YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 3-ж. 17

17
Ілияс пайғамбардың қуаңшылық жайлы ескертуі
1Бірде Ғилақад аймағындағы Тішбенің тұрғыны Ілияс Ахаб патшаға барып, былай деп мәлімдеді: «Өзім қызмет ететін мәңгі тірі Жаратқан Ие — Исраилдің Құдайының алдында шын айтамын: келесі бірнеше жыл бойы мен «Жаңбыр жаусын!» деп айтпайынша, елде не жаңбыр да жаумайтын, не шық та түспейтін болады!»
2Содан соң Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: 3«Бұл жерден шығысқа қарай, Иордан өзенінің арғы жағындағы Хорат#17:3 Осы сайдың аты Керит деп те жазылады. сайының маңына барып жасырын. 4Мен құзғын-қарғаларға сені тамақтандыруды бұйырдым, ал суыңды сайдан ішерсің».
5Ілияс Жаратқан Иенің айтқан сөзіне сәйкес Иордан өзенінің шығысындағы Хорат сайының маңына барып, сонда тұрып жатты. 6Ол сайдың суын ішіп, таңертең және кеште қарғалар оған нан мен ет әкеліп отырды.
Пайғамбардың сарепталық жесірді аштықтан құтқаруы
7Бірақ елде ешқандай жаңбыр жаумағандықтан, біраз уақыттан кейін сайдағы су тартылып, құрғап қалды. 8Сонда Жаратқан Ие Ілиясқа сөзін арнап былай деді: 9«Енді Сидонның#17:9 Сидон: Ахабтың азғын әйелі Езабелдің туған қаласы (16:31; 18:13,19; 19:2). маңындағы Сарептаға барып, сонда тұр. Сол жердегі бір жесір әйелге сені тамақтандыруды тапсырып отырмын».
10Ілияс Сарепта қаласына жол жүріп, қаланың қақпасына жете бергенде, сол жерде отын жинап жүрген бір жесір әйел көзіне түсті. Ол сол әйелге тіл қатып:
— Маған ішуге құмырамен біразырақ су алып келіңізші, — деп сұрады. 11Әйел су алуға кетіп бара жатқанда, Ілияс одан дауыстап:
— Маған жейтін нан да ала келсеңіз екен, — деп өтінді. 12Сонда әйел:
— Мәңгі тірі Құдайыңыз Жаратқан Ие алдында шын айтамын: менде бір күлше нан да жоқ. Үйде кеспегімнің түбінде тек бір уыс ұн мен құмырамның түбінде біразырақ май ғана қалды. Содан ұлым екеуімізге нан пісіру үшін отын жинауға осы жерге келген едім. Соны жеп болған соң бізге өлу ғана қалды, — деп жауап берді. 13Ілияс оған былай деді:
— Уайымдамаңыз! Барып, айтқаныңыздай істеңіз! Бірақ ең алдымен өзіңіздегі бардан маған кішкентай күлше нан пісіріп алып келіңіз, содан кейін ұлыңыз екеуіңізге нан пісірерсіз. 14Себебі Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Жаратқан Ие жерге қайтадан жаңбыр жаудырып, өнім шығарған күнге дейін кеспектегі ұның мен құмырадағы майың еш таусылмайды!
15Жесір әйел үйіне кетіп, Ілиястың айтқанындай істеді. Осылайша ол да, әйел де, оның ұлы да тамақтанып жүрді. 16Жаратқан Ие Ілияс арқылы уәде еткендей, кеспектегі ұн мен құмырадағы май таусылмады.
Пайғамбардың жесірдің өлген ұлын қайта тірілтуі
17Осы оқиғалардан кейін үй иесі жесір әйелдің ұлы табан астынан ауырып қалды. Оның халі нашарлай беріп, ақыры демі бітіп қайтыс болды. 18Сонда әйел Ілиясқа тіл қатып былай деді:
— Уа, Құдайдың жіберген адамы,#17:18 Яки: Құдайдың пайғамбары (12:22; 13:1; 17:24). менде неңіз кетіп еді? Жасаған күнәларымды әшкерелеп, жалғыз ұлымды өлтіруге келіп пе едіңіз? — 19Ілияс оған:
— Маған ұлыңызды алып келіңізші! — деп жауап берді. Содан ол шешесінің қолынан баласының мәйітін алып, өзі тұрып жатқан жоғарғы бөлмеге апарып, төсегіне жатқызды. 20Пайғамбар Жаратқан Иеге дауыстап мінажат етіп былай деді: «Уа, Құдайым Жаратқан Ие! Маған пана берген мына әйелдің басына Сен тіпті қайғы түсіріп, баласынан айырып отырсың ғой! — 21Содан соң ол өлі баланың үстіне үш рет созылып жатып: — Уа, Құдайым Жаратқан Ие, мына баланы қайта тірілте гөр!» — деп сиынды.
22Жаратқан Ие Ілиястың мінажатына құлақ асты. Балаға жан бітіп, ол қайтадан тірілді. 23Ілияс баланы ұстап көтеріп алып, жоғарғы бөлмеден түсіп, үйдің ішіне алып келді. Оны шешесіне табыстап тұрып:
— Міне, ұлыңыз тірі! — деді. 24Сонда әйел Ілияс пайғамбарға:
— Сіздің расында Құдайдың жіберген адамы екеніңізге, әрі шынымен аузыңыздан Жаратқан Иенің сөздерінің шыққанына енді көзім жетіп отыр! — деді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in