YouVersion Logo
Search Icon

Шежірелер 2-ж. 25

25
Яһуда елінің патшасы Амасиях
1Амасиях патша болған кезде оның жасы жиырма бесте еді. Ол Иерусалимде жиырма тоғыз жыл билік жүргізді. Оның шешесінің аты-жөні иерусалимдік Ехоғадан еді.
2Амасиях Жаратқан Иеге ұнамды әділ істер істесе де, онысын шын жүректен істеген жоқ.#25:2 Пат4 14:3-4. 3Өзінің патшалық билігі берік орнатылғаннан кейін, Амасиях әкесін өлтірген нөкерлерді#25:3 24:25-26. өлімге кесті. 4Бірақ патша олардың балаларын өлтірткен жоқ. Амалиях мұны Жаратқан Иенің Мұса арқылы тапсырған Таурат заңы кітабында берген мына бұйрығына сай істеді: «Не балаларының істері үшін әкелерін, не әкелерінің істері үшін балаларын өлімге кесуге болмайды. Әркім тек өз қылмысы үшін ғана өлімге кесіледі».#25:4 Заң 24:16.
Амасияхтың Едом елін жеңуі
5Кейін Амасиях Яһуда елінің ер адамдарын жинап алды. Оларды Яһуда мен Бунямин руларының күллі әулеттеріне сәйкес мыңбасылар мен жүзбасылардың қарамағына үлестіріп белгіледі. Жасы жиырмадан жоғарыларды санап шыққанда патша сүңгімен және қалқанмен соғыса алатын сарбаздардың#25:5 14:8; 17:17; Шеж1 12:8,24,34. санының үш жүз мың екенін анықтады. 6Оның үстіне патша Солтүстік Исраилден жүз ат басындай күміске тағы жүз мың мықты да ержүрек жасақшыны жалдап алды. 7Бірақ Құдай жіберген пайғамбар#25:7 Яки: Құдайдың жіберген адамы (хабаршысы) (8:14; 11:2; 30:16; Заң 33:1; Пат4 4:9). оған келіп, былай деді:
— Уа, патша, өзіңізбен бірге Солтүстік Исраилдің жасақшыларын ертіп алмаңыз! Себебі Жаратқан Ие Солтүстік Исраилге әрі осы ефремдік адамдардың ешбіреуіне жар болмайды! 8Ал егер олармен бірге шайқасқа шықсаңыз, бар күшіңізбен соғысып көріңіз, Құдай сізді бәрібір жаудың алдында тізе бүктіретін етеді! Өйткені Құдайдың құдіреті сізді қолдауға да, құлатуға да жетеді. — 9Амасиях Құдай жіберген пайғамбардан:
— Ал онда Исраилден жалдаған жасақшыларға төлеп қойған жүз ат басындай күмісімді не істеймін? — деп сұрады. Құдайдың пайғамбары жауап беріп:
— Жаратқан Ие сізге одан да көпті бере алады! — деді.
10Сонда Амасиях Ефремнен келген жасақшыларды таратып, жөндеріне жіберді. Осыған бола олар Яһудаға қатты ызаланып, үйлеріне қарай беттеді.
11Амасиях батылданып, әскерін өзі бастап, Тұз аңғарына#25:11 Пат2 8:13; Пат4 14:7. жетті. Сол жерде Сейір тауларын мекендеген халықтың#25:11 20:10,22-23; Жар 36:8-9; Рул 24:18. он мың адамын қырып салды. 12Яһудалықтар жаудың тағы он мыңын тірідей ұстап алып, бір жартастың басына жетелеп барды да, барлығын төмен қарай құлатып жіберді. Бәрі де құлап, мылжаланып қырылды.
13Ал Амасиях шайқасқа қатыстырмай, қайтарып жіберген ефремдік жасақшылар сол екі арада Самария қаласынан Бет-Хоронға дейінгі аралықтағы Яһуданың қалаларына бұзып кіріп, үш мың адамын өлтіріп, көп олжаны тонап алып кеткен еді.
14Амасиях патша болса, Едомның әскерін жеңіп, талқандап, қайта оралғаннан кейін, Сейір тауларын мекендеген сол халықтың жалған тәңірлерінің мүсіндерін ала келді. Патша сол мүсіндерді өзінің сиынатын тәңірлері болуға орнатып қойды. Олардың алдында бас иіп табынып, хош иісті заттарды түтетіп ұсынатын болды. 15Содан Жаратқан Иенің қаһары Амасияхқа лаулап, оған пайғамбарын жіберді. Пайғамбар тіл қатып:
— Сол халықтың тәңірсымақтарына неге бет бұрып сиынасыз? Олар өз халқын сіздің қолыңыздан құтқара алмады ғой! — дей бергенде, 16патша оның сөзін бөліп:
— Біз сені патшаның кеңесшісі етіп қойған ба едік? Көзіңді құртпасын десең, өшір үніңді! — деп зекіп тастады. Пайғамбар тоқтап қалды, тек қана:
— Осыларды істегеніңізден және кеңесімді тыңдамай қойғаныңыздан-ақ Құдайдың сізді құртуды ұйғарғанын енді біліп отырмын, — деп қосты.
