Шежірелер 2-ж. 18
18
Жосапаттың опасыз Ахабпен одақтасуы
1Осылай Яһуда патшасы Жосапат мол байлық пен зор атақ-даңқты иемденді. Алайда ол (соған қанағаттанбай, Солтүстік Исраилдің зұлым патшасы) Ахабпен одақтасып, құдандалы болды.#18:1 Жосапат өзінің ұлы Жорамға күнәға батқан Ахаб патшаның қызы Аталияны әйелдікке алып берді (21:6,13; 22:2-10). 2Біраз жыл өткен соң Жосапат сапарға шығып, Ахабтың астанасы Самарияға қонаққа барды. Ахаб Жосапат патшаның және оған еріп келген нөкерлерінің құрметіне көп қылып ұсақ және мүйізді ірі қара мал сойып, той жасады. Ахаб Жосапатты Ғилақад аймағындағы Рамот қаласына#18:2 (Еш 20:8; Пат3 4:13; 22:3) Сол кезде Рамот Арама патшасының қолында еді. бірігіп аттанып, шабуыл жасауға еліктірмек болды. 3Содан Ахаб Жосапатқа:
— Менімен бірге Ғилақадтағы Рамот қаласына аттанасыз ба? — деген сауал қойды. Жосапат Ахабқа:
— Өзім де, халқым да сіздің құзырыңыздамыз.#18:3 Яки: Мен сізбен біргемін, халқымды өз халқымыздай көріңіз. Сізбен бірге соғысқа аттанамыз, — деп жауап берді. 4Мұнан кейін ол: — Алдымен Жаратқан Иенің осыған айтатын сөзін біліп алсаңыз екен! — деп қосты.
5Сонда Ахаб патша пайғамбарларды: шамамен төрт жүз адамды жинап алып, оларға мына сұрақты қойды:
— Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуға аттануымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — Барлығы:
— Өрлеп аттаныңыз! Құдай оны патшамыздың қолына тапсырып отыр, — деді. 6Ал Жосапат:
— Бұл жерде Жаратқан Иенің де пайғамбары жоқ па екен? Сол арқылы Жаратқан Иенің еркін сұрап біліп алайық, — деп қоймады 7Ахаб патша:
— Елімізде Жаратқан Иенің еркін сұрап білуімізге болатын әлі де бір адам бар,#18:7 Пат3 18:4; 19:10; 20:42-43. Имелах ұлы Миқая. Бірақ оны жек көремін. Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады.#18:7 Яки: жағымсыз жайттардың келетінін ғана (Жаратқан Иенің атынан) алдын ала білдіреді. — деп жауап қайырды. Ал Жосапат былай деп өтінді:
— О, патша, солай дей көрмеңіз. (Оның да не айтарын тыңдап көрейікші.)
8Содан Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб бір нөкерін шақырып алып, оған: «Имелах ұлы Миқаяны тез алып кел!» — деп бұйырды.
9Осы сәтте Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб және Яһуда елінің патшасы Жосапат патшалық киімдерін киіп, Самария қаласының қақпасының жанындағы ашық алаңда#18:9 Яки: ашық қырманда (Пат2 24:16; Пат3 22:10). орналасқан екі тақта отырған еді. Әлгі пайғамбарлардың барлығы екеуінің алдында ерекше күйге түсіп, не болатыны туралы сәуегейлік айтып жатты.#18:9 Жаратқан Ие сәуегейлік жасауға қатаң тыйым салған (Леу 19:26; Заң 18:10-14). 10Хенаған ұлы Седекиях өзіне темірден екі мүйіз жасап алып:
— Жаратқан Ие мынаны айтады: Осы мүйіздер сияқты зор күшпен арамалықтарды сүзіп, біржола құртасың! — деп пайғамбарлық сөз айтқансыды. 11Басқа пайғамбарлардың барлығы да дәл солай:
— Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп барып, жеңіске жетіңіз! Жаратқан Ие оны патшаның қолына тапсырып отыр, — деп пайғамбарлық сөз айтқансып жатты.
Миқая пайғамбардың Ахабты соғыс ашудан сақтандыруы
12Миқаяны шақыруға барған нөкер оған былай деп бұйырды:
— Тыңда, пайғамбарлардың бәрі бірауыздан патшаға жағымды сөз айтуда. Сенің сөзің де солардікіндей болсын! Сен де жағымды жайтты болжамдарсың! — 13Бірақ Миқая:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Құдайым маған нені білдірсе, тек соны ғана айтып беремін! — деп ант етті.
14Миқая пайғамбар патшаның алдына келгенде, патша оған:
— Миқая, біздің Ғилақадтағы Рамот қаласы үшін шайқасуымыз қажет пе? Әлде содан бас тартайын ба? — деген сауал қойды. Миқая (сықақтап) былай деп жауап берді:
— Өрлеп аттаныңыз, жеңіске жетесіз! Жаратқан Ие қаланы қолыңызға түсіреді! — 15Ал Ахаб патша оған:
— Жаратқан Иенің атынан тек шындықты ғана айт деп саған қанша рет бұйыруға тиіспін? — деп ескертті. 16Сонда Миқая былай деді:
— Мен (бір бейнелі көріністе) бүкіл Исраилдің бағушысы жоқ қойлар сияқты қыраттарда бытырап жүргенін көрдім. Жаратқан Ие мынаны айтты: Бұлардың қожайыны жоқ екен. Дұрысы, барлығы да үйлеріне тыныштықпен қайтсын!
17Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб Жосапатқа: «Ол мен туралы әрдайым жақсы емес, тек жағымсыз пайғамбарлық сөздерді ғана айтады демеп пе едім?!»#18:17 18:7. — деп налыды.
18Ал Миқая сөзін жалғастырып былай деді:
— Сондықтан Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңыздар! Мен Өзінің тағында отырған Жаратқан Иенің аянын көрдім. Көктегілердің бүкіл тобы#18:18 Әйүп 1:6; 2:1; Иш 6:1-3; Дан 7:9-10. Оның оң және сол жақтарында тұрды. 19Сонда Жаратқан Ие: «Исраилдің патшасы Ахабты Ғилақадтағы Рамотқа өрлеп аттанып, сол жерде қаза табуға қайсың сендіресіңдер?» деген сауал қойды. Біреуі ананы, біреуі мынаны айтты. 20Ақыры бір рух ортаға шыға келді де, Жаратқан Иенің алдында тұра қалып: «Оны мен сендіремін» деп ұсынды. Жаратқан Ие одан: «Соны қалай істемексің?» деп сұрағанда, 21рух: «Мен сол жерге барып, Ахабтың барлық пайғамбарларының аузындағы өтірік хабар айтқызатын рух#18:21 Яки: жын (шайтан не оның бір көмекшісі) (Шеж1 21:1; Әйүп 1:6; Зәк 3:1). боламын!» деп жауап берді. Сонда Жаратқан Ие: «Сен оны сендіріп, табысты боласың. Бар да солай істе!» деп шешті. 22Ал енді, міне, қараңыз: Жаратқан Ие мына барлық пайғамбарларыңыздың ауыздарына өтірік хабар айтқызатын рухты салып қойған. Себебі Жаратқан Ие сіздің басыңызға пәле түсетінін алдын ала кесіп қойды!
23Сол сәтте Хенаған ұлы Седекиях Миқаяның қасына барып, оны бетінен шапалақпен тартып жіберіп:
— Жаратқан Иенің Рухы сен арқылы сөйлеу үшін менен қалай ғана шығып кетті екен, ә?! — деп сөкті. 24Миқая оған:
— Соны ішкі бөлмеге кіріп, тығылған күніңде білетін боласың! — деп жауап берді.
25Ал Ахаб патша былай деп әмір етті:
— Миқаяны ұстаңдар! Оны қала әкімі Амонға және патшазада Жоғасқа қайтарып алып барыңдар! 26Оларға былай деңдер: «Патшаның бұйрығы мынау: Осы адамды түрмеге жабыңдар! Мен аман-есен қайтып келгенше, оған біразырақ нан мен су ғана беріңдер!» — 27Сонда Миқая оны сақтандырып:
— Егер де шынымен аман-есен қайтып келсеңіз, онда Жаратқан Иенің мен арқылы сөйлемегені! Айтқандарыма құлақ түріңдер, уа, барлық халықтар! — деді.
Қыңырланған Ахабтың қаза табуы
28Сонда да Солтүстік Исраилдің патшасы Ахаб пен Яһуда елінің патшасы Жосапат әскерлерін ертіп Ғилақадтың таулы аймағындағы Рамот қаласына өрлеп аттанды. 29Ахаб Жосапатқа: «Мен шайқасқа патшалық киімдерімді кимей-ақ шығайын, ал сіз киіп шығыңызшы», — деп ұсынған еді. Содан Ахаб патша өзін ешкім танып қоймасын деп киімін өзгертіп, барлығы шайқасқа шықты.
30Арама патшасы өзінің соғыс күймелерін басқаратын басшыларына: «Не жасақшылардың біреуімен, не қайсыбір басшымен емес, тек Солтүстік Исраилдің патшасының өзімен ғана шайқасып, соның көзін құртыңдар!» — деп бұйырып қойған болатын. 31Сол себепті соғыс күймелерін жүргізетіндер (патшалық киімдерін киген) Жосапатты көргенде, «Бұл әрине Солтүстік Исраилдің патшасы!» — деп айқай салды. Содан олар оған қарай бұрылып, бас салды. Ал Жосапат (өз ұранын) айқайлап жіберді. Құдай Ие оған жар болып, бас салушыларды оның қасынан басқа жаққа бұрып алып кетті. 32Өйткені күйме жүргізушілер оның Солтүстік Исраилдің патшасы емес екенін аңғарып, одан кері қайтып, жібере салды.
33Ал бір жасақшы садағын кездейсоқ ата салғанда, жебесі Солтүстік Исраилдің патшасы Ахабқа дәл тиіп, оның сауытының қосылған жеріне#18:33 Яки: оның кіреукесі мен кеудесін жауып тұрған темір қалқанының арасына. қадалды. Сонда Ахаб өзінің соғыс күймесін жүргізушіге бұйырып: «Күймені бұр да, мені шайқастан алып шық! Жараланып қалдым», — деді.
34Күні бойы қатты ұрыс болып, Ахаб патша арамалықтарға қарама-қарсы өз күймесінің ішінде тік тұрғызылған қалпы кешке дейін қала берді. Қансыраған патша күн батқан кезде өлді.
Currently Selected:
Шежірелер 2-ж. 18: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.