Патшалықтар 4-ж. 8
8
Шунемдік әйелдің мұралық жерінің қайтарылуы
1Еліше бұдан ертерек баласын өлімнен қайта тірілткен әйелге былай деп кеңес берген болатын: «Жаратқан Ие елге жеті жылға созылатын ашаршылық#8:1 Жар 12:10; 41:27; Заң 28:23-24. жіберетін болып шешті. Отбасыңызбен көшіп бара алатын жағыңызға көшіп барып, сонда уақытша тұрып келіңіздер».
2Сонымен әйел Құдайдың адамының кеңесі бойынша отбасымен бірге філістірлердің еліне көшіп барып, сонда жеті жыл тұрды. 3Жеті жылдан кейін әйел еліне қайта оралып, үйі мен егістік жерінің өзіне қайтарылуын сұрап патшаға жүгінді. 4Дәл сол кезде Құдайдың пайғамбарының қызметшісі Гехәзимен сөйлесіп отырған патша одан: «Маған Елішенің істеген ұлы істері туралы айтып берші», — деп сұрады. 5Гехәзи Елішенің өліп қалған баланы тірілткені туралы айтып отырған кезде, сол ұлдың шешесі үйі мен жері туралы патшаға өтінішпен келе қалды. Сонда Гехәзи: «Уа, патша ием, мен сізге жаңа ғана айтқан әйел, міне, осы! Ал мынау — Еліше қайта тірілткен оның ұлы!» деді. 6Патша әйелдің өзінен сұрағанда, ол бәрін де айтып берді. Сонда патша арнайы бір уәзірін әйелдің мәселесін шешуге тағайындап, оған: «Мына әйелге меншігінде болғанының барлығын да, оның басқа елге кеткен кезінен күні бүгінге дейін жерінен түскен өнімдерінің бәрімен қоса қайтарып алып бер!» — деп тапсырды.
Арама патшасы Бен-Хададтың жазалануы
7Бірде Еліше Дамаск қаласына барды. Сол кезде Арама елінің патшасы Бен-Хадад#8:7 6:24-25; Пат3 20:1. ауырып жатқан болатын. Еліше туралы патшаға: «Құдайдың адамы осында», — деп баяндалғанда, 8патша нөкерлерінің бірі — Хазаилге#8:8 Пат3 19:15-18. былай деп тапсырды. «Сыйлық алып, Құдайдың адамына барып кел! Ол Жаратқан Иеден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрай көрсін».
9Хазаил Дамаскінің ең жақсы заттарынан қырық түйеге сыйлық артып алып, жолға шықты. Елішенің үйіне кіріп, оның алдында тұрып:
— Сіздің құлыңыз — Арама патшасы Бен-Хадад мені сізден: «Осы аурудан жазылар ма екенмін?» деп сұрауға жіберді, — деді. 10Еліше:
— Оған қайтып барып: «Сіз сөзсіз сауығып кетесіз» де. Ал Жаратқан Ие#8:10 Немесе: «Сіз сауығып кетпейсіз» де. Және Жаратқан Ие. маған оның іс жүзінде өлетінін ашық көрсетті, — деп жауап берді. 11Еліше Хазаилға қадала қарап қалғаны сонша, ол өзін қатты ыңғайсыз сезінді. Бұдан кейін Құдайдың пайғамбары жылай бастады. 12Хазаил:
— Мырзам, неге жылайсыз? — деп сұрады. Еліше:
— Өйткені мен сенің Исраил халқына қандай зұлымдықтар жасайтыныңды біліп отырмын. Сен Исраилдің бекіністі қалаларын өртеп, оның жас жігіттерін семсердің жүзімен қырасың, емшектегі сәбилерін жерге лақтырып өлтіресің, жүкті әйелдерінің іштерін жарасың! — деп жауап берді. 13Хазаил:
— Осындай ғаламат істі мендей ит іспетті пақырыңыз#8:13 Пат1 9:21; Пат2 9:8. қалайша істей алар екен? — дегенде, Еліше:
— Жаратқан Ие маған сенің Арама патшасы болатыныңды көрсетті, — деді.