Паңданған Амасияхтың Солтүстік Исраилден жеңілуі
17Бұдан кейін Яһуда елінің патшасы Амасиях кеңесшілерімен ақылдасып, Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғасқа елшілерін жіберді. Осы Жоғас Ехудің немересі, Жоғахаздың ұлы еді. Амасиях оған:
— Кел, бетпе-бет соғысайық! — деген шақыруын жолдады.#25:17 25:13; Пат2 2:14; Пат4 14:8. 18Ал Солтүстік Исраилдің патшасы Амасияхқа мынадай (мысалды келтіріп) жауап қайтарды:
— Бірде Ливан тауларында өсіп тұрған бір аласа тікенді бұта#25:18 Бил 9:8-15; Жар 3:18; Иш 55:13. Ливандағы зәулім самырсын ағашына:#25:18 2:7; Пат3 4:33; 7:2; 14:9. «Қызыңды менің ұлыма бер!» деген екен. Бірақ сол тікенді бұтаның жанынан бір ливандық аң өтіп бара жатып, оны басып, жаншып тастапты. 19Сен: «Міне, мен Едомды жеңдім!» деп, паңдана өркөкіректеніп кетіпсің. Алайда өз сарайыңда қалсаң игі болады. Басыңа пәле іздеп, не қыласың?! Әйтпесе Яһудаңмен қоса құрып кетесің!
20Бірақ Амасиях оның сақтандыруын тыңдамай қойды. Өйткені Яһуда халқы Амасияхтың бастауымен Едомның жалған тәңірлеріне бет бұрып табынып кеткендіктен, Құдай оларды Солтүстік Исраилдің қолына тапсыруды ұйғарған болатын.#25:20 25:14-16; 22:7; Пат3 12:15; Жыр 80:12-15. 21Содан Солтүстік Исраилдің патшасы әскерін ертіп Амасияхқа қарсы аттанып барды. Екеуінің арасындағы шайқас Яһуда жеріндегі Бет-Шәміш қаласының маңында болды. 22Яһуда әскері Солтүстік Исраилден жеңіліп, барлық жасақшылары үйлеріне қашып кетті.
23Жоғас патша Бет-Шәміште Яһуда елінің патшасы Амасияхты#25:23 Амасиях Яһуданың бұрынғы патшалары Охозияхтың немересі, Жоғастың ұлы болатын. қолға түсіріп, оның астанасы Иерусалимге алып барды. Жоғас Иерусалимді қоршаған қабырғаның Ефрем және Бұрыш қақпаларының#25:23 26:9; Пат4 14:13; Нех 12:39. арасындағы үлкен бөлігін құлатып тастады. Сол бөліктің ұзындығы шамамен төрт жүз шынтақ болды. 24Жоғас, сондай-ақ, Құдайдың киелі үйінде Ғабит-Едомның қарамағында болған алтын-күмісті және арнайы құрал-жабдықтардың бәрін тонап, патша сарайындағы қымбат бұйымдарды да қолға түсірді, әрі кепілдікке адамдар алып, Самарияға қайтып кетті.
Амасияхтың өмірінің соңы
25Солтүстік Исраилдің патшасы Жоғахаз ұлы Жоғас қайтыс болғаннан кейін,#25:25 Пат4 14:16-17. Яһуда патшасы Амасиях тағы он бес жыл өмір сүрді. 26Амасияхтың қалған іс-әрекеттері басынан аяғына дейін «Яһуда мен Солтүстік Исраилдің патшаларының кітабында» баяндалған.
27Амасиях Жаратқан Иеден бас тартқан кезден бастап дұшпандары оған қарсы астыртын сөз байласып жүрген еді. Содан патша Лахышқа қашып кетті. Бірақ олар артынан адам жіберіп, Амасияхты сол қалада өлтіртті. 28Оның мәйіті атқа артылып Иерусалимге әкелініп, ата-бабаларының жанына Дәуіттің шаһарындағы#25:28 Немесе: Яһуданың (басты) қаласындағы. қабірге қойылды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in