Патшалықтар 2-ж. 19
19
1«Патша Абессаломды көз жасын төгіп жоқтап жатыр» деген хабар Жоғабқа жетті. 2Дәуіттің өлген ұлын жоқтап жатқанын естігенде, оның бүкіл жасағы үшін сол жеңіс күні қаралы күнге айналды. 3Содан жасақ шайқас майданынан қашып кетіп масқара болған сарбаздардай қалаға ұрланып кірді. 4Патша бетін жауып алып, дауыстап: «Беу, сорлы ұлым Абессалом, о, Абессалом, сорлы ұлым-ай!» — деп дауыстап жоқтаумен болды.
5Сонда Жоғаб патшаның үйіне барып, оған былай деді:
— Бүгін сіз өзіңіздің өміріңізді де, ұл-қыздарыңыздың, әйел-кәнизактарыңыздың өмірін де аман сақтап қалған жауынгерлеріңізді қара бет қылдыңыз. 6Сіз өзіңізді жек көретіндерді сүйіп, өзіңізді сүйетіндерді жек көресіз! Бүгін сіз қолбасшылар мен жауынгерлеріңізді өзіңіз үшін түкке тұрғысыз екенін айқын көрсеттіңіз. Егер Абессалом тірі қалып, біздің бәріміз қырылып қалған болсақ, сіз соған риза болар едіңіз! Мен бүгін осыны ұқтым. 7Ал енді, сыртқа шығып, қызметшілеріңізге жылы сөйлеп, жігерлендіріңіз! Жаратқан Иенің алдында ант етемін: егер шықпайтын болсаңыз, бүгін кешке дейін сіздің жағыңызда бірде-бір адам қалмайды! Бұл сіз үшін жастық шағыңыздан бері осы кезге шейін басыңызға түскен апаттардың барлығынан да зор болмақ!
8Сонда патша орнынан тұрып, қала қақпасының жанындағы өзінің арнаулы орнына барып отырды. Патшаның қақпа жанында отырғанын естігенде, бүкіл жасақ оның алдына жиналды.
Дәуіттің еліне кері оралуға дайындалуы
Сол екі арада исраилдіктер үйді-үйіне қашып кеткен еді. 9Солтүстік Исраилдің барлық руындағы адамдар өзара айтысып былай деп жатты: «Патша бізді жауларымыздың қолынан азат еткен болатын. Філістірлердің шеңгелінен құтқарған да сол. Бірақ та өзі Абессаломнан бас сауғалап, елден қашып кетуге мәжбүр болды. 10Ал біз өзіміздің үстімізден патшалық құруға май жағу рәсімін жасап тағайындаған Абессалом шайқаста мерт болды. Ендеше неге сендер патшаны кері қайтару туралы үндемейсіңдер?»
11Сонда Дәуіт патша діни қызметкерлер Садық пен Абиятарға мына сәлемін жіберді: «Яһуданың рубасыларына былай деңіздер: Патшаны өз үйіне қайтаруға сіздер неге ең соңғы болуларыңыз керек? Себебі солтүстік исраилдіктердің бұл туралы айтып жүргендері патшаға және оның үй ішіне жетті. 12Сіздер менің ағайындарымсыздар ғой, қандастарымсыздар. Ендеше неліктен сіздер патшаны кері қайтарудан тартынасыздар? 13Ал Амасаға мынаны айтыңыздар: Сен менің қандас туысымсың ғой! Жоғабтың орнына сені бүгіннен бастап болашақта да әскерімнің қолбасшысы болуға тағайындамасам, Құдай мені жазалаған үстіне жазалай берсін!»
14Осылай ол бүкіл Яһуда руының адамдарының жүректерін баурап алып, барлығын бірауыздай етті. Олар патшаға: «Өзіңіз және барлық қызметшілеріңіз, қайтып келіңіздер!» деген сәлем жолдады.
