Патшалықтар 4-ж. 5
5
Қолбасшы Нағыманның алапестен сауықтырылуы
1Арама елінің патшасы өзінің әскер қолбасшысы Нағыманды қатты сыйлап, жоғары бағалайтын. Себебі Жаратқан Ие елге сол арқылы жеңіс сыйлаған еді. Ал Нағыман мықты да батыл жауынгер болса да, алапеспен ауыратын.
2Арамалықтар басқа елдерге шапқыншылық жасап жүрген кездерінде Исраилден бір жас қызды қолға түсірген болатын. Осы қыз енді Нағыманның әйеліне қызмет етіп жүрді. 3Бір күні қыз қожайын әйеліне былай деді: «Егер қожайыным Самарияда тұрып жатқан пайғамбармен кездессе ғой, шіркін! Сол оны алапесінен сауықтырып жіберер еді».
4Мұны естіген Нағыман қыздың сөзін патша иесіне жеткізіп:
— Исраилден әкелінген қыз осылай да осылай деп айтты, — деді. 5Патшасы:
— Ендеше оған барғаның жөн! Мен Исраилдің патшасына сәлемхат жазып қолыңа берейін, — деп құптады.
Осылайша қолбасшы жолға шығып, өзімен бірге он ат басындай күміс, алты мың мысқал алтын және он киім жиынтығын ала кетті. 6Солтүстік Исраилдің патшасына арналған хатта: «Осы хатты сізге тапсырған адам — менің жақсы қызметкерім. Оны ауруынан сауықтыруыңызды өтінемін!» деп жазылған еді.
7Исраилдің патшасы хатты оқығанда, абыржып көйлегінің өңірін айыра жыртып: «Біреуді өлтіріп, қайта тірілтетін мен сонша Құдай ма едім? Ол маған мына адамды алапесінен сауықтыр деп жіберіпті. Шамасы, маған тиісуге бір сылтау іздеп отырса керек», — деді.
8Құдайдың адамы Еліше Исраил патшасының көйлегінің өңірін жыртқанын естігенде, патшаға мынадай сәлем жіберді: «Неге көйлегіңіздің өңірін жыртып абыржисыз? Сол адамды маған жіберіңіз, Исраилде шынайы пайғамбардың бар екенін білсін!»
9Сонда Нағыман өзінің салт аттылары, соғыс күймелерімен бірге Еліше тұрған үйдің қақпасының алдына келіп тоқтады. 10Ал Еліше оған бір хабаршысынан:
— Иордан өзеніне барып, соған жеті рет суға түсіп, шомылыңыз! Сонда тәніңіздегі алапесіңіз кетіп, құлан-таза айығасыз, — деді.
11Нағыман бұған қатты ашуланып қайтып кетпек болып:
— Бұл қалай?! Ол алдымнан шығып, өзінің Құдайы Жаратқан Иеге сиынар, алапес болған жердің үстінен қолын әрі-бері жүргізіп, алапесімді жазар деп ойлаған едім. 12Біздің Дамаск маңындағы өзендеріміз Абана мен Парпар Исраилдің барлық суларынан да артық емес пе? Шомылу керек болса, соларға барып-ақ шомыла алмас па едім? — деді. Осылай ол ашулы күйі кері бұрылып, кетуге ыңғайланды.
13Ал қызметшілері жақындап келіп: «Мырзам, егер сол пайғамбар сізге бір қиын істі тапсырса, сіз оны орындамас па едіңіз? Ал жай ғана «Барып, суға түсіп шомылыңыз, сонда айығасыз» деп айтса, соны істеп көргеніңіз әбден орынды емес пе?» — деп ұсыныс жасады. 14Қолбасшы олардың кеңесіне құлақ асып, Құдайдың пайғамбарының айтқаны бойынша Иордан өзеніне ылдилап барып, жеті рет суға түсіп, шомылды. Сонда оның тәні сәбидің тәні іспетті тап-таза болып айығып кетті.
