласына жеттік. 12Содан Філіпіге тарттық, бұл — Македонияның осы өңіріндегі басты қаласы әрі римдіктердің елді қонысы. Бірнеше күн осында тұрдық. 13Сенбі күні қала сыртындағы өзенге бардық; бұл жерде адамдар әдетте Құдайға сиынып мінажат ететін. Біз отыра қалып, жиналған әйелдермен сөйлесе бастадық. 14Солардың арасында Лүдия есімді әйел болды, ол Тиятир#16:14 Аян 1:11; 2:18,24. қаласынан келген, қызыл мата сатушы еді. Лүдия басқа ұлттық болса да, Құдайды қастерлейтін. Иеміз оның жүрегін жібітіп, Пауылдың айтқан сөзіне құлақ түргізіп, соны қабылдатты. 15Лүдия үй ішімен бірге Мәсіхтің жолына түсіп, шомылдыру рәсімінен өтті. Мұнан кейін ол бізге: «Егер мені Иемізге сенуші деп мойындасаңыздар, үйіме келіп, қоныңыздар», — деп қоярда-қоймай өтініп, ақыры біз келістік.
Пауыл мен Сыйластың тұтқындалуы, түрме бастығының Иемізге бет бұруы
16Бір жолы біз мінажат етуге бара жатқанда, сәуегейлік жасайтын жыны бар#16:16 Алла Тағала сәуегейлікпен және сиқыршылықпен айналысуға қатаң тыйым салған (Леу 19:26; Заң 18:10-14). бір малай қыз бізге кез болды. Сол қыз өзінің арам көріпкелдігімен қожайындарына көп кіріс түсіреді екен. 17Қыз Пауыл мен бізден қалмай: «Мына кісілер — Құдай Тағаланың#16:17 7:48; Мар 5:7. құлдары, олар сендерге құтқарылу жолын уағыздайды!» — деп айқайлап жүрді. 18Ол бірнеше күн осылай етті. Ақырында Пауыл ашуланып, артына бұрылып, жынға: «Иса Мәсіхтің атынан саған бұйырамын: шық оның бойынан!» — деді. Сол сәтте-ақ жын қыздан шығып кетті.
19Ал қыздың қожайындары өздерінің пайда көзінен айырылғанын көргенде, Пауыл мен Сыйласты ұстап алып, базар алаңындағы қала әкімшілігіне сүйреп апарды. 20Екеуін римдік басшыларға алып келіп: «Мыналар — яһудилер, қалаға іріткі салып жүр! 21Олар уағыздап жүрген дәстүрлерді бізге, Рим азаматтарына, қабылдап, орындауға болмайды», — деді.
22Жиналған топ та екі елшіге қарсы шықты. Римдік басшылар олардың киімдерін үстерінен жұлып алғызып, таяқпен дүре соғуға бұйырды. 23Оларды қатты сабап болған соң, түрмеге тастап, бастығына#16:23 Яки: түрменің бас қарауылын.: «Бұларды жақсылап күзет!» — деп әмір етті. 24Осындай бұйрық алған түрме бастығы екеуін ішкі зынданға тастап, аяқтарын ағаш қысқыштармен бұғаулап қойды.
25Түн ортасында Пауыл мен Сыйлас Құдайға сиынып, Оны ән-жыр айтып дәріптеп мадақтады. Басқа тұтқындар мұны тыңдап жатты. 26Кенеттен жер қатты сілкініп, түрменің іргесі шайқалып кетті. Сол сәтте барлық есіктер ашылып, бүкіл тұтқындардың аяқтарындағы шынжырлары шешіліп түсіп қалды. 27Түрме бастығы ұйқысынан оянып, есіктердің ашық екенін көргенде, семсерін суырып алып, өзін өлтірмекші болды. Себебі ол тұтқындардың бәрі қашып кетті деп ойлады.#16:27 16:23; 12:19. 28Бірақ Пауыл:
— Өзіңе залал келтірме! Бәріміз осындамыз! — деп айқайлап жіберді. 29Бастық шам жағуға бұйырып, ішке қарай тұра жүгірді де, қалшылдап-дірілдеп Пауыл мен Сыйластың аяғына жығылды. 30Екеуін сыртқа шығарып:
— Мырзалар, (Құдайдың қаһарынан) құтқарылуым үшін не істеуім керек? — деп сұрады. Олар:
31— Иеміз Иса Мәсіхке сен, сонда өзің де, үй ішің де құтқарыласыңдар! — деді де, 32оған және үйіндегілерге Иеміздің Ізгі хабарын айтып берді. 33Түрме бастығы оларды түннің сол сағатында-ақ өз үйіне апарып, жараларын жуды. Өзі де, бүкіл отбасы да Иеміздің жолына түсіп, дереу шомылдыру рәсімінен өтті. 34Екі елшіні қонақ бөлмесіне кіргізіп, дастарқан жасап, барлық үй ішімен бірге Құдайға сенгендеріне қатты қуанды.
35Таң атқанда қаланың басшылары: «Әлгі адамдар босатылсын!» — деген бұйрықпен сақшыларды түрмеге жіберді. 36Түрменің бастығы Пауылға мұны білдіріп:
— Қаланың басшылары сендерді босатсын деген хабар жіберді. Сондықтан енді шығып, амандықпен кетіңдер! — деді. 37Ал Пауыл сақшыларға бұрылып:
— Римдік азаматтар болсақ та, олар бізді бүкіл ел алдында үкімсіз сабап, түрмеге жапты.#16:37 Бұл римдік заңдарға қайшы болатын (22:25-29). Енді бізді жасырын қуып жібергілері келе ме? Жоқ, болмайды! Бізді өздері келіп, шығарсын! — деді.
38Сақшылар бұл туралы қаланың басшыларына айтып берді. Пауыл мен Сыйластың римдік азаматтар екенін естігенде, әкімшілердің зәрелері ұшып, 39түрмеге өздері келді. Олар екеуінен кешірім сұрап, түрмеден алып шығып, қаладан кетулерін өтінді. 40Ал Пауыл мен Сыйлас босап шыққан соң алдымен Лүдияның үйіне барды. Сонда сенуші бауырластарымен кездесіп, оларды жігерлендірді. Бұдан кейін екеуі жолға шықты.
Currently Selected:
Елшіл. істері 16: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.