14Хазаил Елішенің қасынан кетіп, патшасына қайта оралды. Бен-Хадад:
— Еліше саған не деді? — деп сұрағанда, Хазаил:
— Ол сізді сөзсіз сауығып кетесіз деді, — деп жауап берді. 15Алайда келесі күні Хазаил бір көрпені суға малып, сонымен патшаның бетін жауып, тұншықтырып өлтірді. Содан кейін Хазаил оның орнына өзі патша болып алды.
Яһуда елінің патшасы Жорам
16Солтүстік Исраилге Ахаб ұлы Жорам патшалық құрған бесінші жылы Яһуданың бұрынғы патшасы Жосапаттың#8:16 3:1; Пат3 22:41,50. ұлы Жорам Яһуда елінің патшасы болды.#8:16 Осыған дейін Жорам әкесі Жосапатпен бірге бес жыл бойы билік жүргізген еді (1:17; 3:1). 17Сол кезде Жорамның жасы отыз екіде еді. Ол Иерусалимде сегіз жыл билік жүргізді. 18Ахабтың әулеті сияқты, Яһуда патшасы Жорам да Солтүстік Исраилдің патшаларының теріс жолымен жүрді, себебі оның әйелі#8:18 Әйелінің аты: Аталия (8:26; 11:1). Ахабтың қызы болатын. Содан Жорам Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. 19Сонда да Жаратқан Ие Өзінің адал қызметшісі Дәуітке#8:19 8:19; Пат2 7:12-16; Пат3 3:6; 11:34,36. бола Яһуда елін жоюды қаламады. Ол Дәуітке және оның келешек ұрпақтарына ұдайы (патшалық құрып) шам-шырақ іспетті нұр шашуға мүмкіндік беру жайлы уәде еткен болатын.#8:19 Пат2 7:12-16; Пат3 11:13,36; Жыр 131:17.
20Жорамның заманында Едом халқы Яһуда патшалығының үстемдігіне#8:20 Пат2 8:12-14; Пат3 9:26. қарсы бас көтеріп, өздеріне патша тағайындап алды. 21Сонда Жорам өзінің барлық соғыс күймелерімен шекарадан өтіп, Сайырға#8:21 Немесе: Сейірге (Еш 24:4; Шеж1 4:42; Шеж2 20:10). қарсы аттанды. Бірақ едомдықтар оның өзін және соғыс күймелерінің айдаушыларын қоршап алды. Жорам түнде тұрып, олардың қоршауын бұзып шыға алды. Алайда жасақшылары үйлеріне қашып кетті. 22Содан бері Едом халқы осы күнге дейін#8:22 Яғни осы баяндама жазылған кезде жағдай әлі де солай болды. Кейінгі Яһуда патшалары Амасиях, Охозиях Едомға қайтадан үстемдік жүргізді (14:7,22). Яһуданың үстемдігіне қарсы бас көтеріп келеді. Сол кезде (філістір елінің шекарасындағы) Либна қаласы да Яһуданың патшасына қарсы шықты.
23Жорамның қалған барлық іс-әрекеттері туралы «Яһуда патшаларының жылнамалары» кітабында баяндалған. 24Жорам көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде,#8:24 Яки: о дүниеге аттанғанда. мәйіті олардың жанына Дәуіттің шаһарындағы қабірге қойылды. Оның ұлы Охозиях орнын басып патша болды.
Яһуда елінің патшасы Охозиях
25Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб ұлы Жорамның патшалық құрған он екінші жылы Яһуда елінің патшасы Жорамның ұлы Охозиях патшалық құра бастады. 26Сол кезде Охозияхтың жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде бір жыл билік жүргізді. Оның шешесі Солтүстік Исраилдің бұрынғы патшасы Омридың#8:26 Пат3 16:16,25-30. немере қызы Аталия#8:26 Осы есімнің Гофолия деген түрі де бар. еді. 27Охозиях Ахабтың әулетінің азғын жолымен жүріп, Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Себебі оның нағашылары сол әулеттен болып (оны теріс жолға тайдырды).
28Охозиях Ахаб ұлы Жорамға еріп Арама патшасы Хазаилмен соғысуға Ғилақадтағы Рамотқа аттанды. Арамалықтар шайқаста Жорамды жарақаттады. 29Жорам жарақаттарынан емделіп жазылу үшін Ізрел қаласына қайта оралды. Сондықтан Яһуда патшасы Охозиях Жорамның халін сұрап қайтпаққа Ізрелге ылдилап барды.
Currently Selected:
Патшалықтар 4-ж. 8: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.