Дәуітті қарсы алуға Иордан өткеліне келгендер
15Сонымен патша кері қайтайын деп жолға шығып, Иорданға дейін жетті. Яһуданың адамдары патшаны күтіп алып, өзеннен өткізіп жіберу үшін Ғылғалға жиналған еді. 16Бахуримнен шыққан буняминдік Гера ұлы Шимей де асығып, яһудалықтардың арасында Дәуіт патшаны қарсы алуға ылдилап сол жерге барды. 17Оның жанында Бунямин руының тағы бір мың адамы, солардың ішінде Саул әулетінің қызметшісі Сиба мен оның он бес ұлы әрі жиырма қызметшісі де болды. Олар патшаны қарсы алу үшін тездетіп Иорданға барды. 18Келгендер патшаның отбасын өзеннен өткізіп, оның барлық қалауын орындау үшін өзенді өткелмен кесіп өтті.
Гера ұлы Шимей Иорданнан өтіп болысымен патшаның алдына жығыла кетіп, 19оған жалбарынып былай деді:
— Тақсыр ием менің күнәмді мойныма арта көрмесін! Патша ием Иерусалимнен кетіп бара жатқан күні қызметшісінің жасаған жамандығын есіне ала көрмесін! Патшам мұны есіне сақтап жүрмесінші! 20Алдыңыздағы пендеңіз күнәға батқанын біліп отыр. Бірақ өзіңіз көріп отырсыз, Жүсіптің үрім-бұтағы жетекшілік еткен бүкіл Исраил руларынан патша иемді қарсы алуға бірінші болып мен келіп отырмын.
21Сонда Сарұя ұлы Әбішай:
— Шимейдің көзін құртқан жөн емес пе? Ол Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын балағаттап қарғады ғой — деді. 22Бірақ Дәуіт оған мынадай жауап берді:
— Сарұяның ұлдары, маған оны не үшін айтасыңдар? Бүгін сендер менің еркіме қарсы шығып отырсыңдар! Бұл Исраилде адам өлтіретін күн емес! Себебі бүгін Исраилдің патшасы болуға қайтадан бекітілдім, соған көзім жетті. — 23Патша Шимейге:
— Сені өлімге бұйырмаймын! — деп ант берді.
24Саулдың немересі (Жонатан ұлы) Мепібосет те патшаны қарсы алуға Иерусалимнен шығып, Иорданға келді. Патша кеткен күннен бастап, аман-есен қайтып келген күнге дейін ол аяқтарын күтпей, сақалын қырықпай, киім-кешегін жуып ауыстырмай қатты қайғырып келген еді. 25Мепібосет патшаның алдына келгенде патша оған:
— Неге менімен бірге кетпедің, Мепібосет? — деген сауал қойды. 26Ол былай деп жауап берді:
— Уа, патша ием, қызметшім Сиба мені алдап кетті. Мен оған: «Есегімді ерттетіп алып, соған мініп, патшаға еріп жүрейін!» деп тапсырған едім. Мен ақсақпын ғой. 27Бірақ қызметшім мені патша иеме жамандап барыпты.#19:27 16:3. Ал тақсыр ием Құдайдың періштесіндей дана. Нені дұрыс деп тапсаңыз, соны істей көріңіз. 28Себебі менің атамның әулеті патша иемнің алдында өлімге лайықты болғанмен, маған өзіңіздің дастарқаныңыздан тамақтануға рұқсат бердіңіз. Енді менде патшадан тағы бір нәрсе талап ететіндей құқық бар ма? — 29Сонда патша:
— Осы айтқаның да жетер. Мен былай деп шештім: Сиба екеуің жерді бөлісіп аласыңдар! — деп қорытты. 30Мепібосет патшаға:
— Ол бәрін-ақ ала берсін. Маған патша иемнің өз сарайына аман-есен қайтып келгені де жетеді, — деп жауап берді.
