YouVersion Logo
Search Icon

Елшіл. істері 10

10
Римдік жүзбасы Корнелдің Петірмен кездесуі
1Сол кезде Кесарияда#10:1 8:40; 9:30; 12:19. Корнел есімді кісі тұратын. Ол «Италиялық жасақ» деп аталған әскер бөлімінің жүзбасы еді. 2Үй ішімен шын жүректен Құдайды қастерлейтін Корнел яһуди халқының кәріп-қасерлеріне көп қайырымдылық жасап, ұдайы Құдайға сиынып мінажат етіп жүретін. 3Бір күні түс қайта сағат үш шамасында Корнел Құдайдың бір періштесінің берген аянын анық көрді. Періште үйге кіріп, Корнелдің қарсы алдына тұра қалып:
— Корнел! — деп тіл қатты. 4Одан көз алмай, шошып кеткен жүзбасы:
— Мырза, не істеуім керек? — деп сұрады. Періште:
— Сенің еткен мінажатың және жарлыларға көрсеткен қайырымдылығың Құдай алдына жетті; Ол соларды мейірлене ескереді. 5Енді біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петір деген адамды шақырт.#10:5 Яки: Шимон есімді адамды шақырт; оның қосымша аты — Петір (Мат 16:16-18; Лұқ 6:14). 6Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр, — деп жауап берді.
7Өзімен сөйлескен періште ғайып болып кеткеннен кейін Корнел қызметшілерінің екеуін және өзіне қызмет етіп жүрген жасақшыларының біреуін шақырып алды; ол да Құдайды қастерлейтін кісі еді. 8Соларға бәрін айтып түсіндіріп, Иоппеге жіберді.
9Келесі күні бұлар қалаға жақындап қалғанда, Петір түс кезінде мінажат ету үшін үйдің төбесіне көтерілді. 10Оның қарны ашып, тамақ жегісі келіп кетті. Ас дайындалып жатқан кезде Петір бір ерекше күйге енді.#10:10 11:5; 22:17; Қор2 12:3. 11Сонда ол көктің ашылып, одан үлкен дастарқанға ұқсас бір нәрсенің төмендеп келе жатқанын көрді; дастарқан төрт бұрышынан ұсталған күйі жерге қарай түсіріліп келе жатты. 12Оның ішінде алуан түрлі төрт аяқты жануарлар, бауырымен жорғалаушылар және жабайы құстар бар екен. 13Бір дауыс:
— Петір, тұр, бұлардың біреуін сойып, же! — деп бұйырды. 14Петір:
— Жоқ, Ием! Мен ешқашан да арам тамақ#10:14 Яки: дін тарапынан тыйым салынған тағамдар (Леу 11; 20:22-26; Заң 14:3-19; Езк 4:14). жеген емеспін, — деп жауап берді. 15Дауыс екінші рет естіліп:
— Құдай адал еткенді сен арам деп айтпа!#10:15 (Мар 7:19; Рим 14:20) Осы аянмен Петірге барлық ұлттардың да Құдай алдында Мәсіх арқылы адал етілетіні көрсетілді (10:20,28; 11:3,17-18). — деді. 16Осы көрініс үш рет қайталанып, содан дастарқан дереу көкке көтеріліп кетті.
17Петір көрген аянының нені білдіретінін түсіне алмай тұрғанда, Корнел жіберген адамдар Шимонның үйін іздеп, қақпа алдына тоқтады. 18Олар: «Осы үйде Шимон Петір деген қонақ бар ма екен?» — деп дауыстап сұрады. 19Петір көрген аяны туралы әлі ойланып тұрғанда, Киелі Рух оған: «Қарашы, сені үш кісі іздеп келді. 20Орныңнан тұрып, жерге түс; ойланбай-ақ солармен бірге жолға шық! Себебі оларды Мен жібердім», — деп тапсырды. 21Петір төмен түсіп, келген адамдарға жолығып:
— Сендер іздеп жүрген кісі менмін. Бұл жерге не себептен келдіңдер? — деп сұрады. 22Олар былай деді:
— Бізді Корнел есімді жүзбасы жіберді. Ол — әділ, Құдайды қастерлейтін және бүкіл яһуди халқы сыйлайтын кісі. Оған Құдайдың қасиетті періштесі сізді өз үйіне шақырып, айтқан сөздеріңізге құлақ асуды бұйырған еді. — 23Петір оларды үйге шақырып, қонақ қылды. Келесі күні дайындалып, солармен бірге жолға шықты. Иоппедегі бауырластарының біразы#10:23 Яки: Иоппедегі сенушілер қауымының біраз мүшелері (9:38,41; 10:45; 6:2-3). (Осы сенушілердің куәгер болғаны кейін өте маңызды болды: 10:44-47; 11:1-3,12-18.) оған еріп жүрді.
