Шежірелер 2-ж. 33
33
Яһуда патшасы Манасаның аса жексұрын істері
1Манаса патша болған кезде жасы жиырмада еді. Ол Иерусалимде елу бес жыл билік жүргізді. 2Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеді. Осылайша ол Жаратқан Ие ежелде Исраил халқының алдынан елден қуып шыққан халықтардың жексұрын дәстүрлеріне еліктеді.
3Манаса әкесі Езекия кезінде қиратып тастаған биіктеу жерлердегі табыну орындарын#33:3 30:14; 31:1. қайта салғызып, Бағал атты жалған тәңірдің мүсіндеріне#33:3 28:2-4; Бил 2:11-13. арналған құрбандық орындарын және Ашераға бағышталған ағаш бағаналарды#33:3 24:18; 31:1; 32:12. қайтадан орнатты. Сонымен қатар ол аспан денелерінің бүкіл тобына#33:3 Яки: Күн, ай, жұлдыздарға (Пат4 23:5-6,11; Заң 4:19; 17:3). иіліп, құлшылық етіп жүрді. 4Жаратқан Ие Өзінің киелі үйі туралы: «Иерусалимде Менің есімім әрдайым орнықсын!»#33:4 6:6; 7:16. деген болса да, Манаса Жаратқан Иенің сол киелі үйінде жалған тәңірлерге арнап құрбандық үстелдерін тұрғызды, 5әрі оның екі ауласында күллі аспан денелеріне бағышталған құрбандық үстелдерін орнатты. 6Манаса Бен-Хенном аңғарында тіпті өз ұлдарын жалған тәңірге арнап отқа өртеп құрбан етті.#33:6 28:3; Леу 18:21. Патша бақсы-балгерлікпен және сиқыршылықпен айналысып, аруақ шақырушылар мен өзге де сәуегейлерден ақыл сұрайтын.#33:6 Заң 18:10-14; Пат4 17:17. Осылайша Манаса Жаратқан Иеге жек көрінішті көптеген істер істеп жүріп, Оның қаһарын өршітті.
7Манаса өзі жасатып алған жалған тәңір мүсінін тіпті Құдайдың киелі үйіне апарып, сонда орнатып қойды. Ал осы киелі үй туралы Құдай Дәуітке және оның ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Мен Исраилдің барлық руларының ішінен таңдап алған қалам Иерусалимдегі осы киелі үйде өз есімімді тұрақты орнатпақпын. 8Егер Исраил халқы Менің өздеріне Мұса (пайғамбар) арқылы тапсырған Таурат заңымды толығымен ұстанып, бұйырған барлық ережелерім мен шешімдерімді орындап жүрсе, онда Мен ата-бабаларын қоныстандырған осы елден оларды ешқашан қуып шығармаймын».#33:8 7:17-22; Заң 30:15-20; Шеж1 17:9-10.
9Алайда Манаса Яһуда мен Иерусалимнің тұрғындарын теріс жолға тайдырып жіберді. Олардың арамза істері бұрын Исраил халқы елге көшіп келген кезде Жаратқан Ие олардың ата-бабаларының алдынан жойып жіберген халықтардың жасағандарынан бетер зұлым болды.
10Жаратқан Ие Манаса мен оның халқына хабарын жіберіп сақтандырған еді, бірақ олар Онысына құлақ аспады. 11Сол себепті Жаратқан Ие оларға қарсы Ассур патшасының әскер басшыларын жіберді. Бұлар Манасаны қолға түсіріп, мұрындықтап, қола шынжырлармен#33:11 Немесе: тікенді бұғаулармен. кісендеп, Бабыл қаласына айдап алып кетті.
Манасаның теріс жолдан қайтып, рақым етілуі
12Басына күн туғанда Манаса ата-бабаларының сиынған Құдайы Жаратқан Иеге жалбарынып, Оның алдында бас ұра күнәсін мойындап, 13мінажат етті. Жаратқан Ие жалбарынышына құлақ асып, оны Иерусалимге қайтарып, сонда қайтадан патша етіп қойды. Осыдан Жаратқан Иенің шынайы Құдай екеніне Манасаның көзі жетті.