31Ғилақадтық Барзилай#19:31 17:27-29. Рогелимнен ылдилап келген екен. Ол патшаны Иорданның арғы жағына дейін шығарып салу үшін онымен бірге өзеннен өтпекші болды. 32Барзилай тым қартайған сексен жастағы аса дәулетті адам еді. Патша Маханайымда тұрған кезде Барзилай оны барлық қажеттерімен қамтамасыз етіп тұрған еді. 33Енді патша оны:
— Маған еріп өзеннен өтіңіз. Мен сізді Иерусалимге өз қасыма алып, бағып-қағайын, — деп шақырды. 34Бірақ Барзилай былай деп жауап берді:
— Азғана ғұмырым қалғанда, патшаға еріп Иерусалимге өрлеп барып маған не бар? 35Жасым қазір сексенде. Ненің жағымды, ненің жағымсыз екенін айырудан, ішкен-жегенімнің дәмін сезуден де қалдым. Тіпті әнші жігіттер мен қыздардың салған әндерін ести алмайтын халге жеттім. Ендеше мен патша иемді әуреге салмай-ақ қояйын. 36Алдыңыздағы қызметшіңіз сізді Иорданның арғы жағына біразға дейін жолға шығарып салмақшы еді. Ал патшам неге маған осыншама зор сый көрсетуге тиіс? 37Өзімнің қаламда, әке-шешемнің қабірінің жанында көз жұма алуым үшін қызметшіңіздің қайтуына рұқсат берсеңіз екен! Ал мынау — (ұлым) Қимхам,#19:37 Қимхам Барзилайдың ұлы болса керек (Пат3 2:7; Пат2 17:27-29). сол сіздің қызметшіңіз болсын. Ол патша иемнің қасында жүріп, арғы бетке өтсін. Нені дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін соған істеңіз. — 38Патша Барзилайға:
— Қимхам менімен бірге арғы бетке өтсін. Сізге ұнамдыны соған істейтін боламын. Ал өзіңіз нені қаласаңыз да, бәрін орындаймын, — деп сөз берді.
39Осы аралықта күллі жұрт Иорданнан өтіп шыққан болатын. Патшаның өзі де өзеннің арғы жағына өткеннен кейін, Барзилайды құшақтап,#19:39 Немесе: бетінен сүйіп. оған батасын берді. Ал Барзилай үйіне қайтып кетті.
Яһуда мен Солтүстік Исраил руларының арасындағы араздық
40Патша Ғылғалға қарай сапарын жалғастыра берді. Оған Қимхам, Яһуда руының бүкіл жасағы және Солтүстік Исраилдің жасағының жартысы#19:40 Яғни Исраилдің солтүстігін мекендеген рулардың жасағының жартысы. (Басқа солтүстік жасақшылар осы оқиғаға қатысуға үлгірмеген болса керек: 19:41,43.) ерді.
41Осылай келе жатқанда Солтүстік Исраилдің бүкіл адамдары патшаға келіп, оған:
— Біздің ағайындарымыз — Яһуданың адамдары неге патшаны ұрлап алып кетіп, өзіңізді, отбасыңыз бен барлық адамдарыңызды Иорданнан өткізіп жіберді? — деп наразылық білдірді. 42Яһуданың барлық адамдары оларға былай деп жауап берді:
— Оның себебі, патша біздің қандас туысымыз ғой. Сендер неге осыған бола өкпелеп жүрсіңдер? Бізді патшаның қорынан бір нәрсе жеп қойды, әлде ерекше бір сыйлық алды дейсіңдер ме?
43Ал Солтүстік Исраилдің адамдары Яһуданың адамдарына былай деп қарсы сөйледі:
— Біз он румыз ғой. Біздің патшадан үлесіміз сендердікіне қарағанда көбірек! Ендеше неге бізді менсінбедіңдер? Оның үстіне, патшамызды кері қайтару керек деп бірінші айтқан біз емес пе едік?
Бірақ Яһуданың адамдары Солтүстік Исраилдің руларынан гөрі қаттырақ сөйлеп оларды өкпелетіп тастады.
Currently Selected:
Патшалықтар 2-ж. 19: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.