24Бір күннен кейін олар Кесарияға жетті. Корнел барлық туған-туысқандары мен жақын достарын үйіне шақырып, бұларды күтіп отыр екен. 25Петір үйге кіргенде, Корнел оның алдынан шығып құрметтеп, аяғына жығылды. 26Петір: «Түрегеліңіз, мен де сіз сияқты пендемін», — деп, оны тұрғызып алды. 27Корнелмен сөйлескен бойы үйге кірді. Үй толы кісі екенін көріп, 28Петір оларға былай деп тіл қатты:
— Мен сықылды яһудиге басқа халықтың адамымен араласуға не үйіне кіруге дініміздің ережелері арқылы тыйым салынған, мұны білесіздер. Бірақ Құдай маған ешбір адамға «қасиетсіз яки арам» деп қарамау керек екенін білдірді. 29Сондықтан мен шақыруларыңыздан бас тартпай, осы жерге келіп тұрмын. Ал енді мені не себептен шақырғандарыңызды білгім келеді.
30Сонда Корнел былай деді:
— Үш күн бұрын#10:30 Немесе: Төртінші күні. мен үйде Құдайға сиынып мінажат етіп отырған едім. Уақыт қазіргі сияқты түстен кейінгі сағат үштің кезі болатын. Кенеттен киімдері жарқыраған бір ер адам алдыма тұра қалып: 31«Корнел, сенің мінажатың Құдайдың құлағына жетіп, жарлыларға көрсеткен қайырымдылығыңды Ол мейірлене ескереді. 32Біреулерді Иоппеге жіберіп, Шимон Петірді шақырт. Ол тері илеуші Шимонның теңіз жағасындағы үйінде тұрып жатыр», — деді. 33Содан мен сізге дереу кісі жібердім, келгеніңіз өте жақсы болды. Қазір бәріміз осы жерде Құдай алдында отырып, Иеміздің сізге айтуға тапсырған барлық сөздерін тыңдағымыз келеді.
Петірдің Кесариядағы басқа ұлттың адамдарына айтқан уағызы
34Сонда Петір былай деп сөзін бастады:
— Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. 35Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділдікке сай әрекет ететіндерін қабылдайды. 36Құдай Исраил халқына Өзінің Иса Мәсіх арқылы адамзатпен татуласуы жайлы Ізгі хабарды жіберді: Мәсіх — бәрінің де Иесі! 37Жақия адамдардың шомылдыру рәсімінен өтуі туралы уағыз айтқан еді; содан кейін Ғалилеядан бастап барлық яһуди елінде болған оқиғаларды да білесіздер: 38Құдай Өзінің Киелі Рухы мен құдіретін назареттік Исаға дарытты.#10:38 Яки: Құдай Исаны Киелі Рухқа және құдіретке кенелтті (Лұқ 4:18-21; Иш 61:1-3; Жох1 2:20). Ол игі істер жасап, шайтанның құрсауындағы адамдарды азат етіп сауықтырып, ел аралап жүрді, өйткені Құдай Оған жар болды. 39Біз Исаның яһуди елінде және Иерусалимде істеген істерінің бәріне куәміз. Ал соңында дұшпандары Оны ағашқа шегелеп іліп өлтірді. 40-41Алайда үшінші күні Құдай Исаны қайта тірілтіп алып, бүкіл халыққа емес, Өзі куә болуға алдын ала таңдап алған біздерге көрсетті. Иса өлімнен қайта тірілгеннен кейін біз Онымен дастарқандас болып бірге ішіп-жедік. 42Ол бізге халыққа: «Құдайдың тірілер мен өлілерді соттауға тағайындаған Кісісі — Сол!» — деп жариялап, куәлік келтіруге әмір етті. 43Барлық пайғамбарлар Иса туралы: «Оған сенген әркімнің күнәлары Оның арқасында#10:43 Яки: Оның есімі арқылы (2:21; 4:12). кешіріледі» дегенге алдын ала куәлік келтірген.#10:43 3:24-26; Лұқ 24:25-27,44-47.
Киелі Рухтың басқа ұлттық сенушілерге қонуы
44Петір осы сөздерді әлі айтып тұрған кезде, Ізгі хабарды тыңдап тұрғандардың бәріне Киелі Рух қонды.#10:44 2:2-4; 8:15-17; 11:15-16. 45Петірмен бірге келген сенуші яһудилер#10:45 Яки: сүндеттелген сенушілер (15:1). Құдайдың басқа ұлт адамдарының да үстіне Өзінің Киелі Рухын құйып сыйлағандығына қатты таңғалды. 46Себебі олар солардың түрлі тілдерде#10:46 Немесе: бөтен тілдерде (2:7-11,17-18; Мар 16:17). сөйлеп, Құдайды мадақтап тұрғандарын естіді. Сонда Петір:
47— Мыналардың суға шомылдыру рәсімінен өтулеріне тыйым салуға бола ма? Олар да Киелі Рухты біз сияқты қабылдады ғой! — деп жауап беріп, 48оларды Исаның атынан#10:48 Яғни Исаның жолын қуушы шәкірті ретінде (2:38,41; Мат 28:18-20). шомылдыру рәсімінен өткізуге бұйырды. Мұнан кейін олар Петірден бірнеше күнге араларында қалуын өтінді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in