15Содан Нағыман барлық қызметшілерімен бірге Құдайдың адамына қайтып барды да, оған:
— Міне, енді бүкіл дүние жүзінде Исраилдің сиынатын Құдайынан басқа шынайы құдайдың жоқ екеніне көзім жетіп отыр.#5:15 Еш 4:24; Пат1 17:46. Сондықтан өтінемін, менен мына сыйлықты қабылдай көріңіз! — деп сый-тартуын ұсынды. 16Бірақ Еліше:
— Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен еш нәрсеңізді алмаймын! — деп жауап берді. Нағыман оны қаншама көндіруге тырысқанымен, ол бәрібір бас тартып, ештеңені алмай қойды. 17Нағыман сонда пайғамбарға мына өтінішті жасады:
— Онда маған ең болмағанда екі қашырыма көтергендерінше осы жердің топырағын артып алуыма рұқсат етіңізші. Өйткені бұдан былай мен бөтен тәңірлерге емес, тек Жаратқан Иеге ғана шалынып, өртелетін құрбандықтар мен сый-тартуларды ұсынатын боламын. 18Алайда мына бір жайтты Жаратқан Ие кешіре көрсін: мен патшаммен бірге Риммонның#5:18 Осы жалған тәңірдің Хадад және Бағал деген басқа аттары да болды (3:2; Пат3 15:18; Зәк 12:11). ғибадатханасына құлшылық етуге баруға міндеттімін. Себебі патша менің қолыма сүйеніп тұрады. Сонда онымен бірге маған да Риммонға бас июіме тура келгенде, Жаратқан Ие мені кешіре көрсін! — 19Еліше оған:
— Тыныштықпен жөніңізге қайта беріңіз! — деді.
Дүниеқұмар қызметшінің тартқан ауыр жазасы
Осылай Нағыман жолға шығып, одан біраз ұзағанда, 20Құдайдың адамының қызметшісі Гехәзи былай деп ойлады: «Қарашы, менің мырзам мына арамалық Нағыманның алып келгенін қабылдамай, оған тым үлкен жеңілдік жасап жібере салды. Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Мен оның артынан қуып жетіп, одан бірдеңе алып қалайын!»
21Содан Гехәзи Нағыманның соңынан қуып кетті. Нағыман арт жақтан біреудің жүгіріп келе жатқанын байқағанда күймесінен түсіп, қарсылап алдынан шықты да:
— Тыныштық па? — деп сұрады. 22Гехәзи:
— Иә, тыныштық. Қожайыным мені сізге мынаны айт деп жіберіп отыр: Жаңа ғана Ефремнің таулы аймағындағы пайғамбарлар шәкірттерінен#5:22 2:3. екі жас жігіт келе қалды. Соларға бір ат басындай күміс пен екі киім жиынтығын бере көріңіз! 23Нағыман оған:
— Екі ат басындай күміс ала ғой! — деді. Оны көндіріп, екі ат басындай күмісті екі киім жиынтығымен қоса екі дорбаға салып беріп, оны өзінің екі қызметшісіне көтертіп, Гехәзимен бірге жіберді. 24Олар Еліше тұрып жатқан төбеге жеткенде, Гехәзи күмісті олардан алып, үйіне сақтап қойды да, қызметшілерді қайтарып жіберді.
25Бұдан кейін ол қожайыны Елішенің алдына барды. Сонда Еліше:
— Қайда барып келдің, Гехәзи? — деп сұрады. Ол:
— Жоқ, еш жерге барған жоқпын! — деп жауап берді. 26Еліше оған:
— Сол адам сенің келе жатқаныңды байқап, қарсы алу үшін күймесінен түскенде, менің рухымды сол жерде болмады деп ойлайсың ба?!#5:26 6:12; 19:19. Қазір күміс пен киім-кешек, зәйтүн мен жүзім бақтарын, ірілі-ұсақты малдарды әрі құл-күңдерді қабылдайтын уақыт па? 27Енді Нағыманның ауруы сенің өзіңе және үрім-бұтағыңа мәңгілікке жұғатын болады! — деді.
Гехәзи Елішенің алдынан шыққанда, терісі алапестен қардай аппақ болып кетті.
Currently Selected:
Патшалықтар 4-ж. 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.