YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 2-ж. 1

1
Дәуітке жеткен суық хабар
1Сонымен Саул патша қаза тапқан еді.#1:1 Пат1 26:10.
Ал Дәуіт амалектіктерді жеңгеннен кейін Сикеләг#1:1 (Пат1 27:6; 30:1) Осы қала атының өзге түрлері: Секелаг, Циклаг. қаласына қайта оралып, сол жерде екі күн болды. 2Үшінші күні Саулдың әскер қосынан біреу Сикеләгке келе қалды. Сол кісі қайғысының белгісі ретінде киімін жыртып, басына топырақ сеуіп алыпты. Ол Дәуіттің алдына келіп, жерге жығыла тағзым етті. 3Дәуіт:
— Қайдан келдің? — деп сұрағанда, ол:
— Исраилдік әскер қосынан келіп тұрмын. Жаудан қашып құтылдым, — деді.
4— Ал не жағдай болды, айтып берші!
— Жасақ ұрыс майданынан қашып, көбі сол жерде қаза тапты! Саул мен ұлы Жонатан да о дүниеге аттанды. — 5Дәуіт осыны айтқан жігіттен:
— Саул мен Жонатанның өлгенін қайдан білесің? — деп сұрады. 6Сонда жігіт былай деді:
— Мен кездейсоқ Гелбуе қыратына барған едім. Қарасам, Саул сол жерде найзасына сүйеніп отыр екен. Жаудың соғыс күймелері мен атты әскері ентелеп, жетіп-ақ қалыпты. 7Артына қараған Саул мені көріп, қасына шақырды. Мен оған: «Тыңдап тұрмын», деп жауап бердім. 8Ол: «Сен кімсің?» деп сұрады. Мен: «Амалектікпін», дедім. 9Ол: «Қасыма кел де, мені өлтір! Жаным шықпай, қиналып жатырмын», деп бұйырды маған. 10Мен қасына барып, өлтіріп тастадым. Себебі құлап, ауыр жарақаттанған оның тірі қала алмайтынына көзім жетті. Содан мен басындағы тәжі мен білегіндегі алтын білезігін шештім. Уа, тақсыр ием, оларды осында өзіңізге алып келдім.
11Ал Дәуіт қатты қайғырып, үстіндегі көйлегінің өңірін қапсыра ұстап алды да, айыра жыртып жіберді. Қасындағы адамдары да осылай етті. 12Олар семсер жүзінен қаза тапқан Саул мен Жонатан үшін, Жаратқан Иенің жасағы мен бүкіл Исраил елі үшін кешке дейін қайғыра жылап, ораза тұтты.
13Содан соң Дәуіт хабаршы жігіттен:
— Өзің қай жерліксің? — деп сұрады. Ол:
— Жат жұрттық кірменің ұлы, амалектікпін, — деді. 14Дәуіт оған:
— Сен қалайша шімірікпестен Жаратқан Иенің тағайындаған патшасына қол көтеріп өлімге қидың?! 15-16Өз обалың өзіңе.#1:15-16 Яки: Төгілетін қаның өз мойныңда. Жаратқан Иенің тағайындаған патшасын өлтірдім деп өз аузыңмен айтып, үкіміңді өзің шығардың! — деді.
Содан ол сарбаздарының бірін шақырып алып: «Мынаны өлтір!» — деп бұйырды. Сарбаз келіп, бұйрықты жүзеге асырды.
Саул мен Жонатанды жоқтау
17Дәуіт Саул мен оның ұлы Жонатан туралы жоқтау айтты. 18Кейін «Садақ жыры» деп аталған осы жыр яһудалықтарға үйретілсін деп Дәуіт жарлық та шығарды. Ол «Яшардың кітабында»#1:18 (Еш 10:13) Яки: «Әділдің кітабында». жазылған.
Дәуіттің айтқан жоқтауы мынау еді:
19Уа, Исраил, қыраттарыңда сенің
Мерт болып жатыр мақтан тұтқан ерлерің!
Қалай қаза тапты жауынгерлерің!
20Ғат қаласына бұл хабарды айтпаңдар,
Ашқалон алаңында#1:20 Ғат, Ашқалон: філістір қалалары (Пат1 6:17). да жар салмаңдар,
Філістір қыздары қуанып жүрмесін,
Құдайсыз қыздар мәз боп билемесін!
21Уа, Гелбуе таулары,#1:21 1:6; Пат1 28:4. үстеріңе
Енді қайтып ешқашан шық түспесін,
Лайым жаңбыр да жаумасын жеріңе,
Егістіктерің еш өнім бермесін!#1:21 Осындай лағнет сөздері кейде өте терең қайғыны білдіретін ақындық тәсіл ретінде қолданылатын (Әйүп 3:3-26; Ерм 20:14-18).
Өйткені өз қыраттарыңда қор болды
Қуатты жауынгерлердің қалқандары,
Енді қайтып Саулдың да қалқаны
Еш майланып-сыланбайтын болады.
22Жойылған жаудың төгілген қанынан,
Мықты дұшпандарының тәндерінен
Жонатанның садағы құр қайтпайтын,
Саулдың семсері де құртпай қоймайтын.
23Саул, ұлы Жонатан екеуі де
Сүйікті, сүйкімді өмірлерінде,
Ажырамаған олар өлімде де.
Бүркіттен бетер зымырай шүйілді,
Арыстаннан бетер күшті күресті!
24Уа, Исраил қыздары, қайғырыңдар,
Сендерге ал қызыл көйлек кигізген,
Алтынмен киімдеріңді көмкерткен
Саул марқұмды зар жылап жоқтаңдар!
25Батырлар шайқаста қалай қаза тапқан,
Қырат басында жатыр Жонатан!
26Жоқтаймын өзіңді, қайран бауырым,
Жанымдай жақсы көрген сырлас досым!
Мен үшін адал сүйіспеншілігің
Махаббатынан да артық әйелдің.
27Батырлардың қаза тапқандары-ай!
Елдерін қорғап көз жұмғандары-ай!#1:27 Немесе: Қалайша қуаттылар қаза тапты, соғыс қарулары құртылды! (Мұндағы «соғыс қарулары» Саул мен Жонатанға астарлап меңзейді.)

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 2-ж. 1