YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 21

21
Дәуіттің Саулдан киелі үйге қашып кетіп, арнайы наннан дәм татуы
1Дәуіт Ноб қаласына, ондағы діни қызметкер Ахимәлікке барды. Бұл кісі Дәуітті қарсы алып:
— Қасыңда адамдарың жоқ, неге жалғыз жүрсің? — деп абыржи сұрады. 2Дәуіт одан:
— Патша маған ерекше жұмыс тапсырып, «Ешкім сені неге жұмсағанымды және қандай нұсқаулар бергенімді білмесін!» деді. Нөкерлерімді белгілі бір жерге жібердім. 3Ал енді, жүрек жалғайтын неңіз бар? Маған бес таба нан, я болмаса қолыңызда барыңызды беріңізші, — деп өтінді.
4— Қазір қолымда бары жай нан емес, Құдайға бағышталған нан#21:4 Мыс 25:30; Леу 24:5-9. ғана. Егер нөкерлерің жақында әйел затынан бойларын аулақ ұстаған болса, онда жей берулеріне болар еді, — деді діни қызметкер. Дәуіт:
5— Біз жолға шыққаннан бергі күндері әйел атаулыдан аулақ жүрдік.#21:5 Немесе: Жорыққа шыққанда әйел атаулыдан аулақ жүретін әдетіміз бар (Пат2 11:8-13). Нөкерлерім жай жолдарда таза жүреді, ал бүгін олар ерекше тазарған болатын, — деп жауап берді. 6Сонда діни қызметкер беретін басқа тамағы болмағандықтан, Жаратқан Иеге ұсынылған нан тартуларын Дәуітке берді. Бұл киелі шатырдағы арнайы үстелге қойылып, кейін жаңадан пісірілген нанмен ауыстырылған, тек діни қызметкерлерге ғана жеуге болатын нан еді.#21:6 Мыс 25:30; Леу 24:5-8.
7Сол күні Саулдың малшыларын басқаратын қызметкері де Жаратқан Иеге ғибадат ететін осы жерде тұрған еді. Доиқ есімді, Едом ұлтынан шыққан бұл кісі оқиғаның куәсі болды.
8Дәуіт Ахимәліктен:
— Сізден бір сүңгі не семсер табылмас па екен? Патшаның тапсырмасы өте жедел, сондықтан семсерімді, басқа да қаруымды алып жатуға уақытым болмады! — деп өтінді. 9Діни қызметкер:
— Өзің Емен аңғарында көзін құртқан філістір Ғолияттың семсері бар. Әне, діни қызметкердің жеңсіз сырт киімінің ар жағында, қабымен ораулы жатыр. Алам десең, соны ал. Одан басқа бұл жерде семсер жоқ, — деп жауап берді. Дәуіт:
— Оған тең келер семсер табылмас, маған соны-ақ бере қойыңыз, — деді.
Дәуіттің філістір қаласы Ғатты бас сауғалауы
10Сол күні Дәуіт Саулдан қашып, філістір еліндегі Ғат#21:10 5:8; 6:17; 17:4; Еш 11:22; 13:3. қаласының патшасы Анхұсқа#21:10 (27:2) Бұл есім Ахиш деп те айтылады. барды. 11Уәзірлері Анхұсқа:
— Мынау ана елдің патшасы Дәуіт емес пе? Олардың би билеп: «Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды, ал Дәуіттің жойғаны он мың болды» деп әндеткені#21:11 18:7. осы адам туралы емес пе еді? — деп шағым айтты.
12Осы сөздерді Дәуіт те естіп, Анхұс патша не істер екен деп қатты қорықты. 13Сондықтан олардың көз алдында есуас болғансып, қала қақпасының есіктерінің бетін шимайлап, сілекейін сақалына шұбыртып ағызып жүрді.
14Анхұс уәзірлеріне: «Қараңдаршы, бұл — есі ауысқан адам! Несіне маған алып келіп отырсыңдар? 15Жынды дегенің осы жерде аз ба еді? Оны есуастығын көрсету үшін алдыма алып келдіңдер ме? Мұндайды сарайыма неге кіргізесіңдер?!» — деп зекіп тастады.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in