14Мұнан кейін Манаса «Дәуіттің шаһарының» сыртқы қамал қабырғасын бұрынғыдан биік қылып қайта салды. Осы қабырға Гихон қайнар көзінің#33:14 32:30; Пат3 1:33. батыс жағында, сайдың бойымен Опел төбесін#33:14 (27:3; Нех 3:26-27) Яғни «Дәуіттің шаһары» орналасқан төбені. айналдыра Балық қақпасына#33:14 Нех 3:3; 12:39. дейін созылды. Патша Яһуданың барлық қамалды қалаларына да қолбасшылар тағайындады.
15Манаса бөтен тәңірлердің бейнелерін әрі Жаратқан Иенің киелі үйінде орнатылған жалған тәңірдің мүсінін#33:15 33:3-4,7. де алып тастады. Сонымен қатар патша ғибадатхана салынған төбеде және бүкіл Иерусалим қаласында жалған тәңірлерге арнап тұрғызылған күллі құрбандық орындарын қиратып, қаладан шығарып тастады. 16Бұдан кейін ол Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелін қайтадан тұрғызып, оның үстінде ризашылық пен шүкірлік құрбандықтарын ұсынды. Манаса, сондай-ақ, Яһуданың халқына да түп атасы Исраилдің сиынған Құдайы Жаратқан Иеге ғибадат етуге бұйырды. 17Бірақ халық құрбандықтарын енді Құдай Иесіне бағыштағанмен, оларын бұрынғысынша биіктеу жерлердегі табыну орындарында да шалып, ұсына берді.
Манасаның өмірінің соңы
18Манасаның қалған істері, оның Құдайына арнаған мінажаты, сондай-ақ, пайғамбарлардың Манасаға Исраилдің Құдайы Жаратқан Иенің атынан айтқан сөздері «Исраил патшаларының тарихында» жазылған. 19Манасаның жалбарына мінажат еткені және онысына Құдайдың рақым етіп құлақ салғаны,#33:19 33:12-13. әрі патшаның содан бұрын жасаған күнәлары мен опасыздығы туралы, жалған тәңірлерге арнап биіктеу жерлерде тұрғызған табыну орындары, Ашераға бағыштаған ағаш бағаналары және басқа да тәңірсымақтардың мүсіндері — осылардың барлығы жайлы пайғамбарлардың жазбаларында баяндалған.#33:19 Түпнұсқадағы «хозай» сөзі аяндар мен бейнелі көріністер көретін пайғамбарларды білдіреді (Иш 29:10; Мих 3:7).
20Манаса көз жұмып, ата-бабаларының қасына жөнелгенде, мәйіті өзінің сарайының маңындағы қабірге қойылды.#33:20 Пат4 21:18. Оның ұлы Амон орнын басып патша болды.
Яһуда елінің опасыз да қыңыр Амон патшасы
21Амон патша болған кезде жасы жиырма екіде еді. Ол Иерусалимде екі жыл билік жүргізді. 22Әкесі Манаса істегендей, Амон да Жаратқан Иеге жеккөрінішті істер істеді. Амон әкесі жасатқан тәңірсымақ мүсіндерінің бәріне табынып, құрбандықтар шалып, құлшылық етті. 23Ал әкесі Манаса кейін Жаратқан Иенің алдында бас ұра күнәсін мойындаса да, Амон солай істемеді. Керісінше, ол күнәға белшесінен бата түсті.
24Ақырында нөкерлері Амонға қарсы сөз байласып, оны өз сарайында өлтіріп кетті. 25Бірақ елдің халқы патшаға қастандық жасағандардың барлығын да өлтіріп, Амонның орнына оның ұлы Жосияны патша етіп қойды.
Currently Selected:
Шежірелер 2-ж. 33: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.