YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 16

16
Құдайдың Дәуітті басшылыққа таңдап алуы
1Мұнан кейін Жаратқан Ие Самуилге:
— Сен Саул үшін қашанғы қайғыра бермексің? Мен оның Исраил патшасы болуынан бас тарттым. Бір құтыны#16:1 Яки: бір мүйізіңді. (Сол кезде малдың мүйіздері ойылып, ыдыс ретінде қолданылатын.) хош иісті майға толтырып алып, бетлехемдік Есейге бар. Оның ұлдарының ішінен біреуін патша етуге таңдап алдым, — деп бұйырды.
2— Қалай барсам екен? Саул естісе, мені өлтіреді ғой! — деп сұрады Самуил. Жаратқан Иенің жауабы мынау болды:
— Табыныңнан бір қашарды алып барып, «Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға келдім» дерсің. 3Құрбандық асқа Есейді шақыр. Не істеуің керек екенін саған білдіремін. Өзім айтқан адамға май жағу рәсімін жасайсың.
4Самуил Жаратқан Иенің бұйрығын орындап, Бетлехемге барды. Сонда қаланың ақсақалдары қатты абыржып, оның алдынан шығып:
— Тыныштық па? — деп амандасты. 5Ол:
— Тыныштық. Мен Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалу үшін келдім. Сендер Тәңір Иеге бағышталып, тазарыңдар!#16:5 Яки: тазару рәсімін орындап, дайындалыңдар (Мыс 19:10,14). Содан кейін менімен бірге құрбандық асына жүріңдер, — деп тапсырды. Самуил Есей мен оның ұлдарын да тазару рәсімінен өткізіп, құрбандыққа шақырды. 6Бұлар келгенде, Самуилдің көзі (Есейдің тұңғышы) Елияпқа түсіп, «Сірә, Жаратқан Ие тағайындайтын патша#16:6 Яки: Жаратқан Иенің патша болып, май жағу рәсімінен өтуге таңдап алған адамы (2:35; 12:3). осы шығар!» — деп ойлады. 7Бірақ Жаратқан Ие оған былай деді: «Сен оның бет-жүзіне, бойшаңдығына қарамай-ақ қой. Оны мақұл көрмеймін. Себебі Құдай пенденің көзімен қарамайды ғой.
Пенде назарын адамның бет-жүзіне аударады,
Ал Жаратқан Ие оның жүрегіне#16:7 Яки: оның жан дүниесіне (мінезіне). көз салады».
8Сонда Есей (екінші баласы) Әбінадапты шақырып, Самуилдің алдына алып келді. Бірақ Самуил: «Мұны да Жаратқан Ие таңдаған жоқ», — деді. 9Есей Шаммахты алға шығарғанда, Самуил: «Жаратқан Ие мұны да таңдап алған жоқ», — деп қайталады. 10Осылай Есей өзінің жеті ұлын да Самуилдің алдынан өткізді. Бірақ ол: «Жаратқан Ие бұлардың ешқайсысын таңдаған жоқ», — дей берді. 11Ақырында Самуил Есейден:
— Барлық ұлдарың осылар ма? — деп сұрады.
— Тағы бір кенже ұлым бар. Ол қой-ешкі бағып жүр.
— Кісі жіберіп, оны алдыртшы! Сол келмейінше құрбандық асына отырмаймыз, — деп тапсырды Самуил.
12Есей кісі жіберіп, ұлын алдыртты. Ол беті албырап, көздері жайнап тұрған, келбетті жігіт екен. Жаратқан Ие Самуилге: «Тұр, бұл — сол. Оған май жағу рәсімін жаса!» — деп бұйырды. 13Самуил алып келген құтысын#16:13 Яки: мүйізін (16:1). қолға алып, Дәуітке ағаларының көзінше май жағу рәсімін орындады. Сол күннен бастап Жаратқан Иенің Рухы Дәуітке қонды. Мұнан кейін Самуил Рамаққа қайтып кетті.
Дәуіттің сарайдағы қызметке кірісуі
14Ал Жаратқан Иенің Рухы Саулды тастап кеткен еді. Содан бастап Тәңір Ие жіберген бір қинайтын рух#16:14 Яки: Жаратқан Ие жол берген бір жын (16:16,23; Әйүп 2:6; Пат3 22:23; Шеж2 18:22; Тім1 1:20). Саулдың үрейін ұшырып қорқытатын болды. 15Қызметкерлері Саулға:
— Қараңыз, сізді Құдай жіберген бір қинайтын рух қорқытып жүр. 16Ендеше, тақсыр иеміз, алдыңыздағы қызметкерлеріңізге домбыраны#16:16 Яки: ішекті аспапты. шебер тартатын біреуді тауып алып келуге әмір ете көріңіз. Қинайтын рух сізге қонған кезде әлгі адам домбыра тартсын. Сонда өзіңізді жақсы сезінер едіңіз, — деген ұсыныс жасады. 17Саул оларға:
— Мақұл, жақсы күй ойнайтын адамды іздеп, тауып, маған алып келіңдер! — деп бұйырды. 18Жас қызметкерлердің бірі:
— Мен бетлехемдік Есейдің жақсы күй тартатын бір ұлын көргенмін. Ол — мықты да батыл жігіт; ойлап сөйлейді, сырт көрінісі де келісті. Жаратқан Ие де оған жар болып келеді, — деді.
19Саул Есейге хабаршыларын жұмсап: «Маған қой бағып жүрген ұлың Дәуітті жібер!» — деген сәлем жолдады. 20Есей бір есекке нан мен бір торсық шарап және бір лақты артып, Дәуіттен Саулға беріп жіберді. 21Осылайша Дәуіт Саулға барып, қызметіне кірісті. Патша оны ұнатып, қару тасушыларының бірі етіп қойды. 22Есейге ол: «Дәуіт маған ұнады. Қасымда қалып, қызмет етсін», — деп хабаршысын жұмсады. 23Саулға Құдай жол берген қинайтын рух қонған сайын Дәуіт домбырасын алып, тартатын. Сонда Саул тәуір болып, қинайтын рух та оны тастап кететін.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in